Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

1 мамыр мерекесі туралы қызықты мәліметтер

1 мамыр мерекесі Кеңес Одағында ең танымал және ең сүйікті мейрамдардың бірі болды. Бірақ, ел халқының тек бестен бір бөлігінен басқасы Халықаралық ынтымақтастық күнінің  неліктен 1 мамырда атап өтілетінін білмейді. Соған орай Stan.kz назарларыңызға 1 мамыр бірлік күні туралы ересектер мен балалар үшін қажетті пайдалы әрі қызықты мәліметтер ұсынады.

1 мамыр мерекесі туралы қызықты мәліметтер

Сонымен көктемнің соңғы айының алғашқы күнін атап өту дәстүрі қайдан келді. Егер тарихқа бет бұрсақ, мамыр күнін большевиктер ойлап тапқан жоқ. Тіпті, Американың Чикаго қаласында митингте шыққан жұмыскерлерден басталған жоқ. Бұл мерекенің тамыры тереңде жатыр.

  1. Ежелгі римдіктер үшін 1 мамыр Майя құдайдың құрметіне салтанатты түрде құрбандық шалатын мереке болды. Ежелгі итальян мифологиясы бойынша Майя көктем құдайы, жемістіліктің қамқоршысы. Күнтізбедегі мамыр айы да Майяның құрметіне аталған. Майя Вулкан құдайдың әйелі және Меркурий құдайдың анасы деп саналады.
  2. Еуропада ерте орта ғасырлар дәуірінде, мамыр түні бүкіл елден сыпырғыштарына отырып алып, ешкімнің қолы жетпейтін «Тақыр» тауына ұшып келіп, пері ойнақ ұйымдастырған мыстандардың мерекесі деген халықтық наным қалыптасты. Бұл сенім, бәлкім, 7-8 ғасырларда христиан діні әлі де басым болмаған кезде қалыптасқан.
  3. Германияда және Скандинавияда 30 сәуірден 1 мамырға қараған түні әулие Вальпургийдің құрметіне Вальпургиева түні деп аталатын құнарлы және гүлденген көктемге арналған көне пұтқа табынушылық мерекесі ретінде атап өтілді.  Пұтқа табынушылар көктемді ән мен бимен қарсы алу үшін ешкім көрмейтін, білмейтін жерлерге жиналып, мерекені жасырын түрде атап өтті. Ай далада жағылған алаулар мен билер халық арасында көктем түнінде көңіл көтеру үшін жиналатын перілер туралы аңыздардың таралуына ықпал етті. Уақыт өте келе, пұтқа табынушылық мереке 30-шы мамырдан 1 мамырға қараған Вальпургиева түнінде бостандық алған зұлым күштерді жеңген салтанатты мерекеге айналды. Айтпақшы, көктемгі Вальпургиева түні мен күзгі Хэллоуин мерекесі арасында айқын параллель келтіруге болады.
  4. Сонымен қатар, ортағасырлық Еуропада әкімшілік жылдың соңы дәл 30 сәуірге түсетін. Осы күні сауық-сайран барынша салтанатты өтті. Шаруалар жыл сайынғы қауымдастықты жинап, жаңа қауым басшысын таңдады және малдарды жайылымға шығарды. Бұл дәстүрді аспанға оқ атып, қоңыраулатып, шуылдап өткізді.
  5. 18 ғасырдың басында І Петр немістерге қарап 1 мамырды дәстүрлі түрде мерекелете бастады. Бұл күні императордың жарлығымен халықтық ойын-сауық ұйымдастыру қажет болды. Содан 1 мамыр мерекесі бүкіл елге таралып, қоғамның әртүрлі топтарына енді.
  6. Ал қазіргі біздің заманда атап өтілетін мереке 1886 жылы 1 мамырда Американың Чикаго қаласында басталды. Сол күні мыңдаған жергілікті жұмысшы 8 сағаттық жұмыс күні туралы заң енгізуді талап ете отырып, ереуілге шықты. Бұл митинг бірнеше күн жалғасты және полициямен қақтығыстарда көптеген жұмысшылар қаза болды. Сонымен қатар, әртүрлі дереккөздерде құрбан болғандардың саны 4-тен 50-ге дейін жетті деген мәліметтер бар. Сонда 1889 жылдың шілде айында Екінші Халықаралық Конгресс, осы қасиетті күнді Чикагодағы америкалық қызметкерлердің капиталистік және эксплуататорларға қарсы ерлік күресін еске алу үшін, жыл сайын «бүкіл дүниежүзілік пролетариат» мерекесін атап өту туралы тағдыршешті шешім қабылдады. Бір қызығы, осы мейрамның тарихи отаны болған Америкада пролетарлық мамыр күні қалыпты жұмыс күні ретінде саналады.
  7. Бұрынғы Кеңес Одағы жұмысшыларының халықаралық ынтымақтастық күні болған 1 мамыр көптеген жылдар бойы «саяси бояуға» ие болды. Және бұл мереке халық шаруашылығында, ғылым мен мәдениеттің нақты саласында жетістікке жеткен саяси қайраткерлердің, өндіріс озаттарының портреттерімен, ұрандар, шақырулармен безендіріліп, айтарлықтай ауқымды тойланды.
  8. Жұмысшылардың халықаралық ынтымақтастық күні алғаш рет 1890 жылы Австрия- Венгрияда, Бельгияда, Германияда, Данияда, Испанияда, Италияда, АҚШ-та, Норвегияда, Францияда, Швецияда және басқа да елдерде атап өтілді.
  9. Коммунистер 1 мамыр мерекесін бірінші рет 1890 жылы Варшавада атап өтті. Халық Кеңес дәуірінде іс жүзінде мемлекеттік мерекеге айналған 1 мамырды бүкіл әлем жұмысшыларының ынтымақтастығы үшін емес, мамыр мерекелері мен Жеңіс күні тамаша еңбек дәстүрлерін және өткен соғысты еске түсіріп, бақшаларды аударып картоп, сәбіз, пияз өсіруге мүмкіндік беретіндігі үшін жақсы көрді.
  10. 1 мамыр КСРО кезінде ауқымды және кереметтей атап өтілді. Сол кезде халық «Бейтітшілік, еңбек, мамыр» деген ұран жазылған плакаттар мен гофрленген картоннан жасалған үлкен қалампырларды қолдарына ұстап, салтанатты түрде көшеге шыққан. Сондай-ақ, кейбір балаларға және парадқа қатысатындарға КСРО құрамына кіретін елдердің ұлттық киімдері  тігілді. Ал үлкендер пальтосының жағасы мен плащтың түймесіне қызыл бантиктер тағып жүрсе, қыздар шаштарын қызыл лентамен өріп, қолдарында жалаушалар мен гүлшоқтарын ұстап жүрді.
  11. Кеңес одағы республикалары үшін 70 жылдан астам уақыт бойы мамыр мейрамының «Бейбітшілік, еңбек, мамыр!» ұраны жұмысшылардың халықаралық ынтымақтастық күні болып қалды. Ал кейіннен Кеңес Одағы тарап, әрқайсысы өз алдына мемлекет болып құрылғаннан кейін, тәуелсіз мемлекеттердің кейбіреулері мерекеге біршама өзгеше мән беріп, өз  халықтарының әдет-ғұрыптарын сақтай отырып бұл күнді демалыс күні ретінде қалдырды.
  12. Бүгінгі күні Халықаралық 1 мамыр мерекесі әлемнің 66 елінде өздерінің дәстүрлеріне сай атап өтіледі. Киевте осы күні коммунистер алаңға шығады, ал халық орманға демалуға барып, кәуәп дайындайды.
  13. Оңтүстік Африкада бұл мереке үкіметтің қамқорлығымен өтеді.  Кәсіподақтар халықтық өнер бұйымдарының көрмесін ұйымдастырады және сол күні көпшілік қолданатын тауарлар арзан бағамен сатылады. Сондай-ақ, әуесқой және кәсіби музыкалық топтардың қойылымдары көрсетіледі.
  14. Сицилияда кішісінен бастап, үлкендеріне дейін 1 мамыр күнінде жергілікті діни нанымдарға сай бақыт әкеледі деп есептелетін түймедақ баданасын жинайды.
  15. Испанияда бұл күн барлық гүлдердің мерекесі деп есептеледі.
  16. Берлин полициясы үшін күнтізбенің бұл күні қызыл емес, қара күн. Себебі, көптеген партиялар мен қозғалыстар дәл осы күні митингке шығады. Ал өздеріңізге белгілі болғандай, мұндай қозғалыстар төбелес, жанжал, шайқастармен аяқталады. Сондай-ақ, солшыл және анти-глобалистік экстремистер 1 мамыр күні неміс қалаларының бай және этникалы аудандарына ойран салып, бүлік ұйымдастырады.
  17. Мамыр мерекесінің АҚШ-тан келгеніне қарамастан, бұл елде жұмысшылар Еңбек күні мерекесін 1 мамырда емес, қыркүйектің бірінші дүйсенбісінде атап өтеді. Ол АҚШ-тың барлық штатында ресми мереке ретінде саналады. Олар бұл күні еңбек күнін ғана емес, жазды да мерекемен шығарып салуды әдетке айналдырған. 
  18. Еуропа елдері де америкалық қызметкерлерді есіне алмайды. Бірақ, Англияда 1 мамыр – демалыс күні. 1977 жылы, Еңбек партиясы билікке келгенде, бұл күн консерваторлардың таңдануына себеп болып мемлекеттік мереке болды. Сонда Лондон Таймс: «Әйтеуір, жеттік қой. Көп ұзамай бізде де социализм болады», - деп жазған болатын. 
  19. Мамыр айының алғашқы күні Қазақстан да мейірімді және жарқын мерекелердің бірі болып табылатын «Қазақстан халқының бірлігі күнін» атап өтеді. Бұл 150-ден астам ұлттар мен ұлыстар өмір сүретін елде бейбітшілік қажет болатын достық мен түсіністіктің және келісімнің мерекесі.
  20. Жадыраған көктемнің осы күндерінде біздің отанымызға жарық түсіретін көптеген күн сәулелері секілді жас өскіндер туады, Қазақстан жерінде тұратын әртүрлі ұлттар мемлекеттің қалыптасуына және өркендеуіне үлес қосады. Әлемде Қазақстан сияқты бір шаңырақ астында әртүрлі ұлттар мен ұлыстардың бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқанына мақтана алатын елдер көп емес. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев біздің жерімізде бейбітшілікті сақтауға үлкен мән берді. Осының арқасында Қазақстан көптеген елдер үшін үйлесімділік пен бірліктің үлгісі болды. Бүгінде жарқын көктем мерекесі Қазақстан қалаларының басты көшелерінде достық шеру ұйымдастырудан басталып, көптеген ойын-сауық іс-шараларымен қатар өтеді.

Тағы оқыңыз: Наурыз мерекесі туралы қызықты мәліметтер

Талқылау