Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар шоколадтың күрт қымбаттағанына шағымданды: Неліктен тәттіге енді көбірек төлейміз

Фото: Unsplash.comФото: Unsplash.com

Қазақстандықтар шоколадтың қымбаттағанын айтып, әлеуметтік желіде шағымданып жатыр. Олар әсіресе "Қазақстан" шоколадының бағасы қатты көтеріліп кеткеніне аң-таң. Расында шілде айында Қазақстанда кондитерлік өнімдер айтарлықтай, әсіресе шоколад – 28%, глазурьленген кәмпиттер – 13,9%, карамель – 6,0%, зефир – 5,1%, мармелад – 3,8% және халуа – 3,2% қымбаттап кеткен. Бағаның күрт өсуіне не себеп? Жергілікті компаниялар не дейді? Stan.kz ақпарат агенттігі шоколад компаниясынан сұрап білді.

“Наурызда шоколадты 500-600 теңгеге алғанбыз, қазір 960 теңге”

"Сіздер қазір "Қазақстан" шоколады қанша тұратынын көрдіңіздер ме? Мен кеше дүкенге барып, бағасын көріп, аузым ашылып қалды. Бұл менің сүйікті шоколадым еді, қазіргі бағасына айтар сөзім жоқ. Мен наурыз айында балама сәлемдеме жібергенде осы шоколадтың 10 данасын алғам. Сол кезде 500 теңге болған. Ал қазір 960-937 теңге болып тұр. Бір шайға шоколадты осындай бағаға алсақ, басқа қажеттіліктерімізге ақша қайдан қалады?" – деп шағымданды көкшетаулық тұрғын.

Тағы бір желі қолданушы шоколадтың 5 ай бұрын 629 теңге болғанын еске түсірді. Бұл плиткаларды Швейцариядан ұшақпен жеткізіп жатқан жоқ қой дейді ол.

"Наурыз айында "Қазақстан" шоколадын 629 теңгеге сатып алғам. Бүгінде ол Magnum-да 925 теңге тұрады. 5 айда 47% өскен. Бұл "Рахаттың" жергілікті жерде шығарылатын өнімі болса да, бағасы осы. Олар шикізатты дайын күйінде әкелгені үшін төлемейді. Бірақ бағасын плитка шоколадты Швейцариядан ұшақпен жеткізетіндей белгілейді. Кейінгі 3 жылда бұл шоколад 40%-дан астам қымбаттады. Ал 2023-2024 жылдары жылына 37% қосылды", – дейді тағы бір тұрғын.

Кейбірі "Қазақстан" шоколадының сонша қымбаттап кеткеніне әлі сене алмай жүр

"Қазақстан” шоколады 1005 теңге тұрады екен. Мен бүгін бағасын көріп, шошып қалдым. Бұрын 700-800 теңгеге алатын едім. Неліктен сонша қымбаттап кеткен? Тіпті оптовкадағы бағасы да өскен", – деп жазды тағы бір қазақстандық.

Тағы бірі шоколад қымбаттағанымен, оның сапасы керісінше төмендеп кеткенін айтып отыр. Олар бағасына қарап, алмай-ақ қоюды ұйғарған.

"Бағасы өскенімен сапасы бұрынғыдай емес, төмендеп кеткен. Бала кезімізде дәмі күшті еді, рахаттанып жейтінбіз. Қазір дәмі жақсы емес", – дейді тұтынушы.

Тәттілердің қымбаттауына не себеп?

Stan.kz тілшісі осы дерекке байланысты "ЛОТТЕ Рахат" және "Ақсайнан" компанияларына сауал жіберді. Біз тәттілердің қымбаттау себебін сұрадық.

"ЛОТТЕ Рахат" дерегіне сәйкес, 2025 жылғы шілде айынан бастап кәмпит – 8%, шоколад – 10%, карамель – 5%, зефир – 5%, мармелад – 5%, печенье және вафля – 2% қымбаттаған. Компания тауарлардың қымбаттау себебін какао бұршағына белгіленген баға күрт өсуімен түсіндірді.

"Шоколад нарығында негізгі шикізат – какао бұршағына белгіленген баға күрт өсті. 2023-2024 жылдары негізгі жеткізуші елдердегі – Кот-д'Ивуар мен Ганадағы ауа райының қолайсыздығына, плантациялардың тозуына, ағаштардың ауруға шалдығуына байланысты аталған шикізатты әлем бойынша өндіру 11% қысқарды. Бұл факторлар шикізат тапшылығына және сатып алу бағасының үш есеге дейін өсуіне ықпал етті", – деп жауап берді "ЛОТТЕ Рахат" компаниясы Stan.kz-ке.


Жалпы алғанда бұл жағдайға какаоға қатысты әлемдік проблемалармен қатар логистикалық шығын, шикізаттың шетелден келуі және қамтамалардың қымбаттауы сияқты да себептер әсер етіп отыр. Компанияның сөзінше тәттілердің қымбаттауына:

1) ұлттық валюта құнының төмендеуі, яғни кондитерлік өнімдерді өндіруде қолданылатын шикізаттың негізгі бөлігі шетелден сатып алынатындықтан, өзіндік құнның артуы;
2) тасымалдау және сақтауға қатысты логистикалық шығынның кейінгі 5 жылда екі есеге дейін ұлғаюы;
3) көрсетілетін коммуналдық қызметтердің, қаптама материалдарының қымбаттауы сияқты факторлар да әсер етіп жатыр.

Қазақстандықтардың мұндай шағымына Magnum желісі де ой қосты.

"Бағаларға алаңдағаныңызды түсінеміз. Өнімнің бағасы көп факторларды ескере отырып қойылады. Оның ішінде жеткізушінің бағасы, логистика, сату алаңдарын жалға алу, өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін сертификаттау бар. Біздің бөлшек сауда желісінде бірнеше өндірушілердің өнімдерінің кең ассортименті бар, сондықтан әрдайым өзіңізге ыңғайлы бағадағы өнімді таңдай аласыз", – деп жауап беріпті Magnum желісі тұрғынның шағымына.

Шоколад бір жылда қанша пайыз қымбаттады?

Ranking.kz деректеріне сәйкес, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нан және ұннан жасалған кондитерлік өнімдер орта есеппен 6,9%, басқа кондитерлік өнімдер 14,3% қымбаттады. Нан-тоқаш және ұннан жасалған кондитерлік өнімдердің түрлері бойынша ең көп қымбаттағаны сушки (12%), тәтті тоқаш (10,9%), торттар (8,8%), пряниктер (8,7%), кептірілген нан (сухари) (7,8%), печенье (6,9%), рулет пен кекс (%7,7), вафля (3,9%), қантты печенье (3,7%).

Бағаның өсуі еліміздің барлық аймақтарында байқалды, бірақ оның қарқыны әртүрлі болды. Нан және ұннан жасалған кондитер өнімдерінің өзіндік құнының ең көп өсуі Павлодар (12,6%) және Шығыс Қазақстан (11,6%) облыстарында, сонымен қатар Астанада (11,0%), ең азы Ұлытау облысында (3,8%) байқалды.

Еңлік Сақтан
Дүйсенбі, 25 Тамыз, 2025 16:27
Талқылау