Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Вакцина салғызуы үшін қазақстандықтарға пәтер, автокөлік және шетелге жолдама ұсынылды: Елімізде қандай ұтыстар ұйымдастырылуда

Елімізде халықты вакцинациялау үрдісі әлі баяу қалыпта. Осы тұрғыда жергілікті билік өкілдері тұрғындарды екпе салдыруға ынталандыру мақсатында вакцина алғандардың арасында бағалы сыйлықтар, атап айтсақ, автокөлік пен шетелге саяхат, тіпті жаңа пәтер ұтысын ұйымдастыруда. 

ҚР денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вакцинациялау үрдісі басталғанда әр айда екі миллион адам екпе салғызады деп болжаған еді. Алайда оның айтқаны орындалмады. Айта кетсек, Қазақстанда вакцинациялау үрдісі басталғалы бері бес айда екпенің бірінші компонентін 2 920 407 азамат, екінші компонентін 1 793 400 азамат салғызған.

Халықтың вакцина алу үрдісін жылдамдату мақсатында жергілікті әкімдіктер түрлі ынталандыру шараларын өткізуде. 

Пәтер

Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов қалада вакцина алғандардың арасында пәтер ойнатылатынын жариялады. Оның сөзінше, ұтыс ойынына осы жылдың 25 маусымы мен 31 тамызы аралығында вакцинаның бірінші компонентін алатын 18 жастан асқан қала тұрғындары қатыса алады.



Маңғыстау облысында да екпе алғандар арасында пәтер ұтысы ойнатылмақ. "Екпе ал да, 2 бөлмелі пәтер ұтып ал" акциясына қатысу үшін тұрғылықты мекенжай бойынша емханада екпе салдырып, QR код арқылы сайтқа тіркелу қажет. Акция 1 ай жүргізіледі.  Сонымен қатар, аймақта әр апта сайын бағалы сыйлықтар ойнатылады

Жаңа көлік

Елордадағы ірі MEGA Silk Way ойын-сауық орталығында вакцина салғызғандар үшін Hyundai Accent автокөлігінің ұтысы жарияланды. Науқан 23 маусым мен 31 тамыз аралығында өткізіледі. Жаңа көлік ұтысы Алматыда орналасқан Mega сауда, ойын-сауық орталықтары желілерінде де ұйымдастырылады. 

Шетелге жолдама

Алматыда шетелге жолдама ұтысы жарияланды. Бұл туралы Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаева мәлімдеді. 

"Біздің "вакцина ал – жүлде ал" науқанымыз жалғасын тауып отыр. Екпенің бірінші компонентін салдырып, БАӘ-де екі адамның демалысына жолдама ұтып алу мүмкіндігіне ие болыңыз. Сертификатты өзіңізге қолайлы уақытта пайдалану мүмкіндігімен беріледі. Науқан 24 маусымда басталып, 11 шілдеге дейін жалғасады. Жеңімпаздарды тікелей эфирде анықтаймыз", – деп жазды ол.

Жаңа смартфондар

Елордадағы вакцинациялау пунктерінде iPhone, Алматыда Samsung Galaxy S21,  Талдықорғанда VIVO смартфондарының ұтысы жүріп жатыр. Ұтыс ойындар қала әкімдіктерінің қолдауымен өткізілуде. 

Айта кетсек, бұл сыйлықтардан бөлек, ірі мегаполситерде басқа бағалы заттар, атап айтсақ, шаңсорғыш, ыдыс жинағы, қысқа толқынды пеш, шаш кептіргіш және басқа да қажетті заттар таратылған. Ал елордада сауда, ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінде екпе алғандар компьютерлік және тұрмыстық техникалар ұтысы өтуде. Кейбір қалаларда вакцинациядан өткендерге дельфинарийге, сырғанақтарға билет, киім сатып алуға және мерамханада тамақтануға сертификат берілуде. 

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда кейбір ұйым қызметкерлері міндетті вакцинациялаудан өтуі керек екені айтылған еді. 

Талқылау