"Жүргізуші есікті ашпай отырды": Шамалғанда пойыз қаққан автобус жолаушылары мән-жайды айтты (видео)
Шамалған станциясында пойызбен соқтығысқан автобуыстың жолаушылары жол апаты туралы айтып берді. Ауыр жол апатынан бір адам көз жұмып, 3 адам зардап шеккен еді.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Алматы» арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жолаушының сөзінше, жүргізуші шок күйінде болған. ол автобусқа қарай пойыз жүйткіп келе жатқанын көргенде апаттың алдын алу үшін ештеңе жасай алмай қалған.
«Көзі байланып қалды. Бәріміз шулап жатырмыз. «Есікті аш», - деп айқайладық. Көз байланған деген жаман екен, есікті аша алмай қалды. Пойыз келе жатқанда, бәріміз автобустың ішіндеміз. Пойыздың жанып тұрған фарын көрдік», - дейді оқиға куәгері Қайратбек Қалдықұлов.
Сонымен қатар ол оқиға кезінде автобустың толы болғанын айтты.
«Жүргізуші сол жерге келгенде, алды-артымыз кептеліс еді. Шығатын жер жоқ. Күнде осы кептеліс. Жүргізуші есікті ашпай отырды», - дейді куәгер.
Автобус жолаушылары оқиға орын алған жерге көпір керек екенін айтты. Олардың сөзінше, көпір болмағандықтан, осы күнге дейін пойыз астына түсіп көз жұмғандар саны аз емес.
«20 жылдан асты. Мына жерде күнде жолдамыз. Кешкісін үлгермейміз, өту мүмкін емес. Жаяу өткен адамдарды қаншама пойыз қақты. Осы күнге дейін 7 адамнан көп өлді. «Көпір саламыз» дейді, бірақ салынбайды. Бізге көпір керек. Мына жерде біреулер, полицейлер «Жүргізуші кінәлі» дейді. Жоқ, жүргізуші кінәлі емес», - деді азамат.
Еске сала кетсек, ірі апат Алматы облысының Шымалған станциясында орын алды. ҚР Индустрия және инфраструктуралық даму министрі Руслан Иманқұловтың айтуынша, төтенше жағдай 15 қыркүйекте, "Екатеринбург-Алматы" теміржолының 2449 шақырымында орын алды. Автобус жүргізушісі сигналдарға қарамастан теміржолға шығып кеткен. Салдарынан үлкен жылдамдықпен келе жатқан пойыз автобусты қағып кетті. Оқиға орнында бір адам қаза тауып, тоғыз адам жарақаттанды. Олардың екеуі - бала, біреуі - әйел адам.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ірі жол апатына қатысты Twitter әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында көңіл айтып, тергеу амалдары басталғанын хабарлады.