Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жарты миллиард бөлінген": Павлодар облысында тұрғындар қомақты қаржы бөлінген жобаның сапасыз іске асып жатқанына наразы

Павлодар облысында халықты орталықтандырылған ауыз суға қосамыз деген әкімдік, су құбырының құрылысын сапасыз жүргізіп жатыр. Осылай деген Ақши ауылының тұрғындары арнамызға шағымданды. Айтуларынша, ауылдарында жерді қазсаңыз 1,5 метрден су шығады. Ал мердігерлер соған қарамастан су құбырын өткізіп жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

Аязды күні суға салынған пластик құбырлар жарылып, тіршілігіміз тұралап қала ма деген жұрт құрылысты тоқтатуды талап етті. Әкімдіктегілер ауылдарына 10 жыл бұрын салынған жаңа Мәдениет үйінің де осы жер астынан шыққан судың кесірен құлайын деп тұрғанын ескерсе дейді. 

Ақши ауылында 55 түтін бар. Осы елдімекенге орталықтандырылған су құбырын тарту үшін бюджеттен 551 миллион теңге бөлінген. Бірақ құрылыс жұмыстары айқай-шумен басталды. Ауылдың жері жұмсақ, 1,5 метр қазған соң су шыға бастайды екен. Соған қарамастан, мердігерлер жер асты суын құрғатпай құбырды лай батпаққа салып жатыр дейді түрғындар. 

"Жүк тиейтін көлікпен ашады. Шлангты лақтырады. Батпаған жерін эксковатормен батырады да, жауып кете береді. Майысып жатқан шлангтар бар", – деді Ақши ауылының тұрғыны Данияр Ахмедин.

Тұрғындар шылқыған суға салынған пластик құбырлар аязды күндері жарылып кете ме деп қауіптенеді. Елдің бұлай алаңдауына да негіз бар. Осыдан 10 жыл бұрын Ақши ауылына су жаңа "Мәдениет үйі" салынған. Бірақ жер астынан шыққан су ғимараттың іргетасын үгітіп, жарамсыз күйге түсірген. Қабырғалары қарс айрылған нысан қазір құлауға шақ тұр. 

"Мәдениет үйінің сиқы мынау. Бұны салған кезде де біз айтқанбыз, фунтаментті терең орнатпаңдар деп. Нәтижесі міне. Өздеріңіз көріп тұрсыздар. Түк пайдаға аспайды", – деп қосты Данияр Ахмедин.

Мердігер фирма өкілдері жер астынан шыққан суды құрғату жобада қарастырылмаған дейді. Ал әкімдік өкілдері құбыр жүргізуге тапсырыс бергенімен, мердігердің ісіне араласпайтынын айтады. Басталған жобаны қайта өзгерту үшін қомақты қаржы керектігін алға тартып, құрылыс қазіргі күйінде жалғасатынын меңзеді. 

"Енді халық суды құрғату сұрады. Ол жерде су жақын. Дайын сметаға өзгеріс енгізу үшін тағы да қомақты қаражат керек екендігін түсіндіріп айтты", – деді Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Руслан Мұқашев.

Тұрғындардың айтуынша, Баянауыл ауданында 7 ауылға су құбыры тартылып, оның бірнешеуі мердігердің салақтығынан әлі күнге дейін аяқталмаған. Сондықтан бұған дейінгі оқиға қайталанбас үшін Ақши ауылы тұрғындары құрылысты бақылайтын белсенді топ құрды.

Назархан Уән
Бейсенбі, 16 Маусым, 2022 13:49
Талқылау