Ұлыбританияда оқып жүрген қазақ жігіті: “Жастар жан-жақты дағдылар қалыптастырса, болашағы жарқын болатынына көзім жетті”
Бүгінде адам бойындағы жақсы қасиет оның тек білімімен, тәрбиесімен ғана өлшенбейді. Сан түрлі саланы меңгеруі, адамдармен тіл табыса алуы, бірнеше тілді жетік білуі де үлкен маңызға ие. Яғни бойда бірнеше дағды қалыптастыра білген адам әрқашан өз есігін еркін табады. Осы орайда Stan.kz ақпарат агенттігі 4 тілді меңгерген, “Болашақ” степендиясының иегері, Ұлыбританияның Бирмингем қаласында білім алып жүрген Ернар Райымханмен тұлға бойындағы түрлі қабілеттер жастардың жарқын өміріне қалай әсер ететіні жайлы әңгімелесті.
- Ернар, бойыңда бірнеше қасиетті жиған, ел болашағы үшін әрекеттеніп жүрген жастардың бірісің. Жалпы өзіңді таныстырудан бастасаң?
- Ернар Райымхан: Шынында білімімді жетілдіру үшін “Болашақ” бағдарламасымен магистратураға Ұлыбританияға түстім. Негізінде бұл жолға кәсіп жетелеп келді. Жоғарғы оқу орнын тәмамдағаннан кейін бизнесте өзімді сынап көрдім. Бірақ коммерция бағытында білетінім аз болан соң, сол істі жүйелендіру, болашағына жоспар құру мақсатында білім алғым келді.
Өзім Түркістан облысы, Түлкібас ауданының тумасымын. 26 жастамын, үйленгенмін. Қазір Ұлыбританияның Бирмингем қаласында Бирмингем университетінде магистратурада электр-энергетикалық жүйелер инженериясы мамандығы бойынша оқып жатырмын. Арманым энергетика саласында елге пайдалы дүние жасау.
- Әрине бүгінде тіл - сол елде байланыс құралы ғана емес, мәдениеті мен тарихына, ғылымына дендеудің басты көзі. Өзің шекара асқанда қиналған жоқсың ба?
- Ернар Райымхан: Негізінде мен 4 тілді меңгергенмін. Қазақ, орыс тілімен қатар, ағылшын және кәріс тілін білемін. Содан да болар менің болашақ арманыма қанат бітірген осы тілге деген қызығушылық. 2 сыныпта мектепте ағылшын тілін үйретті ғой. Сол кезден тіл білуге деген құштарлық ашылды. Бірақ орта жолда кішкене кідіріс болып, 10 сыныпта қайта қолға алдым. Бұған үлкендер себепші болды. Сол кісілердің ақыл-кеңесіне жүгіне отырып ағылшын тілін қосымша сабақтарға барып оқи бастадым. Нәтижесінде тіл білу адамға жаңа мүмкіндіктер ашатынына көзім жетті. Маған ағылшын тілін үйренуге мектептік білім жетпеді. Қосымша курстарға бардым, кейін өздігімше дайындалып, ізденіп, білімімді жетілдіре түстім.
Ал кәріс тілін Кореяға оқуға түскенде үйрене бастадым. Мен мектептен кейін 1 жыл Кореяда болдым. Сол жақтағы білім ордасында өзінің қосымша курстары болатын. Соған жазылып үйренуге талпындым. Жалпы кәріс тілі түркі тілдес ұлттарға оңай берілетін тілдерден екен. Әсіресе қазақ халқының сол тілге деген бейімділігі бар. Біздің тіл өте әмбебап тіл. Ағылшынға да, кәрісшеге де кете береді. Мысалға АҚШ-та тәжірибе жетілдіруге барғанымда сол жақтағы қазақтардың еш акцентсіз сөйлеп жүргенін көріп қазақ халқының тілді еркін меңгере алатынына көз жеткіздім.
Кейін мамандығымды ауыстыруға шешім қабылдап, Алматыдағы энергетика және байланыс университетін түстім. Осылайша 4 жылдық білімнен кейін “Болашақ” бағдарламасымен Ұлыбританияға магиструтураны жалғастырдым. 2021 жылы бастадым, бұйырса биыл қыркүйек айында аяқтаймын.
- Қазір бірнеше тілді жетік меңгерумен қатар, адам бойындағы қабілет те ерекше бағаланады. Бойыңда тағы қандай дағдылар бар?
- Ернар Райымхан: Иә, дұрыс айтасыз. Адам бойындағы дағды, қабілет қоғамда үлкен рөл ойнайды. Оған Ұлыбританияда көз жеткіздім. Өйткені мұнда, яғни шетелде осы жағдайға қатты көңіл бөледі екен. Жастарды арнайы түрлі іс шараларға белсенді түрде қатыстыру арқылы бойдағы қосымша дағдыларды жетілдіреді. Дағдыны ағылшынша “скилл” деп айтады. Адамға бірнеше дағдыны меңгеру барлығына пайдалы деп санаймын. Өйткені бір ғана тілді біліп қана емес, адам басқа жағынан да өзінің қабілетін көрсете білуі керек. Оған әрине бірінші жағдайда тіл әсер етеді. Өзге тілді меңгеріп шетелге шығасың және сол жақта қосымша бойыңа дағды жиясың. Өйткені жай ғана адамдармен қарым-қатынас жасай білудің өзі үлкен дағды болып есептеледі. Тіпті кей тұста білім екінші санатта қалып кететін жағдайлар болады. Себебі адам өзін ортадағы белсенділігі, сол ортаға бейімділігі, іс шаралараға қатысуы оның қандай адам екенін нақтылайтын бір себеп іспетті.
Мен оқу аяқтағаннан кейін бойдағы қабілетімді шыңдау үшін кәсіп бастадым. Бизнесті коммерция саласында жүргіздім. Дизель генераторлары, арнайы техникалар сатқым келді. Осы өзім аяқтаған сала бойынша. Кәсіппен айналысқаннан кейін оның өзіндік ішкі процестері болады, соны жетілдіру жағдайы бар дегендей. Адамдармен қарым-қатынас, сату бөлімі, осының бәрін жетілдіре білу керек. Жалпы бизнес шығармашылық қой. Адам өзінің білгенін, қалағанын қандай жолмен іске асырады. Соны іске асыра отырып, қандай нәтиже береді. Осыған мән береді. Негізі қазір көпшілігі материалды тұрғыда мақсат қояды, бірақ кәсіптегі басты мақсат ең бірінші оны жүйелендіру. Егер жүйелендіре алсаңыз, барлық процестер дұрыс жасалатын болса материалдық нәтиже өзінен өзі келе береді. Қазіргі оқуға сол бизнесті жетілдіру мақсатында келдім. Өйткені біраз білім жинау керек болды. Ал білім бизнесті жүргізуге үлкен демеу. 30 жасқа дейін барлық нәрсені көріп біліп қалу керек деген мақсат. Барлық салада өзімді сынап көру.
- Сөзіңде үйленгенмін дедің. Қазір отбасыңмен Ұлыбританияда тұрып жатырсың ба?
- Ернар Райымхан: Келіншегіммен алғашқы жылдары осы Ұлыбританияға көшіп келгенбіз оқу үшін. Балам Англияда туылды. Ол да бізге үлкен тәжірибе болды. Басқа елде дүниеге сәби келу, оның құжаттарын реттеу адамға қосымша тәжірибе береді екен. Қазіргі уақытта балам кішкентай болғаннан кейін келіншегіммен баламды Қазақстанда қалдырдым.
Қоршаған ортаға пайда тигізу үшін адам өзін өзгерту керек. Сол мақсатта өзімді дамыту үшін жүрмін. Мұнан кейін өзімнің әрбір атқарған ісім қоғам игілігіне жараса, соған қанағаттанатындай жағдайда болсам деген ойым. Өзімді жетілдіре отырып, қоғамды өзгерту.
Негізінде электр-энергетика саласына жай келген жоқпын. Бұл мамандық тікелей болашақпен байланысты. Әлем индустриалды революцияның кезеңінде. Кей елдер жартылай өткеріп қойса, кей елдерде енді қолға алынды. Әлем дәстүрлі энергия көздерін яғни көмірден немесе үлкен зиянды заттар шығаратын өндірістен бас тартып, жасыл энергетикаға көшу заманында. Менің жасап жүрген зерттеуім тікелей осы тақырыпқа байланысты. Сол ісім бойынша Қазақстанға енгізуді көздеймін. Бұл салада жүрмеген адамдар енгізу кезінде пайда болатын проблемаларды біле бермейді. Бірақ еліміздің электр-энергетикалық инфраструктурасы бірнеше өзгертулерді талап ететіні белгілі. Қайта қалпына келетін энергия көздерін енгізу барысында осы жағдайды өткеруі керек. Соны экономикалық үнемділікпен, техникалық жеңіл жолымен, еш ауыртпашылық әкелмейтіндей жүйемен енгізу бағытында жұмыс жасап жатырмын. Содан кейін мендегі мақсат өз қызығушылығым бойынша білім алу емес, елге пайдасы тиетіндей мақсатпен оқу. Және сондай тақырыпта зерттеу жүргізу болды.
Негізі дағды, қабілет өте маңызды. Бұл өмірде адам қандай жетістікке жетпесін, қандай іс жасамамсын соған тікелей адамның бойындағы осы мүмкіндіктері әсер етеді. Қоршаған ортаға бейімделуге адамның бойындағы дағдылары мүмкіндік береді. Англияға оқуға баратын болған кезде сол жерде оқып келген, тәжірибесі бар адаммен сөйлестім. Ол кісі университетте көретінің тек жартысы ғана, одан бөлек қоғамда да үйренерің көп болады деді. Яғни өзіңе пайдалы дүниені екі жақтан да аласың деген еді. Тек қана университеттегі академиялық өмірге бейімделе бермей, сол жердің қоғамына ене отырып, өзіңе қосымша дағдыларды игеру керегін түсіндірді. Яғни бізге тек сол жаққа барып университетте білім алып, оқып келу ғана емес, сол елдің жақсы мәдениетін алып келу мақсаты да болуы керек болды. Ал пайдалы дүние ешқашан артық етпейді.
- Сұхбатыңа рахмет. Іске сәт!