Жерде суперконтинент пайда болуы болжануда

250 миллион жылдан кейін Жер бетінде суперконтиненттер - бірнеше континенттерден тұратын алып құрлық массивтері қайта пайда болуы мүмкін. Ал олардың жер шарындағы қалыптасу орны біздің планетамыздың климатына айтарлықтай әсер етеді.  Бұл туралы National Geographic сайтындағы мақалада жазылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұған дейін америкалық геофизикалық одақтың зерттеушілері  қазіргі континенттерді суперконтинентке біріктірудің екі нұсқасын модельдеген. Бір нұсқа бойынша барлық континент экватор айналасында бірігеді. Бұл суперконтинент Аурика деп аталды.

Тағы бір нұсқаға сәйкем, бірігу Солтүстік полюске жақын болады және Антарктиданы қамтымайды деп болжайды. Ғалымдар бұл гипотетикалық суперконтинентті Амасия деп атады.

Годдард ғарыштық зерттеулер институтының (АҚШ) ғалымдары бірнеше сценарийлер мен модельдер жасау арқылы континенттердің бірігуі планетаның климатына қалай әсер ететінін есептеді. Зерттеу авторларының сөзіне қарағанда, болашақта жер бүгінгіге қарағанда біршама баяу айналады.

"Уақыт өте келе Жердің айналу жылдамдығы баяулайды. Егер сіз болашаққа 250 миллион жылға ауыссаңыз, тәуліктің ұзақтығы шамамен 30 минутқа артады, сондықтан біз оны модельге енгіздік", - деді физик Майкл Уэй.

Күн уақыт өткен сайын жарқырайды және оны ғалымдар планета алатын радиация мөлшерін көбейту арқылы да ескерген. Олардың модельдерінің күтпеген нәтижесі - Амасия сценарийіндегі жаһандық температура қазіргі уақытпен салыстырғанда төрт градусқа төмендеуі.

Бұл, негізінен, мұзды альбедо бойынша кері байланысқа байланысты. Жоғары ендіктердегі осы солтүстік суперконтинентте қар мен мұз жаз бен қыс айларында тұрақты жер жамылғысын құрды, ол "барлық басқа сценарийлерге қарағанда бірнеше градус төмен температураны ұстап тұруға бейім".

Бүгінгі таңда жер бетінде мұхит айналымы жылуды алыс солтүстік аймақтар, Гренландия және Беринг бұғазы арқылы өткізеді. Бірақ суперконтинент пайда болған кезде, бұл жолдар жабылып,  мұхиттық жылу жолы оңтүстік ендіктен солтүстікке қарай жерді жылыту үшін жабық болады, дейді Уэй.

Мұз дәуірі Жер бетінде он мыңдаған жылдарға созылды. Амасияның қалыптасуы әлдеқайда ұзаққа созылатын мұз дәуірін ашуы мүмкін - 100 немесе 150 миллион жыл.

Бұл жердегі тіршілік үшін нені білдіреді? Тропикалық ойпаттар жойылған сайын, олар қолдайтын керемет биоәртүрлілік те жоғалады. Алайда, өте суық жағдайда тіршілік етуге бейімделген жаңа түрлер пайда болуы ықтимал.

"Егер эволюцияға жеткілікті уақыт берілсе, ол кез-келген экологиялық нишаны толтырудың жолын табады", - дейді америкалық физик Майкл Уэй.

Ғалымдардың пікірінше, әлі күнге дейін зерттеліп келе жатқан Аурика сценарийі әлдеқайда жылы және құрғақ климатты болжайды.

Зерттеу авторларының сөзінше, соңғы үш миллиард жыл ішінде біздің планета континенттер алдымен үлкен суперконтиненттерді құру үшін бірігіп, кейін ыдырап кеткен бірнеше кезеңдерді бастан өткерді.

Ең соңғы суперконтинент шамамен 300-200 миллион жыл бұрын пайда болған. Ол қазіргі Африка, Еуропа, Солтүстік Америка және Оңтүстік Американы қамтыған Пангея еді.

Пангеяға дейін Родиния суперконтиненті болған (900-ден 700 миллион жыл бұрын). Ал одан да ертерек 1,6 миллиард жыл бұрын пайда болған және 1,4 миллиард жыл бұрын ыдыраған Нуна суперконтиненті болған.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр