Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Эфирден қиып тастайды, концертке қатыстырмайды": Қазақстандық шоу-бизнес өкілдері хиджаб кигені үшін түрлі кемсітуге тап болған

хиджабтағы әншілерКоллаж: Stan.kz

Отандық шоу-бизнестегі жиі көтерілетін тақырыптың бірі – хиджаб мәселесі. Танымал адамдардың әрбір әрекеті мен жазбасы қоғам назарынан тыс қалған емес. Жақында “Құрмет” орденінің иегері, әнші Мөлдір Әуелбекова хиджаб кигеніне қатысты түрлі кедергілерге тап болып жүргенін Threads парақшасында жазды. Өнер иесінің сөзінше, концертте қатысқанымен, эфирден қиылып қалған. Қысымға шыдамай кейбір өнер өкілдерінің орамалын шешкеніне куә болып жүрміз. Stan.kz тілшісі дін мен өнерді қатар алып жүрген эстрада жұлдыздарының көзқарасын талдап көрді.

Мөлдір Әуелбекова екінші рет тұрмысқа шығып, ажырасқаннан кейін түбегейлі хиджаб киіп, сахнаға қайта оралды. Алайда түрлі кедергілерге тап болған. 

“Орамалымды көп талқылайды. Неге олай екен?! Кейбір қыз-келіншектер сияқты тым ашық жүргеннен жабық жүрген жақсы емес пе?! Мені орамалым үшін телевизиялық жобалар мен көптеген концертке қатыстырмайды. Соңғы кезде ойланып жүрмін, үлкен сахнаның бір бұрышын қимай жүргендерге өзім-ақ сол сахнаны босатып беремін-ау. Бұл дүниеде жалаңаш дененің абыройы орамал мен шын таланттан биік. Есесіне, ең сапалы музыканттар мені қалдырмайды. Ұйымдастырушылар менен сахнаны алғанымен, халқымның махаббатын ала алмайды”, – деді Мөлдір. 

Жастар арасында Dequine атымен танымал әнші Данеля Садықова хиджабын шешкенін мәлімдеді. Ол бір жарым жылдай орамал тақты. Қажылыққа да барып келді.Бүгінде ештеңеге өкінбейтінін жасырмады.  

“Өзімді исламның community-не кіріктіре алмадым, исламдағы адамның образына келіңкіремедім. Хиджаб кигеніме де, шешкеніме де өкінбеймін”,– деп түсіндірді әнші. 

Одан кейін жеке өмірі жиі талқыға түсетін өнер иесі Ақбота-Нұр Сейтмағамбетова да орамал тағып, ашық-шашық түскен фотоларын өшіріп тастаған еді. Көп ұзамай хиджаб кию асығыс шешім болғанын айтып, ақталды.

 Сөздің ашығына келетін болсам, хиджабта жүріп екі баламды асырау қиын болды. Өнер жолында ұзын киіп, етекті жауып, оранып нан таппайды екенсің. Хиджабқа дайын болмай келгеннен кейін, көп өтпей шешіп тастадым. Орамал таққаным күйзелістің кесірінен емес. Біріншіден, хиджабпен ешқандай да ойнауға болмайды. Екіншіден, мен күйзеліске түскен күннің өзінде әлеуметтік желіден көрінбей кетемін”, – деді Ақбота-Нұр.

Танымал хит әндердің орындаушысы Индира Расылхан 20 жасында намаз оқығанымен, орамал тағуды ұзақ уақыт армандағанын айтады.

“Орамалыма қатысты кештерден шеттетілгенім рас. Атымды атап түстемегенімен, ұйымдастырушылардың қырын қарауларын байқадым. Өзім де көп концертке шақырылмадым. Орамал таққаным үшін эфирден қысқартылғанымды түсіндім. Одан кейін денсаулығыма байланысты да сахнаға шыға алмадым. 4-5 жылдың көлемі болды жаңа әндер де жаздырған жоқпын. Бағытым өзгерді. Исламды тани бастадым. Хайырлысы осы деп ойладым. Дінге бет бұрғасын сахнаны да көп іздемедім. Бірақ мен орамал шешетін болсам, қуанатын адамдар бар екен. Бұл орамалға келу мен үшін қанша жылдық арман екенін білсеңіз ғой. 20 жасымда намаз бұйырған болса, тек 23 жылдан соң орамал бұйырды. Мен қаншама жыл армандадым. Алла осы орамалымды ақырғы деміме дейін шешпеуімді нәсіп етсін!" – деді әнші. 

Жаңа жыл қарсаңында отбасымен бірге қажылық сапарға аттанған Қарақат Әбілдина орамалға қатысты ойын бөлісті. Эстрада жұлдызының ойынша, хиджаб кию сән емес, саналы ойдың жемісі екен. Тыңдарман толғандырған сұраққа жауап берді. 

“Міндетті түрде орамалға келемін. Инша Алла! Сән үшін емес, саналы түрде келемін. Жаратушымның әмірі жүрегіме түскен кезде келемін. Бір киіп, бір шешетін орамал ойыншық емес! Талайларды көріп жүрміз, ондайлардың қатарынан болғым келмейді. Бұл әйел заты үшін өзекті тақырып, өте күрделі қадам. Әсіресе біз өмір сүріп жатқан қоғамда өте маңызды. Адам бірінші сырт келбетін бүтіндеуден бастамас бұрын, ішкі әлемін, руханиятын иман байлығымен толықтыруы керек! Саналы түрде дегеніміз – сол. Ілім, білім жинап, ақылмен шешім қабылдаса қайырлысы сол болмақ. Бұл – менің пікірім. Қате шығар мүмкін?!”, – деген пікір айтты әнші. 

Қазақ эстрадасында өзіндік қолтаңбасы бар әншінің бірі Роза Әлқожа да хиджаб киіп, сахнаға шыққан еді. Көп ұзамай “Меккеден кейінгі эмоцияның әсері” деп хиджабтан бас тартты. 

"Иман деген нәрсе бірде көтеріледі, бірде түседі. Оны біліммен толықтырып отыру керек. Өзіммен өзім ерегесіп кеткен кездер болды. Мен ішім қандай болса, сыртым да сондай жүретін адаммын. Ең бастысы, Құдайды алдағым келмейді. Толық хиджабта жүру үшін көп нәрсені қоюға тура келеді. Мысалы, мен қатты макияж жасап жатқанда орамалмен отыруға ұяламын. Орамалды киіп отырып, біреуді ғайбаттап отыратындарды көрсем ұяламын. Сен орамалға таза оранғаннан кейін жан дүниең соған сәйкес болу керек деп есептеймін. Сахнаға да тағып шығып көрдім. Дизайнерлермен ақылдастым. Бірақ мүмкін емес екен. Көп нәрсе тыюға тура келеді. Ал менің тыңдарманым көп. Үлкен аға-апалар жазып, іс-шараларына шақырады. Мен эмоцияның адамымын. Меккеден келген кезде қоғамға араласа алмай, жұрттың бәрі жалаңаш сияқты көрінеді. Сен ғана тақуа сияқтысың. Орамал тағуым да сол кездегі эмоцияның әсері” , – деп түсіндірді Роза Әлқожа. 

Желі қолданушылары сүйікті әншілерінің сахнадан алыстап кетуіне қатысты түрлі пікір білдірді. Бірі өнерден кетпеуін қолдаса, енді бірі дінге бет бұрғандарына дән риза. 

“Әншілер дінге кетсе, сахнадан шеттетіледі”, “Хиджабтың сыртынан сәукеле киіп, ұлттық киімді қорлайтындарды түсінбеймін”, “Діндарлар үшін музыка, домбыра, сахна харам болып саналады”, “Ақыретте ашық-шашық жүргенің үшін сұраласың. Сосын әншілер ертерек қамданып жатыр. Қолдау білдірейік”, “Әншілер неге қара орамал тағады?! Ақ жаулықты ана деген керемет қой, орамал таққысы келсе басқа түстер де жетеді”, “Әншілерге ән айту керек немесе намаз оқу керек. Екеуін де қатырмай, суға кетіп жатқандар қаншама?!”, “Орамалдың үстінен кепке киіп жүргендерді де көрдік”, “Роза, Мақпалдар 40 жылдан бері сахнада жүр. Бір рет ре оранып шыққан емес. Солардан үлгі алыңдар”, – деп жазды көпшілік. 

Осы орайда өнертанушы, дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай орамалмен сахнаға шығатын әншілерді сахна әдебін сақтамайды, жас ұрпақтың санасын улап жатыр деп айыптады. 

“Сахнаға хиджабпен шығу дұрыс емес. Сахна әдебі сақталуы керек. Мемлекеттік арналардың орамал тағатын әншілерді эфирге бермеуін қолдаймын. Дәстүрлі әнші ұлттық киіммен шықса, эстрада әншілерді сахналық көйлектерімен шыққаны жөн. Бүгінде қыз-келіншектеріміз бет-әлпетін тұмшалап, шаштарын жасырып жүр. Әйел көркі – шаш. Сахна сұлулық пен әсемдікті талап етеді. Шашын сәндеп, опа-далабын жағып, әнін айтса кім не айта алады?! Ал, оны хиджабпен тұмшалап тастайды. Бұл – сахна әдебіне қайшы. Біз зайырлы мемлекет болғандықтан, оранып жүруімізге болмайды. Теледидардан қаншама көрермен тамашалайды. Жас ұрпақтың санасын улайды. Соған еліктеп, санасы кемелденбеген бала хиджаб киіп, сақалын өсіріп алады. Одан кейін сақал өсіретін әншілерді де сахнаға шығармауы керек. Әсіресе, айтыс ақындарын эфирден көрсетпеуін қолдаймын. Соңғы кезде олар да өлетін жерін білген-ау сақалдарын алып тастапты. Бірақ әйел қауымы орамалдарын шешіп, сахнаға түбегейлі бет бұра алмай жатыр. Осындай кезде Динара Сәтжанның айтқан сөзінің жаны бар ма деп ойлаймын. Намаз оқып, сақал өсіріп, хиджаб киетіндердің артында қаржы мәселесі тұрған сияқты. Өйткені, әншілердің байлығы ұшан-теңіз. Қайдан келіп жатқан ақша екен?!”, – деді өнертанушы. 

Сондай-ақ, хиджабпен сахнаға шығып, концерттерге қатысқысы келетін әншілерге ұсыныс та айтты. 

“Осы сәтті пайдаланып, мемлекеттік арна басшыларына ұсыныс айтқым келеді. Егер біздің әншілеріміз хиджабпен сахнаға шығамын десе, тікелей эфирде жанды дауыста ән айту керек деген талап қойсын. Өздері-ақ безіп кетеді. Өткенде белгілі әнші “Көкке өрле” деген әнді жанды дауыста айта алмай, ұятты болды. Баяғыда Қалдыбек Құрманәлі жанды дауыста концерт беріп, әншілердің бәрі шашылып қалған. Кейбір әншілер әндерінің сөзін де білмейді. Жаттау қабілеттері дамымаған. Алдын-ала әнін жаздырып, жаман үйреніп қалған. Хиджабымен сахнаға шыға бер, бірақ жанды дауыста айтасың десе, телеарнаның маңына жоламай қашады. Олармен алысып, жеңе алмайтынымыз анық. Одан да осындай арна басшылары талап қойсын. Сол кезде шын таланттар іріктеледі”, – дейді Ерлан Төлеутай. 
STAN.KZ
Сейсенбі, 26 Тамыз, 2025 15:54
Талқылау