Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңа тарихта қазақ байлығының Назарбаевтар әулетіне қалай өткені ашық жазылуы тиіс - тарихшы

Тарих ғылымдарының докторы, профессоры Жамбыл Артықбаев тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдық шындығы тарихта айтылмайды деп қынжылады. Тарихшының айтуынша, елімізде түрлі статистикалық мәліметтер жалған жасалатындықтан, тарихтың нақты құрылымын жазып шығу қиын іс. Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың кезеңінде бір әулеттің еншісіне кеткен байлық тарихта ашық айтылуы тиіс деген пікірін білдірді. Тарихшының сұхбаты "Сұрауы бар" YouTube арнасында жарияланды. 

"30 жылдыққа байланысты қарайын десең, ақпарат жоқ. Экономикада не болды? Қазақстанның экономикалық нысандарының бәрі бір отбасының қолына қалай өтті? Оның ерекшеліктері болады. Әлеуметтік өзгерістерге қатысты статистикаға сенбеймін. Сондықтан мен этно-әлеуметтік құрылымды көре алмаймын, зерттеу қиын. Назарбаевты жамандай беруге болады, бірақ оның ар жағында мысалдарын келтіру керек қой.

"Экономикада мынадай жағдай болды. Оның пәленшесі мына отбасының қол астына өтіп кетті. Тағы бір пайызы шашылды. Қалған пайызы халықтың қолында қалды. Әлеуметтік жағынан кедейлену қалай болды? Біз бәріміз орташа болып кірдік?". Соның бәрі тарихта жазылу керек. Құрылымды білмегеннен кейін ештеңе жаза алмаймыз", – дейді Жамбыл Артықбаев.



Сондай-ақ кезінде экс премьер-министр "Кенесары ханның басын Қазақстанға алып келемін" деген еді. Артықбаевтың пікірінше, Мәсімов осы қадамы арқылы қазақ халқына жағынуды ойлаған. Алайда ол билік басындағылар рухани, тарихи мәселелерге келгенде жағымпаздыққа бой алдырмауы керек деген пікірін білдірді. 

"Қазақ үшін Кенесары хан – символ. Оның бүкіл өмірі ұлтқа, мемлекетке қызмет істеумен өтті. Осындай тұлғаларды ешқандай елдің идеологиясы, саясаты бізге бермеуге тырысады. Өйткені олар – біздің төл тұлғаларымыз. Сондықтан Кенесарының басы таяу уақытта беріледі деп ойламаймын. 

Мәсімов өмір бойы Кенесарыны зерттеген адам емес. Оған біреулер: "Осы Кенесарының басын Қазақстанға әкелемін десеңіз, қазаққа жағасыз", – деп айтқан ғой. Ол Абай туралы да бір кітап шығарды. Оны да біреулер айтуы мүмкін. Бізде жағынуға дайын тұрады ғой. 

Қазіргі билік те халыққа жағынуға тырысады. Халықтың әлеуметтік жағдайын көтеремін деп жағынуға болады, ал енді саяси, ұлттық құндылықтарды популистік деңгейге түсіруге болмайды", – дейді Артықбаев. 


 

Талқылау