Жылдамдыққа қатысты шектеуге қарсы: Алматылық заңгер жол басқармасын сотқа берді
Алматыда заңгер Әмір Бегдесенов жылдамдықты төмендетуге қарсы шықты. Тіпті, ол қалалық жол басқармасын сотқа берген. Оны жүргізушілердің қауіпсіздігі емес, айыппұл көлемінің артуы алаңдатып отыр, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz.
Еске сала кетсек, 15 қаңтардан бастап оңтүстік астанада ірі Әл-Фараби даңғылы, Сайын көшесі және Шығыс айналма жолында жүргізушілерге көлік жылдамдығын сағатына 60 шақырымнан асыруға тыйым салынған еді. Мұндай қадам жол апатының алдын алу үшін жасалып отыр.
Заңгер Әмір Бегдесеновтың айтуынша, әлемдік тәжірибе бойынша қаланың орталық көшелерінде ғана жылдамдыққа қатысты шектеу қойылған. Ал Алматыдағы Әл-Фараби мен Шығыс айналма жолы республикалық маңызға ие жолдардың қатарына енеді, дейді ол.
«Мені бұл көшелердегі жүргізушілердің қауіпсіздігі емес, айыппұл көлемінің артуы алаңдатады. Бұдан өзге сағатына 60 шақырым десе басқалары 40 шақырымға дейін төмендетіп, ауаға бөлінетін газ көбейеді. Қалалық әкімдік пен полиция департаментін ереже енбей тұрып сотқа бергенмін», – дейді заңгер.
Алматылық заңгер өз дәлелдерін сотқа ұсынып үлгерген. Егер сотта жеңілсе, апелляциялық шағым түсіретінін айтады.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
