Винисиус “Барселонаға” қарсы өткен ойыннан кейін “Реалдан” кететінін айтты
Фото:Jose Breton/Pics Action/NurPhoto via Getty Images
26 қазан күні өткен Ла Лиганың 10-турында мадридтік “Реал” өз алаңында басты қарсыласы “Барселонаны” қабылдады. Алайда “Эль-Класико” тек ойын нәтижесімен емес, матчтан кейін орын алған оқиғамен де есте қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
DAZN басылымының хабарлауынша, “Реалдың” шабуылшысы Винисиус Жуниор бас бапкер Хаби Алонсоның шешіміне наразы болған.
Ойынның 72-минутында оны алмастырған сәтте бразилиялық футболшы ашуға ерік беріп, эмоциясын жасыра алмай, бапкерге дөрекі сөздер айтқан.
Куәгерлердің сөзінше, Винисиус бірнеше рет “Мен кетемін… команданы тастаймын, ең дұрысы сол” деп қайталап айтқан.
Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында Хаби Алонсо бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, футболшымен жеке сөйлесетінін жеткізді. Айта кетейік, Алонсо 2025 жылдың маусым айында “Реалдың” тізгінін ұстап, бас бапкер ретінде командасын алғаш рет “Эль-Класикоға” бастап шығып, “Барселонаны” ойсырата жеңді.
Естеріңізге салсақ, Винисиус Жуниор “Реал” сапына 2018 жылдың жазында қосылған. Осы уақытқа дейін ол мадридтік клуб құрамында барлық турнирлерде 335 матч өткізіп, 111 гол соғып, 87 нәтижелі пас берген. Бразилиялық шабуылшы “Реалмен” бірге үш рет Испания чемпионы және екі мәрте Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанды. Қазіргі уақытта ойыншының клубпен келісімшарты 2027 жылдың маусым айының соңына дейін жарамды.
ТЭЦ-тің газға ауысуы Алматыдағы лас ауа проблемасын шеше ала ма: Сарапшылар мегаполистегі қалың тұмша неден түзілетінін талдап берді

