Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда биыл БАҚ өкілдерін марапаттауға 35,2 миллион теңге бөлінген

Фото_ kp.ru журналистерге берілетін сыйлықФото: kp.ru 

Соңғы 5 жылда мәдениет және ақпарат министрлігі ақпарат саласындағы мамандарға арналған сыйлықтар мен гранттарға бірнеше миллион теңге бөлгенімен, негізгі қаражат өңірлік БАҚ пен мультимедиялық жобаларды қаржыландыруға кеткен. Осы ретте Stan.kz кейінгі жылдарда бюджеттен қанша қаржы бөлінгенін және бұл шаралардың мақсаты қандай болғанын зерттеп көрді.

Мәдениет және ақпарат министрлігі соңғы жылдары мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыруға бөлінген қаражат ішінде ақпарат саласындағы қайраткерлерді ынталандыруға ерекше мән беріп келеді. Редакция жүргізген талдауға сәйкес, соңғы бес жылда осы мақсатқа бөлінген қаржы мөлшері тұрақты түрде артқан.

Мысалы, 2021 жылы – 14,5 миллион теңге, 2022 жылы – 14,5 миллион теңге, 2023 жылы – 34,3 миллион теңге, ал 2024 жылы журналистика және медиа саласында еңбегі сіңген мамандарға сыйақылар мен марапаттар беру үшін 34,2 миллион теңге бөлінген.

Биылғы "Бюджеттік бағдарламаларды іске асыру мониторингінің қысқаша есебінде" бұл көрсеткіш 35,2 миллион теңге деп көрсетілген.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі сайтынан скрин

Осы ретте редакция мәдениет және ақпарат министрлігінен ақпарат саласындағы қайраткерлерді ынталандыруға қандай бағытта іріктелетінін сұрап білдік.

“Президенттің 2013 жылғы 22 наурыздағы №190 "Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлықтарын беру, гранттарын тапсыру және Алғысын жариялау қағидаларын бекіту туралы" өкіміне сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдарында еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірін сапалы түрде жариялау, сондай-ақ журналистердің кәсіби өсуін ынталандыру мақсатында жыл сайын 4 сыйлықтан және 4 гранттан аспайтын мөлшерде тағайындалады, сондай-ақ БАҚ шығармашылық ұжымдарына президенттің Алғысы жарияланады", – деп жауап берді мәдениет және ақпарат министрлігі.

Министрлік заңдағы 2-тармақ бойынша медиа саласында өзіндік үлес қосқан журналистерге президенттің сыйлықтары мен гранттары берілетінін айтты.

“Медиа кеңістіктің дамуына үлес қосқан талантты журналистер президенттің жыл сайынғы сыйлықтары мен гранттарына кандидат ретінде ұсыныла алады. Ал 3-тармаққа сәйкес жеке журналистер ғана емес, медиа ұйымдарының толық ұжымдары да марапатқа ұсынылады. Оған баспа басылымдары, теле және радиоканалдар, бағдарламалар, редакциялар, интернет-ресурстар сияқты бұқаралық ақпарат құралдарының шығармашылық ұжымдары кіреді", – деп пікір білдірді ведомство.

Бұдан бөлек 4-тармақта сыйлықтардың қандай мақсатта тағайындалытыны айтылды. 

"Журналистердің елдегі реформалар мен жобаларды жариялаудағы шығармашылық еңбегі, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға қосқан үлесі, демократиялық мәдениет пен азаматтық қоғамды дамытудағы еңбегі, сондай-ақ Қазақстанның шетелдегі имиджін қалыптастырудағы үлесі үшін беріледі", – делінген министрліктің жауабында.

Ал 22-тармақта көрсетілгендей кандидаттарды ұсынудың өзіндік тәртібі бар екен. Мұнда үміткерлерді бұқаралық ақпарат құралдары, шығармашылық одақтар, қоғамдық бірлестіктер және мемлекеттік органдар ұсына алады, ал шығармашылық ұжымдарға алғыс жариялауға шығармашылық одақтар, қоғамдық бірлестіктер және мемлекеттік органдар құқылы.

Айта кетейік, алайда, министрлікке бөлінген бюджеттің негізгі бөлігі 2024 жылы өңірлік және республикалық басылымдарда, интернет-ресурстарда, телеарналарда материалдар жариялау, аналитикалық зерттеулер жүргізу, мультимедиялық контент әзірлеу және жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл сияқты бағыттарға жұмсалған.

Бұл үшін 62,8 миллиард теңге қарастырылған. Осылайша, ақпарат саласындағы жеке тұлғаларды ынталандыруға бөлінген қаражат жалпы бюджет көлемімен салыстырғанда аз, бірақ саланың кәсіби өсуі мен сапалы контент қалыптастыруда маңызды рөл атқарып отыр.

STAN.KZ
Жұма, 05 Желтоқсан, 2025 18:57