Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

71,12 пайызы қолдаған: АЭС салу бойынша референдумның алдын ала нәтижелері жарияланды

Орталық сайлау комиссиясы атом электр станциясын салу жөніндегі референдумда дауыс берудің алдын ала нәтижелерін жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: izvestiy-kamen.ru

7 қазан таңғы сағат 8.00-де еліміздің барлық облыстары мен шетелдердегі 10 мың 323 сайлау учаскесінде дауыстар саналды.

Дауыс беруге құқығы бар 12 миллион 284 мың 487 адамның 7 миллион 820 мың 204-і немесе 63,66 пайызы дауыс берді.

Дауыс беруге қатысқандардың 71,12 пайызы немесе 5 миллион 561 мың 937 адам АЭС салуды қолдап дауыс берді. Ал 2 миллион 045  мың 271 адам қарсы дауыс берді. 82 мың 722 бюллетень екі нұсқаны да таңдады.

Фото: ҚР ОСК

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, атом электр станциясын салу идеясын ең көп жақтаушылар келесі үш бағытта болды:

  • Қостанай облысы – 82,18 пайыз;
  • Ұлытау облысы – 80,12 пайыз;
  • Қызылорда облысы – 78,34 пайыз.

Осы аймақтардағы ең төмен дауыс беру нәтижелері:

  • Алматы қаласы – 39,24 пайыз;
  • Батыс Қазақстан облысы – 34,2 пайыз;
  • Астана – 32,22 пайыз.

Еске салайық, АЭС бойынша референдум 6 қазан, жексенбі күні сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін өткен еді. 7 қазанға қараған түні АЭС салу бойынша референдумның 3 exit poll нәтижесі жарияланды. 

Айта кетейік, 6 қазанда елімізде АЭС салу бойынша референдум өтті. Алғашқылардың бірі болып премьер-министр дауыс берді. Кейіннен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс берді. Сосын еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев келіп дауыс беріп, қазақ халқына бақыт тіледі. 

Орталық референдум комиссиясы әрбір екі сағат сайын дауыс берушілердің қатысуы туралы облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың аумақтық комиссияларының дерегін беріп отырды.

Республика бойынша учаскелерде дауыс беру сағат 20:00-де аяқталды.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес тізімге енгізілген азаматтардың 63,87%-ы бюллетень алды. Яғни дауыс беруі керек болған 12 244 683 адамның 7 820 918-і дауыс берді.

Талқылау