"Тұрғындар қаңтар оқиғаларын ұмытқан жоқ": Сарапшылар алматылықтардың не себепті референдумда белсенділік танытпағанын айтты
Елімізде 5 маусымда өткен референдумға қатысушылардың үлесі бойынша Алматы қаласы көш соңында қалды. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, дауыс беруге құқылы қала тұрғындарының тек 33%-ы өз таңдауын жасаған. Бұған не әсер етуі мүмкін екенін Stan.kz тілшісі саясаттанушылардың сұрап білді.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, Алматыда дауыс берушілердің аз болуына бірнеше фактор әсер еткен. Халыққа өзгерістерді талқылау үшін аз уақыттың берілуі – солардың бірі, дейді сарапшы.
"Азаматтар өзгерістерді талқылау үшін уақыттың жеткіліксіз болғанын айтып жатыр. Екінші себеп – тұрғындар референдумнан кейін қандай да бір өзгерістің болатынына сенбейді. Бұған қоса Алматыда халық саны көп болғанымен, қазір жаз екенін ұмытпайық. Көпшілігі қалада болған жоқ, демалысқа басқа жаққа кетуі мүмкін", – деп қосты Ғазиз Әбішев.
Оның сөзінше, алматылықтардың референдумдағы белсенділігі аз болғанымен тұрғындар қала басшысын сайлауға дайын.
"Алайда бұл тұрғындардың егер мүмкіндік берілсе, Алматы әкімін сайлауға дайын емес дегенді білдірмейді. Меніңше, халық қала басшысын өзі таңдауға дайын. Себебі мегаполис тұрғындарының 40-50%-ы өзгерістерді қалайтын, белсенді азаматтар. Тіпті АҚШ, Ұлыбритания сынды демократиялы, дамыған елдерде тұрғындардың жартысы саясат туралы көп мәлімет білмейді. Тек белсенділер ғана өз ойын айтып, талаптарын жеткізеді. Қалған бөлігі саясат жайлы танымын кеңейтуге тырыспайды", – деп аяқтады Ғазиз Әбішев.
Саясаттанушы Оразғали Селтеев алматылықтардың референдумда белсенді болмауына қаңтар оқиғасы да әсер етуі мүмкін.
“Қаңтарда не болғанын білеміз, халық бұл жағдайдан әлі арыла қоймады. Сонымен қатар азаматтар кез келген жақсы жаңалыққа сыни көзқараспен қарайды. Ал Конституцияға енгізілгелі отырған шынайы өзгерістер саяси алаң қайта “тіріле” бастағанда ғана жүзеге асады. Сондықтан ірі мегаполисте аз адамдың дауыс беруі – қалыпты жағдай”, – дейді Оразғали Селтеев.
Сарапшы қазір аймақтар мен қала әкімін таңдау құқығын халыққа берудің еш керегі жоқ екенін айтып өтті. Сөзінше, әзірге мұндай шешімді президенттің өзі қабылдауы керек.
“Алматы халқының әкімді сайлау туралы талабы қаңтар айынан бастап күшейе түсті. Бірақ қазіргі ішкі саяси ахуалды, соңғы жылдары орын алған жағдайларды ескере отырып, макроаймақтардың әкімін халық сайламауы керек деп есептеймін. Өйткені әкімдер мемлекет ұстанған саясатты өз аймақтарында жүзеге асырады. Билікті орталықтандыру кезінде мұның бізге қажеті жоқ. Қаңтар оқиғасы кезінде әкімдерге ештеңе байланысты емес екенін көрдік. Алдағы уақытта, әрине, қала басшысын тұрғындардың өздері сайлайтын болады, біз қазір осы бағытта келе жатырмыз. Алайда дәл қазір мұның бізге қажеті шамалы”, – деді сарапшы.
Саясаттанушы Дос Көшім алматылықтардың бұған дейінгі сайлауларда белсенді емес екенін алға тартады. Сөзінше, қала тұрғындарының арасында сайлау жүйесіне деген сенімсіздік басым болғандықтан осы жолғы референдум қорытындылары бойынша Алматы көш соңында.
"Алматылықтардың референдумға келмеуі олардың сайлау жүйесіне деген сенімсіздікті көрсетеді. Елімізде сайлау жүйесі дұрыс болса, азаматтар әкімді сайлауға дайын ба, дайын емес пе деген сауал еш уақытта күн тәртібіне қойылмайды. Тұрғындардың шешім қабылдауына қандай да бір дайындық керек емес. Келесі мәселе, халыққа әкімді сайлау құқығын беруде болып отыр. Егер осындай құқық берілсе, халықтың деңгейіне қарай әкім сайланады", – деді Дос Көшім.