Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық әйел аурухана медбикесі дәрі еккеннен кейін аяғы іріңдеп, терісін кесуге мәжбүр болғанын айтты

35 жастағы алматылық әйел Дина Ілиясова қыркүйек айында ішінің төменгі жағы ауырып, №4 қалалық клиникалық ауруханасына көмек алуға барған. Әйелге шұғыл ота жасалып, жағдайы бірқалыпқа келген. Алайда келесі күні медбике оның рұқсатынсыз дәрі егіп, аяғы ісіп іріңдеген. Сосын дәрігерлер әйелдің сол жақ санының үстіңгі бөлігіне тілік жасап, кесіп тастайды. Бұдан соң жағдай ушығып, күн өткен сайын оның аяғындағы жара үлкейіп, терісі қараяды. Stan.kz тілшісіне жалғызбасты әйел хабарласып істің жай-жапсарын айтып берді. Ол мүмкіндігі шектеулі баласының қараусыз қалғанын айтып, қазақстандықтардан көмек сұрады. 

Фото: Дина Ілиясованың жеке архивінен

Дина Ілиясова 26 қыркүйекте ішінің төменгі бөлігінде ауырсыну сезімімен Алматыдағы №4 қалалық клиникалық ауруханасының гинекология бөлімінің қабылдау бөліміне өз бетінше жүгінген. 

"Өзімдегі мәселені білетін болғандықтан, операцияға алдын ала дайындалдым. Сол күні маған диагностикалық лапароскопия жасалып, оң жақтағы жатыр түтігі алып тасталды. Операция сәтті өтті. Келесі күні, түскі уақыт шамасында, медбике Динара Мұстафаева маған сол жақ жамбасқа ауырсынуды басатын дәрінің екпесін салды. Бірақ екпе менің келісімімсіз жасалды. Ол менің бір қырыма бұрылып үлгеруімді күтпестен, қозғалып жатқанда екпе жасады. Екпе өте қатты ауырып, электр соққысындай әсер етті. Мен айқайлап, жылап, содан кейін жылаған күйде ұйықтап қалдым. Сол күні кешке аяғым ісіп кетті. Екпе жасалған жердің түсі өзгере бастады: қызарып, ісіп, көгере бастады. Жалпы, мен келесі үш күн бойы медициналық қызметкерлерден аяғыма назар аударуын өтіндім. Бірақ медицина қызметкерлері менің жағдайымды елемеді", – деді Дина Ілиясова.

Содан кейін Динаның інісі әпкесінің халіне алаңдап, дабыл қағады. Інісі жағдайының неліктен мұндай ауыр күйде екенін, неге түнде ұйықтай алмайтынын, неге ауырсынуды басатын дәрілер әсер етпей жатқанын сұрап, түсініктеме талап етеді. 

"Себебі дүйсенбі күні ауруханадан шығуым керек еді. Туыстарымның талап етуімен маған қосымша тексерулер жүргізілді: УДДГ (ультрадыбыстық доплерография), ультра дыбыстық зерттеу және тек бейсенбі күні ғана МРТ жасалды. Оның өзін туыстарымның талабымен әрең жасады. Менен, тіпті, қан талдауы да алынбады. Осы уақыттың бәрінде маған "Троксевазин" жақпамайын жақты. Олар мұз және спирттен компресс қою керек екенін айтып, осы секілді шаралар қолданды. Төсекте жатып, ауырсынудан қатты жыладым, осы күндердің бәрінде қиналдым", – деді әйел.

Әйелдің айтуынша, тек бейсенбі, 3 қазанда, консилиум өтіп, дәрігерлер аяқты кесу қажет екенін хабарлапты. Олар кішкентай тілік жасап, қысымды азайтады, аяқтан сұйықтықты шығарады деп айтқан.

"Аяғым, әсіресе сан тұсы, қатты ісіп кетті. Ауырсыну бір сәтке де тоқтамады. Маған промедол егіп, ауырсынуды басатын дәрі беріп тұрды. Алайда сол сәтте ғана қысқа уақытқа ұйықтап қалатынмын. Ал 3 қазанға дейінгі уақытта қатты әлсіреп, түнде мүлдем ұйықтай алмайтын болдым. Есім жартылай ауысып, сандырақтап жүрдім. Отадан кейін маған оның аса күрделі емес, болмашы нәрсе екенін айтты. Жай ғана тілік жасап, жараның өзі жазылатынына сендірді. Шын мәнінде, оңалту процесі мүлдем ойлағандай болмады. Әлі күнге дейін ашық жарамен жүрмін. Өзім таңғышпен орап, залалсыздандырып жүрмін. Міне, ота жасалғанына бүгін тура 2 ай болды", – деді жәбірленуші әйел.

Дина Ілиясова 15 қазанға дейін ауруханада дәрігерлердің бақылауында болған. Оның айтуынша, әрі қарай клиникада жатудың мағынасы қалмаған. Ол оңалту ұзаққа созылатынын, тыртық пайда болу үшін уақыт қажет болатынын айтады. 

"Кейін өлі тіндерді кесіп алып тастап, жараны тігу керек екен. Бірақ менде некроз пайда болып, сол маңдағы бәрі қарайып кетті. 15 қазанда мен ауруханадан шықтым, бірақ күнделікті таңғыш жасау үшін барып жүрдім. Дәрігерлер "Біз жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз. Бұл біздің кінәміз, сіз толық сауығып кеткенше қадағалап жүреміз" деп айтты. Осы ретте жалғызбасты ана екенімді, екінші топтағы мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырғанымды айтқым келеді. Жалдамалы пәтерде тұрамын. Бұл жағдай мені қатты күйзелтті. Екі айда пәтер ақысын төлей алмадым. Қарызға белшеден батып, толыққанды жүріп-тұру былай тұрсын, жұмыс істеуге де шамам жоқ", – деді Дина Ілиясова. 

Әйел бұдан кейін баласының мектепке баруды тоқтатқанын және өзі ауруханада жатқанда бірге болмағанын еске салды. 

Фото: Дина Ілиясованың жеке архивінен

"Өйткені біз әрдайым бірге, бір-бірімізге жақынбыз. Ауруханаға түскеннен кейін ол үш апта бойы мені көрмеді. Баламның жасы – 11-де. Балам аутист болғандықтан, психикалық ауытқуы қозып кетті. Ата-анам оны басқара алмады. Ақыр соңында оны Каблуков көшесіндегі психиатриялық ауруханаға жатқызуға тура келді. Себебі ол өзіне зиян келтіре бастады. Аутоагрессия пайда болып, жағдай одан әрі ушықты. Бұл жағдай мен үшін ауыр соққы болды, өйткені мен ұлымды барынша ауруханаға жатқызбауға тырыстым. Бірақ бұл оқиға оның психикалық денсаулығына қатты әсер етті", – деді әйел. 

Әйел бүгінге дейін құзырлы органдарға, денсаулық басқармасына жүгінгенін айтады. Бұдан бөлек медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне де шағымданған екен.

"Бұл жағдай басталған кезде-ақ, сараптама жүргізу бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті ауруханаға арыз жазу керек екенін айтты. Олар 15 күнде ішкі тергеу жүргізіп, сараптама шешімін берді. Ол шешімде бұл медициналық инцидент екенін, ал медициналық персонал мен дәрігерлердің әрекеті алгоритмге қайшы келмегенін мәлімдеді. Менің мәселемді шешкісі келмейтінін, мені жай ғана өзіммен қалдырғанын түсіндім. Әкімдікке де, денсаулық басқармасына да, әр жерге хат жазып, сөйлестім. Олар өтінішімді қабылдады, бірақ маған "Сіз не қалайсыз? Міне, бәрін жазып бердік қой" деп қайтарып жібереді. Бұдан соң қайтадан фармацевтикалық бақылау комитетіне хабарластым. Олар "Енді сотқа арыз жазыңыз. Біз де сараптаманы қағаз жүзінде сізсіз жасаймыз" деп жауап берді. Мен не істерімді білмеймін, шарасызбын. Мұның бәрін әділ түрде шешуге болатынына сену қиын. Полиция департаменті де маған қоңырау шалып, "фармацевтикалық бақылау комитеті өз бағасын бергенге дейін біз де ештеңе бастай алмаймыз" деп айтты", – деді Дина Ілиясова. 

Әйел, әуел баста, ешкіммен мүлдем жауласуды, жанжалдасуды да қаламағанын айтады.

"Ешкімнің мен үшін жұмысынан айырылғанын немесе зардап шеккенін қаламадым. Бірақ соңына келгенде осындай қарым-қатынаспен бетпе-бет келіп отырмын. Қазір мүлдем ешнәрсе істей алмаймын. Бүгін түні бойы ұйықтамадым, ауырсынуға шыдай алмай қиналдым. Маған тағы бір ота жасау керек. Кеше Қалқамандағы хирург дәрігерге бардым. Ол "ешнәрсе істей алмаймыз. Тіндерді кесу керек, содан кейін күту керек" деп шығарып салды. Реабилитация қанша уақытқа созылатынын да білмеймін. Басқалары секілді киіне де алмаймын, өйткені жара бәріне жабысып қала береді", – деді әйел.

Әйел бұған дейін ерекше балалармен жұмыс істеген. Ол бейімделетін дене тәрбиесі жаттықтырушысы, сенсорлық интеграция және нейрогимнастика маманы болған.

Бұл мәселеге қатысты №4 қалалық клиникалық ауруханасы басшылығынан пікір сұрадық. Басшылық науқастарды қолдау және ішкі сараптама қызметі медициналық жағдай бойынша қызметтік тексеру жүргізгенін айтты.

“Науқасқа негізгі диагнозы бойынша ота жасалған. Медициналық көмек толығымен және денсаулық сақтау министрлігінің диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамаларына қатаң сәйкестікте көрсетілген. Отадан кейінгі ерте кезеңде емдеуші дәрігердің тағайындауы бойынша науқасқа ауырсынуды басу үшін бұлшықетке инъекция жасалған. Біраз уақыттан кейін ағзаның иммундық қорғанысының төмендеуіне және қайталама иммуносупрессивтік жағдайға әкелген эндогендік фактордың әсерінен инъекция орнында реакция пайда болды. Емдеу диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамаларына сәйкес жүргізілді. Стационардан шығарылған кезде науқастың жағдайы қанағаттанарлық болды. Әрі қарай күтім бойынша ұсыныстар берілген. Жараның жағдайын стационар жағдайында бір ай бақылау жоспарланған. Стационардан шыққан әр науқастың артыннан міндетті түрде емханасына ақпарат жіберіледі: науқас стационарда ем алғаны және де үйге шыққаны туралы баяндалады. Талап бойынша емхана ары қарай қадағалау керек. Амбулаториялық-емханалық деңгейде науқасқа портал арқылы госпитализацияға жолдама алу үшін хирургтің кеңесіне жолдама берілді”, – деп жауап берді аурухана басшылығы.

№4 қалалық клиникалық аурухана жағдайында некрэктомия және теріге пластика түрінде оталық емдеу жоспарланған екен. Алайда қазір науқас бұл мүмкіндікті пайдаланған жоқ дейді басшылық. 

“Стационарда емдеу кезеңінде науқасқа толық көлемде медициналық көмек көрсетілген, мультидисциплинарлық топтың тексерулері және консилиумдар (2024 жылғы қазанның 1-і, 3-і және 15-і күндері) өткізілді. Директордың медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі орынбасары және науқастарды қолдау қызметінің басшысы науқаспен тұрақты байланыста. Аурухана науқасты қайтадан госпитализацияға шақыруға ниетті. Біз науқастың денсаулығы мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында емдеуді жалғастыруға дайынбыз. №4 қалалық клиникалық аурухана медициналық қызметкерлердің әрекетіне қатысты келіспеушілік туындаса, науқастың Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабында (Шағым жасау тәртібі) қарастырылған тәртіп бойынша уәкілетті органдарға шағымдануға құқығы бар екенін еске салады”, – делінген аурухананың жауабында.

Көмек көрсету үшін: әйелдің реквизиттері: 💳KASPI GOLD: 4400 4302 1319 5875 /📱телефон нөмірі: 8 702 608 15 00 Роза Б.

Талқылау