Жастарға арналған жеңілдетілген несие: қанша қазақстандық өз кәсібін ашып, табыс тауып отыр
Қазақстанда бір айлық жалақыға қарап отырмай, жеке кәсібін ашып, табыс тапқысы келетін жастар үшін биыл жақсы мүмкіндік туды. Елімізде 21-35 жас аралығындағы азаматтарға 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 5 млн теңгеге дейін микрокредит беру жалғасуда. Қазіргі уақытта 4122 жоба мақұлданып, оның ішінде 3222 азамат жеңілдетілген шағын несие арқылы өз жобаларын іске асыруға кірісіп кетті.
Сурет Pixabay.com-нан
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, "Аграрлық несие корпорациясы" акционерлік қоғамына жеңілдетілген микрокредит алуға 6 мыңнан астам өтінім түскен.
"Биыл жалпы 5 796 микрокредит беру жоспарланған. Қазіргі таңда комиссия 4 122 жобаны мақұлдады", - дейді ведомство өкілдері.
Микрокредит алуда белсенділік танытқан өңірлер де белгілі. Мәселен Түркістан облысынан 851, Жамбыл облысынан 514, Алматы облысынан 401, Қарағанды облысынан 392 өтінім түскен.
Несиелеу шарты бойынша микрокредит 5 млн теңгеге дейінгі сомада беріледі, сыйақы мөлшерлемесі – жылды 2,5 пайыз, несие мерзімі мал шаруашылығын дамытуға – 7 жылға дейін, ал бизнестің басқа бағыттары үшін – 5 жылға дейін.
Осы ретте шағын несиеге қатысты жастар тарапынан жиі қойылатын сұрақтарға тоқталсақ. Олардың қатарында әсіресе жұмыс істейтін жастардың шағын несие алу мүмкіндігі, кредитке қойылатын кепіл туралы мәселе жиі сұралады.
Аграрлық несие корпорациясының мәліметінше, шағын несие алуға жұмыс істейтін жастар да өтінім бере алады. Өтініш берген сәтте жастардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты маңызды, ол мерзім 5 жылдан аспауға тиіс. Ал қатысушылардың Аграрлық несие корпорациясына өтініммен жүгінген уақыттағы жасы ескеріледі.
Келесі сұрақ – шағын несиені рәсімдеу барысында кепіл болатын мүлікке қойылатын талаптар. Жастарға арналған микрокредит мүлікпен қамтылуы міндетті екені белгілі. Биыл 4 қыркүйектен бастап микрокредит беру үшін қабылданатын кепілді мүлік түрлерінің тізбесі кеңейтілген.
Кепілмен қамтамасыз ету ретінде:
- екінші деңгейдегі банктердегі шоттарда орналастырылған ақша қаражаты;
- республикалық маңызы бар қалаларда, облыстық маңызы бар қалаларда, аудан орталықтарында, облыстық және аудандық бағыныстағы қалаларда, сондай-ақ ауылдарда және ауылдық елді мекендерде жылжымайтын мүлік;
- жеке меншік құқығындағы/бастапқы ұзақ мерзімді өтеулі жер пайдалану (жалға алу) (егістік) құқығындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері;
- жайылымдарды суландыру және қоршау инфрақұрылымы бар жер учаскелері;
- бау-бақша өсіруге арналған жер учаскелері;
- мамандандырылған техника қабылданады.
Ал кепілмен қамтамасыз ету болмаған жағдайда кепіл берушіні тартуға болады.
Айта кетейік, микрокредитке өтінім беру үшін құжаттарды "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ филиалына тапсыру қажет. Филиалдардың мекенжайы мен құжаттар тізімі agrocredit.kz сайтында көрсетілген.
Ескеретін жайт, шағын несиені кәсіп ашудан немесе оны кеңейтуден басқа мақсатқа пайдалануға болмайды. Сондай-ақ микрокредитті пайдалануға тыйым салынған кәсіп түрлері де келтірілген. Микрокредит:
- жылжымайтын мүлік (оның ішінде малшылар үшін уақытша/тұрақты тұрғын үйлерді) сатып алу, салу немесе жөндеуге,
- жер учаскелерін сатып алуға,
- бағалы қағаздарды сатып алуға,
- қару (оның ішінде қару өндіруге арналған құрамдас бөліктерді), құрамында есірткі бар заттарды немесе азаматтық айналымнан алынған басқа да мүлікті өндіру немесе сатып алуға,
- ойын бизнесін ұйымдастыруға және (немесе) дамытуға;
- Қазақстан заңнамасында тыйым салынған террористік және кез келген өзге де қызметке байланысты қызмет үшін,
- моторлы көлік құралдарын шығаруды және өз өндірісіндегі жүзімнен шарап өндіруді қоспағанда, акцизделетін тауарларды/өнімдерді шығаруға,
- темекі және\немесе алкоголь өнімдерін сатып алуды көздейтін жобаларға, кредиторлық берешекті өтеуге, бизнесті жүргізуге байланысты емес жеке тұтынушылық мақсатқа берілмейді.
Микрокредит беру туралы шешімді әкімдік жанындағы комиссия қабылдайды.