"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік
Фото: Unsplash.com
Қазақстандық дәрігерлердің жалақысы туралы кейінгі кездері жиі айтылып жүр. Жергілікті дәрігерлер еңбекақы жұмыс күшіне лайық емес екенін айтса, шетелде оқып, жұмыс істеп жүрген мамандар өзге елде бұл қызмет қаншалықты бағалы екенін жеткізіп жүр. Осы орайда Stan.kz сайты Қазақстандағы және шетелдегі дәрігерлердің жалақысын біліп, салыстырып, айырмашылығын анықтады.
Қазақстанда дәрігерлер қанша жалақы алады?
Қарағандыда 230 мың теңге
Қарағандылық жалпы практика дәрігерінің айтуынша, күнделікті қабылдаулар ешқашан уақытында аяқталмайды, себебі бір пациентке 15 минут бөлінеді. Ал 15 минутта дәрігер пациентті қарап үлгермейді, құжатты да толтыру керек.
Дәрігер қабылдаудан бөлек мына жұмыстарды атқаруға мәжбүр: мүгедектікті рәсімдеу, КТ, МРТ, үй стационарларын ашу, скринингтер (флюра, маммография және т.б.), вакцинация, диспансеризация және қабылдаудан кейінгі үйге 5-6 шақырту. Ал жұмысы үшін 230 мың теңге алады екен.
"7 жыл оқыған дәрігерлердің бәрі поликлиникаларда жалпы практика дәрігері болып жұмыс істейді. Байқасаңыздар, мұндай дәрігерлер емханаларда көп уақыт жұмыс істемейді, жиі ауысады, тұрақтамайды. Себебі жүк көп, жұмыс көп, ал жалақы мардымсыз. Бұл дәрігерлерді шаршатып жібереді. Осындай жұмыста қалмас үшін дәрігерлер әрі қарай 3 жыл тағы оқып, салалық медицинаға ауысады. Ал салалық дәрігерлер бірнеше жерде қатарынан жұмыс істейді. Бір жерде 2 күн, бір жерде 3 күн, бір жерде бірнеше сағаттан бірнеше күн дегендей. Олар осылай күн көреді", - дейді дәрігер.
Ол жалпы практика дәрігерлерінің майда жұмыстары көп екенін айтып отыр.
"Дәрігерлердің жұмысы шынымен өте көп. Жоғарыда отырған кісілерге де айтуға оңай, бірақ қара жұмысты істеп жатқан біз болғандықтан бізге барлық жүк түседі. 230 мың теңге жалақы аламын. Жалпы практика дәрігері үшін бұл жалақы аз. Біз премия да алмаймыз. Жұмыс өтілім 5 жыл, сонда да алатыным осы. Бұған қосымша ретінде мен әрқашан қосымша екінші участок алуға тырысамын, яғни +0,5 ставка", - дейді ол.
Астанада 255 мың теңге
Ал Ұлмекен Жандулаева - Астанадағы қалалық ауруханада балалар неврологы. Ол таңғы 8.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істеп, қолына 255 мың теңге алады. Осы жұмысқа тұруы үшін ол 10 жыл өмірін медицинаның ақылы бөлімінде оқуға арнаған.
“Қазір қалалық ауруханада балалар неврологы болып жұмыс істеймін. Жалақы өзгермеді. Алайда күндізгі, түнгі кезекшілік алынса, жалақы үстінен қосылуы ықтимал. Шетелде оқуға кеткен әріптестерім бар, әрине олардың жалақысы, жұмыс уақытында өзгешелік болады”, – дейді ол.
Шымкентте 109 000-350 000 теңге
Ал Qyzmet.kz сайтындағы бағаларға сенсек, Шымкентте дәрігерлер шамамен 109 000-150 000, 200 000-250 000, 300-350 000 теңге жалақы алады. Жұмыскерлердің арасында 400-700 мың теңге қсынатындар да бар, бірақ бірең-cараң.
Дәрігерлердің жалақысы аз екені әлеуметтік желіде де бірнеше рет көтерілді. Желідегілер сонша жыл оқыған мамандар, өлім мен өмір арасында арпалысатын азаматтар неліктен аз ақша алатынына таңданып отыр.
"Денсаулық сақтау министрлігінің брифингі болды. -Жалақыңыз өсті ме? -Жоқ, бұрыңғы жалақыны алып жүрмін, өскен жоқ, айлық жалақым 1 500 000 теңге. Ал енді не дейміз, бұл министрлікте отырған біреу ғана. Олардың қаншасы 1 500 000 алады екен? Сол кезде журналист қыз “Астанадағы белгілі ауруханада патологанатом оқуын 9 жыл оқыған дәрігер жалақы ретінде 120 000 теңге алатынын білесіз бе?” десе, "Иә, білеміз" деген сынай танытты. 1 500 000 жалақы алатынын айтқаннан кейін елдің экономикасы нашар екен. Кім кімді...", - деп пікір білдірді тағы бір қазақстандық.
Тағы бір қазақстандық дәрігер 11 жыл оқып, 117 мың теңге жалақы алғанын айтты.
"Қазақстандағы халық жағдайын көргің келсе, Enbek.kz-ті ашып, жалақы мөлшерін қарау жеткілікті. Жұмыс берушілер қалай ұялмай 85 мың айлық қояды? Таңнан кешке дейінгі жұмыс үшін? Ең сорақысы, 11 жыл оқыған дәрігер-анестезиологқа 117 мың теңге дегені үшін барлық дисфимизм лексикам іске қосылып жатыр. Осыны көреді де жастар "Одан да газель айдамаймын ба?" дейді ғой", - деп пікір білдірді желі қолданушы.
Кейбір дәрігерлер артық жұмыс істеп шаршағаннан, e-otinish арқылы шағым түсіруге дейін барған.
"Бүгін мен жұмыс істеп жатқан емханада кішкене шу шықты. Бір дәрігер артық жұмыс істеп жатырмын деп, e-otinish-ке шағым жазыпты. Бір жағынан түсінемін. Бірнеше жылдан бері жұмыс істеп жатқан дәрігер, көп участоктерде дәрігер жоқ, оған қоса біраз дәрігер демалыста, сондықтан бізге көп адам келеді. Ал айлық болса, өте аз. 250 мың теңге, оған 0,5 ставка қосса, қағаз жүзінде 100 қосылады. Сонда қолға түсетіні 300 мыңның аржақ-бержағы. Дәрігерлер емханаға жұмысқа келгісі келмейді, ал мұнда жүргендер жанкешті. Бір жағынан администрация көбірек ақша түссін деп, 0,5 ставка қосып, жағдай жасап отыр. Фильтрға бөлек адам қояйын десе, айлық аз, ешкім отырмайды. Проблеманы тек бір нәрсемен шешуге болады, ол - жақсы жалақы. Жақсы жалақы төлесе бәсекелестік көп болады, жұмыс та сапалырақ болады, бос орын болмайды", - дейді ол.
Ал Алматыдағы емханада жұмыс істейтін эндокринолог дәрігер жалпы практика дәрігерінен де аз алады екен, 160.000 теңге.
“Мен балалар хирургімін. Поликлиникада 250 мың теңге айлық аламын. Қосымша табыс болу үшін жеке клиникаға қабылдауға барамын. Бірақ әр барған сайын өзімді "шақыртумен жүретін қыз" сияқты сезінемін. Себебі жеке клиникада пациенттердің үлкен ағыны жоқ, хирург жағдайға байланысты ғана, сирек шығады. Ал шын мәнінде жаңалықтарда айтылатын жалақыны алғым келеді. Министрлік "дәрігерлер 800 мың теңгені оңай табады" дейді, неге өтірік айтады?”, – дейді ашынған дәрігер.
“Аула сыпырушылар 350 мың, ал дәрігерлер 250 мың теңге алады”
Тағы бір жерлесіміз дәрігерлердің еңбекақысы аула сыпырушылардікінен аз екенін жеткізді.
“Алматыда аула сыпырушылардың жалақысын 350 мың теңгеге көтерді. Мен олар үшін шынымен қуаныштымын! Әр еңбек бағалануы керек! Бірақ осы уақытта 7–9 жыл оқыған дәрігерлер 100 мың кем жалақы алады. Бәлкім аула сыпырушы болған дұрыс шығар? Сонда біреудің өміріне жауапты болмайсың, құрметсіздік көрсететін пациенттермен де бетпе-бет келмейсің, ал жалақың жоғары болады”, – дейді қазақстандық.
Шетелде дәрігерлер қанша жалақы алады?
Германияда 3-6 миллион теңге
Германияда жұмыс істеп жүрген жерлесіміз дәрігер Венера Черникованың берген мәліметіне сай, Германияның емханасында жұмыс істейтін дәрігерлер санатына қарай 5500 еуродан (3 268 000 теңгеден бастап, 11 460 еуроға дейін (6 млн 810 000 теңге) жалақы алады.
Ординатор дәрігерлер 5500-7069 еуро (3 268 000-4 201 000 теңге)
Дәрігер специалистер 7 258,93-9 322,29 еуро (4 313 000-5 540 000 теңге)
Аға дәрігерлер 9 092,24-10 391,15 еуро (5 403 000-6 175 000 теңге)
Бас дәрігерлер 10 695,40-11 459,97 eуро (6 356 000-6 810 000 теңге) жалақы алады.
"Қазір Германияда, Төменгі Саксония (Niedersachsen) деген жерде дәрігер болып жұмыс істеймін. Қазір салалық дәрігер болу үшін Weiterbildung бағдарламасынан өтіп жүрмін. Жалақы тарифтік кесте бойынша есептеледі. Жұмыс аптасына 40 сағат, бұл 1 ставка болып есептеледі. Қосымша кезекшіліктер бар. Жұмыс күні 07:30-дан 16:00-ге дейін. Ереже бойынша бір дәрігерге 10–14 пациент болуы керек, бірақ біз барлық процедураларды өзіміз жасаймыз: көктамырды табу, қан алу (Қазақстанда мұны медбикелер орындайды), ЭКГ-ны өзіміз оқимыз және УДЗ жүргіземіз (ал Қазақстанда бұл үшін функциялық диагностика дәрігері бар). Сондықтан бір дәрігерге 10–14 пациент аз сияқты көрінгенімен, барлық процедура, қараулар, зерттеулер, туыстарымен әңгімелесу сияқты жұмыстарды қоса есептегенде, жүктеме жеткілікті. Қазақстанда емханада да, стационарда да жұмыс істегенмін. Сондықтан елдегі дәрігерлердің еңбегі әлі де тиісті деңгейде бағаланбайтынын сенімді түрде айта аламын. Өкінішке қарай, медициналық көмекке жүгіну мәдениеті және медицина қызметкерлеріне деген көзқарасты да айтарлықтай жақсарту қажет. Медициналық қызметкерлерді кәсіби әрі әлеуметтік түрде қорғау керек", - дейді ол.
Австрияда 2,1 миллион теңге
Жансая Үмбетқызы – Австрияда жұмыс істейтін отбасы дәрігері. Жолдасы екеуі Венада тұрады. Екеуі де сонда резидентура оқып жүр.
“Демалыс күндері жұмыста болса немесе жұмыс күндері түнгі ауысымға шықса, соған сай азырақ немесе көбірек алуға мүмкіндік бар. Салықтарды алып тастағанда қолымызға 3800-4000 еуро (2,1 миллион теңге) аламыз. Бұдан бөлек жылына 2 рет демалыс ақшасы деп екі есе айлық беріледі.
Дәрігер Қазақстандағы Денсаулық сақтау саласына қатысты проблемаларға алаңдайтынын айтты. Медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруді қойғанда, жақсы, сапалы қызмет ете алу үшін дұрыс жүйе қалыптастыру керек дейді ол.
Америкада 23-11 миллион теңге
Америкалық дәрігерлердің жалақысы қазақстандықтарды ғана емес, әлем дәрігерлерін таңдандырады.
Америкалық дәрігерлердің мамандығы бойынша орташа жылдық жалақысы:
• Ортопедия және ортопедиялық хирургия: 564 000 доллар (Жылына 285 млн теңге. Айға шаққанда 23 750 000 теңге)
• Пластикалық хирургия: 544 000 доллар
• Кардиология: 520 000 доллар
• Гастроэнтерология: 513 000 доллар
• Урология: 505 000 доллар
• Анестезиология: 501 000 доллар
• Отоларингология: 484 000 доллар
• Онкология және гематология: 472 000 доллар
• Дерматология: 454 000 доллар
• Жалпы хирургия: 434 000 доллар
• Реаниматология (интенсивті терапия): 418 000 доллар
• Офтальмология: 409 000 доллар
• Патология: 388 000 доллар
• Жедел медициналық көмек: 388 000 доллар
• Акушерлік және гинекология: 372 000 доллар
• Нефрология: 363 000 доллар
• Психиатрия: 341 000 доллар
• Неврология: 332 000 доллар
• Аллергология және иммунология: 319 000 доллар
• Отбасылық медицина: 281 000 доллар
• Жұқпалы аурулар: 277 000 доллар
• Диабет және эндокринология: 274 000 доллар
• Қоғамдық денсаулық және профилактикалық медицина: 269 000 доллар
• Педиатрия: 265 000 доллар (Жылына 133 965 953 теңге. Айға шаққанда 11 163 000 теңге)
Оңтүстік Кореяда 5-17 миллион теңге
Оңтүстік Кореяда тәжірибеден өтіп жүрген қазақстандық студенттің айтуынша, Қазақстандағы дәрігерлердің бір айлық жалақысын ол жақтағы мамандар жарты күнде табады. Сонда оңтүстіккореялық дәрігерлер күніне шамамен 500 мың, айына шамамен 15 млн теңге алады.
"Оңтүстік Кореямен салыстырғанда бізде жалақы да, өмір сүру деңгейі де төмен. Бірақ бәрібір де әлемдік стандартпен қарасақ, бізде дәрігерлердің айлығы өте төмен. Мен елімізде дәрігерлердің жалақысы 240 мың теңгеден басталатынын біле тұра, оларға көбірек көрсетейін деп, айына 1000 доллар дедім (шамамен 500 мың теңге)", - дейді ол.
Ауыр және шұғыл медициналық көмек көрсететін ірі ауруханалардағы дәрігерлердің жалақысы жылына 201 миллион вон (жылына 69 млн теңге, айға шаққанда 5 750 000 теңге).
- Офтальмолог дәрігерлер орташа есеппен 615 миллион вон (айына 17 583 333 теңге)
- Жеке ортопед дәрігерлер 471 миллион вон (айына 13 473 000 теңге)
- Отоларингологтар 413 миллион вон (айына 11 815 535 теңге)
- Анестезиологтар және алгология мамандары шамамен 391 миллион вон (айына 11 185 676 теңге)
Түркияда 767 000 теңгеден бастап, 2,5 миллион теңгеге дейін
Дәрігер Рузаннаның айтуынша, Түркияда жұмыс істейтін отбасы дәрігерлері 1500 доллардан бастап (767 000 теңге), тәжірибелілері 3 000 долларға дейін (1 535 000 теңге) алады. Ал салалық дәрігерлер 2500-4000 доллар (1 млн 280 000-2 млн 47000 теңге) жалақы алады.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік