Ақтөбе облысы 350 миллиард теңгеден астам инвестиция тартуда: Бес ірі жоба мақұлданды
Ақтөбе облысында инвестициялық штабтың үшінші отырысында өнеркәсіпті дамытуға, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған бес жоба қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өңірлік инвестициялық штабтың отырысы облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өтті. Кездесу барысында Мемлекет басшысының өңірлерге инвестиция тарту, экономикалық өсуді жеделдету және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы талқыланды.
Айта кету керек, 2025 жылдың басынан бері инвестиция көлемінің өсімі 210,3 млрд теңгені құрап, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,1%-ға артты. 2029 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасына сәйкес, Ақтөбе облысының алдына негізгі капиталға 1 594,7 млрд теңге инвестиция тарту міндеті қойылған.
Осыған орай отырыста қойылған міндеттерді жүзеге асыруға сеп болатын нақты жобаларға ерекше назар аударылды. Штаб аясында жалпы инвестиция көлемі 350 млрд теңгеден асатын және 1 700-ден астам жұмыс орнын құруды көздейтін бес инвестициялық жоба қаралды.
Олардың қатарында "Capital Plast KZ" ЖШС-нің гофроөнімдер мен стрейч-пленка өндірісін іске қосу, әрі қарай макулатурадан қағаз бен картон шығаратын зауыт салу жобасы бар. Бұл жобаның арқасында қайталама шикізатты өңдеудің тұйық циклі қалыптасады. Жалпы құны шамамен 2 млрд теңге, 400 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, "Qazaq LNG" ЖШС-нің Канаданың Condor Energies Inc. компаниясымен бірлесіп, Алға ауданында сұйытылған табиғи газ өндіретін зауыт салу жобасы ұсынылды.
Ірі жобалардың бірі – "Ақтөбе мыс компаниясы" ЖШС-нің "Лиманное" кен орнында тау-кен кәсіпорнын салу жобасы. Жалпы инвестиция көлемі 257,9 млрд теңге. Бірінші кезеңі аяқталып, жылына 1,2 млн тонна кен өндіретін ашық өндіріс іске қосылмақ.
Тағы бір жоба – "Сарыарқа кен өндіру компаниясы" ЖШС-нің "Бөгеткөл" кен орнында никель кенін өңдейтін гидрометаллургиялық зауыт ашу жобасы. Инвестиция көлемі – 92 млрд теңге, 1 300 жұмыс орны құрылмақ.
Сонымен қатар, "Ақтөбе Хюмик" ЖШС Сарысай ауылында қоңыр көмірден органикалық тыңайтқыш өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Инвестиция көлемі – 850 млн теңге, 50 жұмыс орны ашылады.
Облыс әкімі инвесторлардың баяндамаларын тыңдап, жобалардың жүзеге асуына кедергі келтіретін инфрақұрылымдық және әкімшілік мәселелерді уақытылы шешудің маңыздылығын атап өтті. Әрбір инвестициялық жобаның өңір экономикасына қосатын үлесі, жаңа жұмыс орындарының ашылуы және халықтың өмір сүру сапасын арттыруда маңызы зор екенін жеткізді.
Инвестициялық штаб отырысының қорытындысы бойынша облыс әкімі жобаларды қажетті инженерлік желілерге жедел қосу, рұқсат құжаттарын беру және жер телімдерін ұсыну рәсімдерін жеделдету, проблемалық жобаларды жеке бақылауға алып, олардың іске асырылуын қадағалауды тапсырды.
"Әрбір инвестициялық жоба – бұл жай ғана сан емес, бұл – жаңа жұмыс орындары, салықтар, азаматтарымыздың әл-ауқатының өсуі. Біз инвесторлар үшін барлық жағдайды жасауымыз керек: жер бөлуден бастап инфрақұрылымға қосуға дейін. Жауапты органдардың міндеті – кедергі келтіру емес, көмектесу, қолдау көрсету және мәселелерді жедел шешу. Инвестор жобаны жүзеге асырудың әр кезеңінде қолдауды сезінуі тиіс", – деп атап өтті облыс әкімі.