Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық ұстаздар білім беру курстарын қашықтан оқыды: Педагогтер жаңа оқу жылына дайындық қалай жүріп жатқанын айтып берді

Елімізде жаңа оқу жылы басталуға екі аптадан аз уақыт қалды. Білім министрлігінің мәліметінше, мектеп оқушыларына арнап бар жағдай жасалуда: балаларға тегін ноутбуктер мен планшеттер де таратылып қойыпты. Кейбір өңірлерде оқушылар дәстүрлі түрде білім алатын болса, Алматы, Нұр-Сұлтан сынды ірі қалаларында балалар қашықтан оқуды жалғастырады. Жаңа оқу жылына мектептердің дайындығы қалай? Бұл туралы Stan.kz тілшісі біліп көрді. 

оқушылар

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың сөзіне сүйенсек, жаңа оқу жылында еліміз бойынша 2,6 миллион мектеп оқушысы интернет-платформалар мен теледидарды қолдана отырып қашықтықтан білім алса, 530 мың бала кезекші сыныптарда және 157 мыңнан астам оқушы штаттық режимде оқиды екен. Шенеунік бір сыныпта оқитын балалардың саны 15-тен аспауы қажет екенін ескертті. 

Десек те қашықтан оқыту ата-аналар мен оқушылардан бөлек сарапшыларға да ұнамайтын көрінеді. Мәселен бұған дейін Дүниежүзілік банк мамандары қашықтан білім беру жүйесі өскелең ұрпақтың жаппай білімсізденуіне алып келетінін айтқан. 

Алматылық 122 мектеп директоры Әсемкүл Cмағұлованың сөзінше, білім министрі жаңа оқу жылы қашықтан оқыту форматында жүзеге асырылатынын мәлімдегеннен кейін білім беру орындарында қызу дайындық басталып кеткен. 

"Ең бірінші кезекте мектеп оқушыларының қашықтықтан оқуға техникалық тұрғыдан мүмкіндіктері анықталды; оның ішінде әлеуметтік аз қамтылған, қамқорлыққа алынған, көпбалалы отбасынан шыққан 112 оқушыға Жалпыға бірдей міндетті оқу қорынан қайтарымсыз негізде планшет беру көзделіп отыр. Аудандық «Ұстаз» кәсіподақ ұйымынан мектебіміздің көпбалалы мұғаліміне компютер берілмекші. Қашықтықтан ата-аналар жиналысы ұйымдастырылып, ата-аналар тарапынан жаңа оқу жылына дайындықтары анықталып, ұсыныстар ескерілді. Мектеп ұжымымен жаңа оқу жылының мақсаты мен міндеттері анықталып, онлайн форматта конференция ұйымдастырылды" , - дейді мектеп директоры.

Білім беру ошағының басшысы еліміз қашықтан оқытуға дайын еместігін алға тартты. 

"Менің ойымша, қашықтықтан оқуға мемлекетіміз толық дайын емес, себебі оқушылардың техникалық құралдарымен қамтылуы 100 пайызды құрамайды. Төртінші тоқсанда орын алған қиыншылықтарға оқушылардың смартфонмен білім алуын, интернет желісінің жылдамдығының төмен болуын, онлайн платформаның барлық оқушыларда болмауын атауға болады", - деп қосты мектептің бас ұстазы.

Бұған қоса ол қашықтан оқыту барысында байқалған біраз кемшіліктерді де атады. 

"Қашықтықтан оқытудың кемшіл тұстарына эмоционалды тұрғыда оқушы мен мұғалім, оқушы мен оқушы арасындағы тікелей байланыстың болмауы; сабақтың мақсатына жетуге бағытталған әдіс-тәсілдерді іске асыру мүмкіндігінің кемуі, сыныптағы жүйеленген дидактикалық материалдарды, демонстрациялық құралдарды көрсете алмау; барлық оқушыға дер кезінде кері байланыс бере алмау, т.с.с"

Мектеп директоры қазіргі пандемия жағдайында бірінші кезекте оқушының және мұғалімнің денсаулығы маңызды болуына байланысты оқушының қашықтықтан оқытылуы дұрыс деп есептейтінін жеткізді. Алайда бұл тұрғыда білім беру сапасы ақсайды екен. Бұған себеп - оқушылардың техникалық мүмкіндіктерінің бірдей еместігінде.



Әсемкүл Смағұлова мектептердегі кезекші сыныптар жайлы да сөз қозғады. 

"Білім негізі бастауышта болғандықтан, бастауыш мектеп оқушыларына қашықтықтан оқу белгілі бір қиыншылықтар туғызатыны сөзсіз, әсіресе бірінші сынып оқушыларын айтуға болады, өйткені олардың белгілі бір уақыт аралығында сабақта отыруға бейімделуі, каллиграфиясын реттеу, тапсырманы түсіну сынды қиыншылықтар кездеседі. Ал 11 сынып оқушылары интернет ресурстарды жақсы меңгерген, ҰБТ-ға дайындықты қашықтықтан алуға мүмкіндіктері бар", - дейді ол.

Мектеп басшысының айтуынша, қазіргі таңда ұстаздар Stepik.org платформасы ұйымдастырған "Қашықтықтан оқытуды үйренемін" атты курсты оқуда.

"Онлайн сабақ беретін ұстаздар арнайы курстан өтуі орынды деп ойлаймын. Курс барысында ұстаздар онлайн, офлайн оқытудың ерекшеліктері, соның ішінде синхронды, асинхронды оқыту, сабақ барысын жоспарлауды меңгерді", - дейді директор.

Сөзінше, білім министрлігімен ұстаздар толтыратын құжаттар тізімі бекітілген, соған сәйкес мұғалім толтыратын қағаздар әлдеқайда азайған. Ал карантин кезінде мектеп ұжымы қашықтықтан жұмыстарын атқарыпты.

Мектеп директоры қазіргі кезде мектепке жаңадан келген оқушыларды қабылдау онлайн форматта іске асырылып жатқанын қосты. Бұған қоса ол қашықтан оқыту үшін ескерілуі қажет бірқатар ұсыныстарын да жеткізді

"Қашықтықтан оқыту кезінде оқушылар мен ұстаздар оқуды іске асыратын платформа, ол платформаның қолжетімділігі, интернет желісінің жылдамдық мүмкіндіктері, төлемақысы, оқушылардың әлеуметтік жағдайлары ескерілуі қажет", - дейді Әсемкүл Дүйсеқызы.

оқушылар

№2 мектептің бастауыш сынып ұстазы Әсия Мырзахметованың сөзінше, алғашында барлық мектептерде кезекші сыныптар болатыны айтылған. Алайда кейіннен министрлік Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент сынды қалаларда оқитын балалар қашықтан білім алғаны дұрыс деген тоқтамға келіпті. Бұған себеп - індетті жұқтыру қауіптілігінің осы аймақтардағы жоғары көрсеткіші. 

"Балалар мен ұстаздардың қауіпсіздігіне байланысты ірі қалаларда төменгі сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар болмайтыны айтылды. Бұл туралы тамыз айында өткен конференцияда айтылды. Қаламыздың бас санитар дәрігері рұқсат бермей отыр екен. Жалпы өз басым бұл дұрыс шешім деп ойлаймын", - дейді тәжірибелі ұстаз. 

Сондай-ақ ол қашықтан оқыту бастауыш сынып оқушылары үшін қиынға соққанын айтады. 

"Қашықтан оқыту бастауыш сынып оқушылары үшін қиынға тиді. Білім бастауыштан басталады емес пе, білім сапасы да әлсіреп кетті. Бұл мектептің беделіне де әсер етеді. Жалпы менің ойымша, қашықтан білім беру жақсы нәтижелерге алып келмейді", - деп қосты Әсия Мырзахметова. 

Қашықтан оқытудың қиындығын ұстаздар да мектеп директоры да бір ауыздан мойындап отыр. Бұл білім деңгейінің әлсіреуіне алып келеді дейді олар. Дегенмен эпидемилогиялық ахуалға байланысты осылай оқуға тура келеді. Себебі бірінші кезекте - ұстаздар мен балалардың қауіпсіздігі. 

Дайындаған Дидар Халық

Талқылау