Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері ізімізге түсті": Ереуілге шыққан "Қазақмыс" шахтерлері Тоқаевқа үндеу жолдады

Ереуілге шыққан "Қазақмыс" корпорациясының кеншілері президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, қарулы күштердің тарапынан қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “КазТАГ” басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Ереуілге шыққан жұмысшылар мемлекет басшысына жанайқайын жеткізді.

“Талап қойып, ереуілге шыққанымызға үш күн болды. Ал “Қазақмыс” корпорациясының басшылығы бізді адам құрлы көрмейді, шахтерлермен, жұмысшылармен санаспайды. Біздің ереуіл неден басталды? Бұған дейін жұмысшылар арасынан бастамашыл топ құрғанбыз. Ол халықтың тілегін басшылыққа жеткізе алуы үшін біз өз өкілдерімізді жұмысшылар арасынан сайладық. Олар біздің талабымызды басшылыққа жеткізіп тұрды. Сөйтіп Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері сол адамдардың ізіне түсті. Жалақыны көтеруді талап еткеніміз үшін сотпен қорқытты. Бұл ереуіл емес, митинг емес, басшылық пен жұмысшылар арасындағы дау”, – деді жұмысшалырдың бірі.

Сондай-ақ кеншілер жалақы деңгейіне қатысты тараған ақпаратты да жоққа шығарды.

“Әлеуметтік желіде кеншілердің ең төменгі жалақысы 800 теңгеден басталады деген жалған ақпарат тарап жатыр. Осы үш күнде "Қазақмыс" басшылығының өкілдері, прокурор, Сәтбаев әкімінің орынбасары келіп, бізбен кездесіп, сөйлесті. Бұл кездесуде біз үш талап қойдық. Біріншісі – Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер органдары өкілдері бастамашыл топ мүшелерін қудалауын тоқтатсын. Екінші талап – 13-жалақы. Осы уақытқа дейін жұмысшыларды алдап, 13-айлық деген желеумен жалаң айлық қана беріп келеді. Үшіншіден, жалақыны бірге бір көтеруін талап етіп отырмыз”, – дейді жұмысшы.

Кеншілердің айтуынша, бірінші күні келісімге келу сәтсіз аяқталды. Екінші күні прокуратура, әкімдік өкілдері мен ардагерлер шахтаға түсті.

“Алайда мәселе сол күйі шешілген жоқ. Кеншілердің жалақысы 500 мың теңгеден басталады. Басқарма өкілдерімен, прокуратурамен, облыс басшыларымен сөйлескен соң, кеншілер өзара ақылдасып, жалақыны бірге бір көтерсін деген талаптан бас тарттық. Үшінші күні біз мұны басшылыққа жеткізгіміз келді, бірақ қазір басшылық бізбен сөйлескісі келмейді. Біз енді жалақыны бірге бір емес, айлыққа 300 мың теңге және 50 АЕК көлемінде қосымша тоқсан сайынғы үстемеақы қосуды және 13-жалақы мен нақты айлық арасындағы айырмашылықты төлеуді талап етеміз”, – дейді жұмысшылар тарапы.



Кеншілер адамдар жалған ақпаратқа сеніп қалмас үшін үндеу жолдағанын айтты. Олар қоғамдық тәртіпті бұзу, тіпті заң бұзушылық жасау ойларында жоқ екенін жеткізді. 

Сондай-ақ Ұлытау өңіріндегі "Қазақмыс" корпорациясы шахталарының біріне қара киім киген адамдарды орналастығаны белгілі болды. Желіде тараған видеодан полиция автобусы, қара киім киген адамдар мен бірнеше автобус тұрғанын көруге болады. 

Кейін оқиға орнына Ұлттық ұлан қызметкерлерінің жеткені белгілі болды. Алайда “Қазақмыс” корпорациясы да, жергілік полиция департаменті де тараған ақпаратқа қатысты пікір білдірген жоқ. 

Ұлытау өңіріндегі кеншілердің ереуілінен кейін басқа шахталардың жұмысшылары, атап айтқанда, Жамбыл (Жайсан кеніші) мен Қарағанды ​​облысындағы (Саяқ кеніші) жұмысшылар да жұмысын тоқтатты. Олар әріптестерін қолдау мақсатында басшылыққа өз талаптарын қойды. 19 желтоқсанда кешке сол өңірлердегі екі кенішпен және Ұлытаудағы Жезқазған мыс қорыту зауытының басшылары келісімге келді. 20 желтоқсанда Жамбыл облысындағы Шатыркөл кенішінің басшылығы мен кеншілері мәмілеге келді. “Қазақмыстың” мәліметінше, ондағы жұмыстар қалпына келтіріліп, жұмыс беруші мен қызметкерлер еңбек жағдайы бойынша ортақ келісімге келді. 

Еске салайық, бұған дейін "Қазақмыс" корпорациясының Сәтбаевтағы кенішінің жұмысшылары талаптары орындалмайынша наразылықтарын жалғастыратындарын айтты. 17 желтоқсанда қызметкерлер жалақыны екі есе арттыруды талап етіп, наразылыққа шыққан. Компания жалақыны 8,5% индекстеуге уәде берсе де, жұмысшылар риза емес. 18 желтоқсанда компания басшылығы мен кәсіподақ өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Олар жалақыны арттыру аймақтағы және салалық айырмашылықты ұлғайтуы мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар 2025 жылдан бастап жаңа ұжымдық шарт бойынша қаржылық көмек пен өтемақы көлемі артатынын хабарлаған еді. 

Талқылау