Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Абысын арасындағы дау-жанжал бала тәрбиесіне де әсер етеді

Әрбір ата-ана өз перзентінің әдепті, саналы, иманды да ибалы, еңбекқор әрі кішіпейіл азамат болып өскенін қалайды. Алайда «бір биеден ала да, құла да туады» демекші, кейде бір отбасында өскен балалардың мінез-құлықтарының айырмашылығы болатыны белгілі.

Abisin

Ал бұған не себеп? Жалпы, бала тәрбиесінде нені ескерген жөн? Өз-өзіне сенімді бала тәрбиелеудің қандай да бір құпиясы бар ма? Бұл сұрақтардың жауабын Шымкент қаласындағы №8 «Ботакөз» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі, тәжірибелі педагог Ұлту Найзабаева айтып берсін, деп жазады Замана.

– Ұлту ханым, жалпы, біздің ата-бабаларымыз бала тәрбиесіне ежелден-ақ ерекше көңіл бөліп, «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген тағылымды сөз айтып кеткен. Алайда қазіргі заман талабы дейміз бе, күнкөрістің қамы дейміз бе, ата-аналар бала тәрбиесін бақшадағы тәрбиешілерге сеніп тапсырып, таңнан кешке дейін жұмыс істеуге мәжбүр. Осы қаншалықты дұрыс?

–  Ол рас. Өкінішке қарай, қазір ата-аналардың балаға көңіл бөлуіне уақыт жоқ болып кетті. Бірақ солай екен деп, оларды бетімен жіберуге болмайды, әрда­йым назарда ұстау керек. Себебі бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы – туған ұясы, өз отының басындағы тәрбиесі, тілі. Қазақтың: «Баланың бас ұстазы – ата-ана», «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегені де текке айтылмаған. Дұрыс, балабақша да баланы тәрбиелейді, білім береді, жан жылуын аямайды, бірақ ата-ананың аялы алақанын, ананың мейірімін алмастыра алмайды. Сол себепті біз әрдайым ата-аналарға балаларына ерекше көңіл бөлулерін, тәрбиесіне бей-жай қарамауын айтып, өтініп отырамыз. Негізінде, жұмыс­тан келгесін балаға кемінде екі сағаттай уақыт бөліп, онымен дос ретінде сөйлескен жөн. Оған дауыс көтеріп сөйлемеңіз, барлық нәрсені жай сөзбен жеткізуге тырысыңыз. Себебі бала көңілі – періштедей пәк, қардай аппақ, таза, кіршіксіз. Яғни, әлі ештеңе жазылмаған ақ парақ сияқты. Ол параққа қандай сурет салынатыны, санасына қандай тәрбие сіңетіні ата-анаға байланыс­ты. Сондықтан баланың көзінше ол әлі ештеңе түсінбейді деп ойлап, не болса соны айта бермеу керек.

– Сөзіңіз аузыңызда, кейде ата-аналар балалардың көзінше ұрысып, сөз таластырып жатады. Тіпті ашумен ауыр-ауыр сөздер айтуы да мүмкін. Мұның да кері әсері болады ма?

– Сөзсіз әсер етеді. Қай жылы екені есімде жоқ, бір бала болды, біздің топта. Жайнап-жадырап жүретін, сөзшең бала еді, бір күні аяқ астынан томаға-тұйық болып шыға келді. Тамақ та жемейді, өзге балалармен ойнап-күлмейді. Ауырып қалды ма десем, олай емес. Содан бір күні әлгі баланы сөзге тартып, өзін не мазалап жүргенін сұрап едім, ағынан жарылды. Бар гәп ата-анасының арасындағы дау-жанжалға байланысты екен. Күні бойы әке-шешесін сағынған бала үйде екеуімен ойнап-күлейін десе әлгілердің оған мүлдем уақыты жоқ. Өзара қырқысып, бейәдеп сөздер айтып, бір-бірінен ала алмаған ашуды баладан алуға әбден төселіп алған екен. Ал ол бала психикасына әсер етіп, оның тұйықтала бастауына себеп болған. Әр отбасында, әсіресе әке-шешесі өтірік айтпай, өзара жақсы қарым-қатынаста болса, онда бала да сондай тәрбиеде өседі. Ал күнде дау-дамайдан көз ашпайтын отбасының балалары да мұны қалыпты жағдай деп қабылдауы ғажап емес. Балаға бірдеңені уәде еттіңіз бе, орындаңыз, әйтпесе сенімнен шығуыңыз мүмкін. Жалпы, баланы 5 жасқа дейін патшаңдай сыйла, яғни айтқанын істе, еркелет, қалауын әпер, ал 5 жастан 15-ке дейін құлша жұмса, еңбекке баулы, ал 15-тен асқасын досыңдай сырлас, ақылдас, оған өз бетінше шешім қабылдауды үйрет деген қағиданы өз басым құптаймын. Осыны ұстанса, біздің болашағымыз жарқын болады деп ойлаймын.

– Өзіңіз де ұл-қыз, немере тәрбиелеп отырсыз. Жалпы, баланы ата-әженің тәрбиесіне беру туралы мәселеге қалай қарайсыз?

– Ата мен әженің тәрбиесі ерекше, оның орнын ештеңе баса алмайды. Алайда қазіргі қоғамның тәртібіне сәйкес, өкінішке қарай немере бағатын жасқа жеткен ата-әжелеріміз жұмыс істеуге мәжбүр болып жүр. Яғни зейнет жасының ұзаруы да бала тәрбиесіне әсер етпей қойған жоқ. Дегенмен демалыс күндері ата-аналар балаларын ата-әжесіне жіберіп тұрғаны дұрыс. Ал әжелер неме­релеріне кітап оқып, қызықты ертегілер айтып берсе, бірге саябаққа, театрға, циркке қыдырса, нұр үстіне нұр болар еді.

– Басылымымыз отбасы, әсіресе абысын-ажын тақырыбында болғандықтан, сізге бұл сұрақты қоймау дұрыс болмас… Жалпы, абысындардың арасы, қарым-қатынасы қандай болуы керек?

–  Мен 1981 жылы Қазығұрт ауданына қарасты Шарапхана ауылына келін болып түстім. Бір үйде енем, абысыным, үшеуміз алты жыл тату-тәтті тұрдық. Енем де, абысыным да түсінігі мол жандар болып шықты. Соған қуанамын. Біздің әулетте: «Сенің тірлігің, менің міндетім», «Мынау сенің балаң, менің балам» деген әңгіме болған емес. Соның арқасында шығар, әлі күнге дейін абысыныммен «сіз-бізіміз» жақсы, сыйластығымызға сызат түскен емес.

– Жалпы, абысын-ажынның арасындағы дау-жанжал неден шығады?

– Түкке тұрғысыз үй шаруасынан. Яғни «Мұны неге мен істеуім керек?», «Жасы кіші ғой, зыр жүгіріп тірлік істесін!» деген пасық ойдан қырғи-қабақ болады. Тіпті таяуда бір танысымнан: «Екі келінімнің арасын жақсартамын деп «маймыл» болып шаршадым. Біреуіне халат әперсем, екіншісі екі күн төсегінен тұрмай жатып алады. Бірі төркініне барса, екіншісі де дәл сол күні төркініме қыдырамын деп қиғылық салады», – деп мұңын айтты. Шынында да қазір осындай ұсақ-түйек нәрселер отбасының татулығына нұқсан келтіруде. Ал мұны түзету тағы да бала тәрбиесіне келіп саяды. Яғни қыз тәрбиелеп отырған ата-ана әркез: «Бар­ған жеріңнің қызметіне адал бол. Сол әулеттің айтқанына бағынасың, ата-енеңді сыйла, олармен жақсы қарым қатынаста бол», – деп құлағына құйып отыруы тиіс.

Жіберіп алмаңыз:

Қазақ әйелінің күйеуімен ажырасуына абысыны себепші болған

“Генерал келін” енесін жаңа түскен абысынынан қызғанып жүр

Қайынағасының үйіне қонаққа барған келіншек абысынының қалай жақтырмағанын айтып берді

Талқылау