Сақина үшін өлтіріп, көңілдесіне апарып берген: Жамбыл облысында ер адам балабақша тәрбиешісін өлтірді деген күдікке ілінді
Жамбыл облысында ер адам балабақша тәрбиешісін өлтірді деген күдікке ілінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: shutterstock.com
Желідегі ақпаратқа сәйкес, Жаңатас қаласындағы балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейтін әйел Тараз қаласына бармақ болып, үйінен шығып, жоғалып кеткен. Әйелдің күйеуі мен баласы оны өз беттерімен іздеп, таба алмаған соң полицияға шағымданған.
Сол күні кешке қаладағы теміржолдың жанынан жоғалған әйелдің зорлық-зомбылық белгілері бар мәйіті табылды. Желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, әйелдің өліміне басынан алған соққы себеп болуы мүмкін, мәйіттің жанынан қанға боялған тас табылған.
-
"Көзін ойып, тістерін жұлып алған": Алматыда мәйіті ала дорбадан табылған әйелдің анасы қызының айуандықпен өлтірілгенін айтты
Ақпаратқа қатысты Жамбыл облыстық полиция департаменті түсініктеме берді.
"Кісі өлтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 34 жастағы күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Қазіргі уақытта іс бойынша тергеудің толықтығын және жан-жақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған барлық қажетті жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде", – делінген полиция хабарламасында.
Ер адам көшеде әйелді көріп, ақша сұрай бастаған. Әйел ақша беруден бас тартқан соң ер адам оның басынан таспен бірнеше рет ұрып, әйелдің қолынан екі алтын сақинаны алған. Қылмыстың ізін жасыру үшін оны темір жолға сүйреп апарып, өртеп жіберген.
Осыдан кейін күдікті өзінің 45 жастағы көңілдесіне барып, ломбардқа өткізу үшін сақиналарды берген. Полицейлер барлық заттай айғақтарды тәркіледі.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда қоқыс өңдеу орнында әйелдің бөлшектелген денесі табылғаны туралы жазған едік.