Жетісу облысында 1,7 миллиард теңге бөлінген тұрғын үйдің екі қабаты жоқ болып шықты
Фото: Видеодан скрин
Жетісу облысында екі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, тапсырыс беруші мердігермен келісімшартқа 2021 жылы қол қойып, оған 1,7 миллиард теңге бөлінген. Нәтижесінде құрылыс салушы ғимараттарды пайдалануға беру мерзімін өткізіп алған. Бірқатар құрылыс-монтаж жұмыстары іс жүзінде атқарылмаған.
"Қол қойылған орындалған жұмыстар актілеріне қарамастан, жоспарланған тоғыз қабаттың жетеуі ғана салынған. Ғимараттарда жылу, су құбыры, электр жарығын тарту жұмыстары аяқталмаған. Сонымен қатар сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілмеген. Осылайша, құрылыс аяқталмай, нысанды пайдалануға беру мерзімдері бұзылған. Мемлекетке келтірілген шығын 152 миллион теңгеден асқан", – делінген хабарламада.
Бұл істе мердігер компанияның директоры мен оның техникалық қадағалау қызметкерлері күдікті деп танылды. Сот санкциясымен құрылыс салушының мүлкіне тыйым салынды. Тергеу жалғасып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте университеттің бұрынғы проректоры ақша жымқыру ісі бойынша сотталғаны туралы жазған едік.

"Эфирден қиып тастайды, концертке қатыстырмайды": Қазақстандық шоу-бизнес өкілдері хиджаб кигені үшін түрлі кемсітуге тап болған
