"Жаназасын үйімнен шығарғым келді": Индира Елемес марқұм Арман Дүйсеновті есіне алды
Белгілі әнші Индира Елемес марқұм композитор, сазгер Арман Дүйсеновтің соңғы сәтінде жанында болғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Бағдарламадан скриншот
Өнер иесі “Астарлы ақиқат” бағдарламасына келіп, марқұмның соңғы сөзін де айтып берді.
“Жүрегі тоқтап, бір сәтте кетіп қалды. Қатты қиналып, ауырған да жоқ. Осы студияда болды. Қасындағы жігіттердің айтуынша, су ішіп, жатып қалған. Содан оянбаған. Таңғы 9-дар шамасында жүріп кеткен. Соңғы демі қалғанша екеуміз студияда ән жаздық. Ағалы-қарындас болып араласатын едік. Тіпті жаназасын өзімнің үйімнен шығарғым келді. Бірақ имамдар рұқсат етпеді. Жан тапсырған студиядан орталық мешітке алып кетті. Бұл тақырыпта әңгіме айту маған қиын. Бірақ ақиқаты – осы”, – деді әнші.
Индира Елемес композитор отбасынан бөлек тұрғанын да жасырмады.
“Соңғы кезде жанұясын қатты сағынып жүргенін айтты. Бала-шағасы мен әйелін жиі айта беретін. Қанша уақыт өтсе де, әлі де ұмыта алмаймын. Ешкімді сөккім келмейді. Бірақ сондай тұлғаның жаназасын шығаруға келгенде үлкен сұрақ болып қалуы өте өкінішті. Не айтарымды да білмеймін?! “Үй болмаса, менің үйімнен шығарайық” деп айтқаным рас. Арман аға отбасын қатты жақсы көретін. Қызы Лондонда оқитын еді, соны уайымдайтын. Бір күні “Ұлым Абылай менің орнымды басады. Ол менің ізімді жалғастырады. Айсұлу да керемет келіншек. Сол қалпында жақсы көремін” деп айтты. Сол кезде кететінін сездірді. Бірақ біз тыйып тастап отырдық”, – деді өнер иесі.
Айта кетейік, бағдарлама ұжымы марқұмның отбасы студияға келуден бас тартқанын айтты.