Жезқазғандағы жарылыс салдарынан зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды
Демалыс күндері Жезқазған-Сәтпаев тас жолында орналасқан мұнай базасында өрт шығып, бірнеше рет жойқын жарылыс болды. Салдарынан 5 адам зардап шекті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Мұнай базасында жанармай мен газ таситын арнайы көліктер өртенген. Құтқарушылар оқиға орнына жетемін дегенше нысанда бірнеше рет жарылыс болды. Соңғы жарылыстың жойқын болғаны соншалық, ангар опырылып түсті. Ангардың ішінде газ толы цистерна болған деген болжам бар.
“Бір бригада жалынды сөндіріп жатқанда, екінші бригада резервуарлардағы отынды салқындатып, өрттің оған жетуіне жол бермеуге тырысты. Мұнай базасының 100 шаршы метрі жанып кетті. Төтенше жағдайдың себептері анықталып жатыр”, – делінген хабарламада.
Оқиға орнында болып, күйік пен жарақат алған бес адам ауруханаға жеткізілді. Олардың екеуі бас сүйек-ми жарақатын алып, миы шайқалған деген диагноз қойды. Тағы үш адам дәрігерлердің бақылауында қалды.
“Екі науқас әртүрлі күйік жарақаттарымен травматология бөліміне жатқызылды. Қазір олардың жағдайы тұрақты. Сондай-ақ бір науқас жансақтау бөліміне жатқызылды. Өмірін сақтап қалу үшін шұғыл ота жасалды. Бүгін екінші ота жасалып жатыр”, – деді Жезқазған көпсалалы ауруханасының директорының орынбасары Шахрух Юлдашев.
Дәрігерлер жансақтау бөлімінде жатқан науқастың жағдайын ауыр деп бағалады.
Бұған дейін Жезқазғанда мұнай базасында өрт шығып, төрт адам ауруханаға жатқызылғаны туралы жазған едік.