Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бір айда самокат айдаған 6,5 мың адамға айыппұл салынған: Қазақстандық кикшеринг иелері тәртіп бұзғандарды қалай жазалайды?

самокатыФото: Stan.kz | ЖИ көмегімен жасалған

Қала көшелерін самокаттар қаптап, тәртіпке бағынбайтын жүргізушілер көбейіп барады. Президент Тоқаев электрсамокаттардың жаяу жүргіншілерге қаупін атап, бұл мәселені жүйелі шешуді тапсырғанымен, Алматы, Астана және Шымкентте жағдай әлі де ушығып тұр. Осыған байланысты Stan.kz бұл мәселеге тереңірек үңіліп, JET пен Whoosh компанияларының жұмысын зерттеп көрді. Белгілі болғандай, JET тек бір айдың ішінде 6 450 заңбұзушылықты тіркеген, ал Whoosh ереже бұзғандарға 2 500-ден 840 000 теңгеге дейін айыппұл салып отыр. Компаниялар өз тарапынан тәртіп бұзушыларды жазалап, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға тырысып жатқанын айтады.

"Бір айда 6 450 бұзушылық тіркелген"

Президенттің жолдауынан кейін электрсамокат мінетіндерге қатысты бақылау күшейді. Осылайша JET және Whoosh сияқты кикшеринг компаниялары полициямен бірігіп жұмыс істей бастағанын айтады. JET өкілдерінің мәліметінше, айыппұл жүйесі енгізілгелі төрт ай өтті, ал соңғы айда тәртіп бұзушылықтар саны алдыңғы аймен салыстырғанда 113% өскен. Компания бұл көрсеткішті ережені жиі бұзу емес, полицияның бақылауды күшейткенінен деп түсіндіреді.

JET дерегінше, 2025 жылдың 13 қыркүйегінен 13 қазанына дейін барлығы 6 450 ереже бұзушылық анықталған. Бұл алдыңғы айдағы көрсеткіштен екі есе көп. Ал тамыз-қыркүйек айларында бар болғаны 3 026 бұзушылық тіркелген.

Соның ішінде:

•    3 530 – тұрақ ережесін бұзу;
•    2 430 – бір самокатқа екі не үш адам міну фактісі;
•    410 – кәмелетке толмағандардың аккаунттары бұғатталған;
•    80 самокат – зақымдалған.

Редакция компанияның өзі осы кезеңде қандай айыппұлдар төлегенін сұрады. Алайда компания билік тарапынан ешқандай айыппұл салынбағанын айтты. JET бас директоры Мусалав Алибеков бұл жағдайды тәртіптің нашарлауы емес, қадағалаудың күшеюі деп түсіндіреді.

"Полициямен тығыз жұмыс істеп, қауіпсіз жүру мәдениетін қалыптастыруға тырысып жатырмыз. Жыл соңына дейін барлық операторларға ортақ Telegram-бот іске қосу жоспарланған. JET айыппұл жүйесін Қазақстанда алғашқылардың бірі болып биыл 13 маусымда енгізген. Бұл жүйе қайталанған бұзушылық үшін жазаны кезең-кезеңімен күшейтеді. JET айыппұл жүйесін Қазақстанда алғашқылардың бірі болып 2024 жылғы 13 маусымда енгізген. Жүйе қайталанған бұзушылықтарға сатылы түрде өсетін айыппұл қарастырады:

•    бірінші рет – 100 теңге,
•    екінші рет – 1 000 теңге,
•    үшінші рет – 3 000 теңге,
•    төртінші және одан кейінгі реттерде – 10 000 теңге
", – дейді Мусалав Алибеков.

самокат JETФото: JET компаниясы

Мусалав Алибековтің сөзінше, тәртіп бұзғанды фото немесе видео арқылы хабарлауға болады. Бұдан бөлек пайдаланушылар тұрақ ережесін бұзу, жолаушы тасымалдау және басқа да жағдайлар туралы @JETKZBOT Telegram-ботына немесе [email protected] поштасына жаза алады.

"Өтінішке самокаттың алты таңбалы нөмірі, оқиға уақыты мен мекенжайы, сондай-ақ фото немесе видео дәлел тіркелуі тиіс. Бұл мәліметтер JET тобына құқық бұзған қолданушыны тез анықтауға мүмкіндік береді. Компания кәмелетке толмағандарға жеке аккаунт ашуға тыйым салып, ата-анасы немесе үлкен туысы арқылы ғана тіркелуге рұқсат береді. Сонымен қатар "Тұраққа дұрыс қой!" атты науқан өткізіп, мобильді қосымша арқылы push-хабарламалармен ескерту жібереді", – деді Мусалав Алибеков.

самокаттарды дұрыс қою JETФото: JET компаниясы

JET өкілінің айтуынша, президенттің жолдауында кикшеринг мәселесінің жеке аталып өтуі бұл саланың мемлекеттік деңгейде маңызды екенін көрсетеді. Компания Яндекс Go, Whoosh және Bolt операторларымен бірігіп, бірізді ережелер мен ортақ қауіпсіздік стандарттарын енгізуді ұсынған.

“Самокатты жоғалтса, 195 000 мен 840 000 теңге аралығында айыппұл салынады”

Ал Whoosh компаниясы өз тарапынан самокат айдаушыларға шара қолданылатынын айтты. Олардың ресми жауабында да компанияға ешқандай айыппұл салынбағанын көрсетті.

Whoosh компаниясы электрсамокаттарды пайдаланушыларға арналған офертасында жауапкершілік пен айыппұл мөлшерін нақты көрсетті. 

Фото_ пресс-служба WhooshФото: Whoosh компаниясы

"Компания ережені бұзғандарға бірден әрі қатаң түрде әрекет етеді. Құжатқа сәйкес самокатты пайдалану ережесін бұзған жағдайда пайдаланушыларға келесі мөлшерде айыппұл салынады:

•    2 500 теңге – бір самокатқа екі адамның мінуі, самокатты рұқсат етілмеген жерде қалдыру немесе оны 18 жасқа толмаған адамға беру секілді жеңіл бұзушылықтар үшін;
•    5 000 теңге
– самокатты 30 минуттан артық тұрақтан тыс қалдыру, метрода немесе ғимарат ішінде алып жүру, аккумуляторды толық разрядтау жағдайларында;
•    28 000 теңге – самокатты немесе мобильді қосымшаны мақсатқа сай пайдаланбау, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін бұзу кезінде;
•    56 000 теңге – самокатқа айтарлықтай залал келтірілген жағдайда;
•    195 000 – 840 000 теңге аралығында – самокаттың жоғалуы немесе оны қалпына келтіру мүмкін болмаған жағдайда (модель түріне байланысты) айыппұл салынады.

Компания ережелерінде көрсетілгендей, айыппұл төлеу пайдаланушыны самокатқа келтірілген залалды өтеу міндетінен босатпайды", –деп жауап берді компания өкілі.

Whoosh компаниясы бір самокатқа екі-үш адам мінуге заң бойынша қатаң тыйым салынғанын айтты. Ал шлем кию міндетті емес, бірақ қауіпсіздік үшін киген дұрыс дейді. Биыл самокат мінетіндер былтырға қарағанда 40%-ға көбейгенімен, апат саны артпаған. Юлия Камойликтың айтуынша, қазақстандықтар қазір самокатты әлдеқайда ұқыпты пайдаланады. Мамырда енгізілген рейтинг жүйесінен кейін ережені жиі бұзатындар үш есе азайған.

"Қазір қолданушылардың 88%-ы самокатты дұрыс пайдаланып, тұраққа қоя біледі. Ал рейтингі төмендердің самокаты автоматты түрде баяу жүреді. Алматы мен Астанада апаттар 65%-ға азайды. Көріп отырғанымыздай, жаңа жүйе жақсы нәтиже беріп жатыр", – дейді Whoosh компаниясының коммуникациялар жөніндегі директоры Юлия Камойлик.

Компания дерегінше, биыл Астанада самокатпен жүру 72%-ға артқан. Бір адам орта есеппен 22 рет самокатпен жүреді. Ал елдегі сапарлардың 90%-ы жұмысқа, оқуға немесе үйге қатынауға арналған.

Фото: Stan.kz

Яндекс Go компаниясынан да самокаттарға қатысты қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрадық. Алайда компания өкілдері бұл мәселеге қатысты нақты жауап беруден бас тартты.

"Өкінішке қарай, қазіргі уақытта бұл сұрақтарға жауап беру мүмкін емес. Бұл мәселелерге қатысты ресми ақпарат пайда болған сәтте, сізбен міндетті түрде бөлісемін", – деп компания өкілі қысқа қайырды.

Айта кетейік, мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, электрсамокат иелеріне қатысты шектеу шаралары Жаңа жылға дейін қабылдануы мүмкін. Қазір Мәжілісте самокаттардың жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салуды көздейтін заң жобасы қаралып жатыр. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов елде бар-жоғы 500 шақырым веложол ғана бар екенін айтып, тағы 2800 шақырым жаңа веложол салу ұсынылғанын жеткізді. Бұған дейін Душанбеде 2030 жылға дейін электросамокат қозғалысына тыйым салынса, Қазақстанда да тротуарда жүруге шектеу қоюды талап ететін петиция жарияланған еді.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 28 Қазан, 2025 14:04
Талқылау