Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ТЭЦ-тің газға ауысуы Алматыдағы лас ауа проблемасын шеше ала ма: Сарапшылар мегаполистегі қалың тұмша неден түзілетінін талдап берді

Фото: Unsplash.com/Alexander SerzhantovФото: Unsplash.com/Alexander Serzhantov

Алматыда қыста негізгі ластану көздері – көмірмен жұмыс істейтін ТЭЦ-2 және ТЭЦ-3. Халықаралық бағалаулар бойынша, бұл нысандардың нақты шығарындысы ресми көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Демек мегаполис тұрғындары айына 70 темекі түтінін жұтып жүргені миф емес. Алматыдағы Жылу электр орталығы қай кезден бастап газбен жұмыс істейді және бұл өзгеріс мегаполистегі ауа сапасын жақсарта ма? Жалпы Алматының қалың тұмша мәселесін қайтсе шешуге болады? Stan.kz ақпарат агенттігі Алматы әкімдігінен, сонымен қатар лас ауа проблемасымен күресетін қор мамандарымен мегаполистегі жағдайды анықтап көрді.

ЖЭО-2-ні газға ауыстырып, жаңарту неліктен уақытынан кешігіп жатыр?

Еске сала кетейік, Алматыдағы жылу электр орталығын газға ауыстыру мәселесі 2020 жылы қозғалған еді. Әкімдік сол кезде орталық 2025 жылы жаңғыртылатынын айтты. Арада бес жыл өтті, бірақ Алматыдағы ЖЭО-2 әлі газға ауысқан жоқ, әлі де көмірмен жұмыс істейді.

Ал мегаполистің экобелсенділері мен ауа проблемасына алаңдайтын мамандар Алматы ауасын ластаушы факторлардың бірі ретінде жылу электр орталығын атайды. Осы орайда Stan.kz ақпарат агенттігі Алматы әкімдігіне сауал жолдады. Сауалымызға "Алматы электр станциялары" АҚ және Экология және қоршаған орта басқармасы жауап берді. Жауаптылардың сөзінше, ЖЭО-2-ні қоршаған ортаға әсерін барынша азайта отырып, жаңғырту" жобасы 1 жылға ұзарған. 

"Алматы ЖЭО-2-ні қоршаған ортаға әсерін барынша азайта отырып, жаңғырту" жобасы 2023 жылы жасалған шарт бойынша жұмыстарды аяқтау мерзімдері SIEMENS ENERGY компаниясының негізгі жабдықтарды өндіріп жеткізу мерзімінің елеулі өзгеруіне байланысты ұзартылды. Яғни жобаның аяқталу мерзімі 1 жылға – 2026 жылдың соңына дейін ұзартылды. Сонымен қатар премьер-министрдің бірінші орынбасары Р.В.Склярдың тапсырмасымен 2023 жылғы 10 тамызда қоршаған ортаға әсерді барынша азайта отырып, "Алматы ЖЭО-2 жаңғырту" жобасын іске асыру жөніндегі жауапкершілік матрицасы бар Жол картасы бекітілді. Құжат бойынша, EPC-шарт мерзімі 39 ай (2023 жылғы маусым – 2026 жылғы қыркүйек) болып белгіленді", – делінген бізге берілген жауапта.

39 ай өтпей орталық жаңғыртылмайды

Әкімдіктің ақпаратынша, 39 ай өтпей орталық жаңғыртылмайды. Дегенмен жоба 2026 жылдың соңына дейін бітіп, іске қосылады деп отыр. Мерзім ұзармайды деп болжанған және жобаны белгіленген уақытта жүзеге асыру жоспарланған.

"Алматы ЖЭО-2 жаңғырту" газдандыру жобасын жүзеге асырғанда зиян шығарындыны 93%-ға, 37 100 тоннадан 2 700 тоннаға дейін төмендетуге тиімді газ турбиналық қондырғылар қойылып, оған табиғи газды пайдалану арқылы қол жеткізіледі. Бұл Еуропалық Одақ стандарттарына және Қазақстанның қолжетімді үздік технологияларды енгізу талаптарына сай келеді. Парниктік газдар (СО2) 38%, 4000 тоннадан 2500 тоннаға дейін төмендейді. Зиян шығарындыларды азайтумен қатар, газдандырудан кейін күл қалдығы түзілмейді", – деп сендірді Алматы әкімдігіне қарасты басқармалар.

ТЭЦ-2 әлемдегі ең ірі ластаушылардың 10%-ына кіреді

Ал Almaty Air Initiative қорының бізге берген мәліметінше, Алматыдағы ауаның сапасы көп факторларға байланысты және төрт маусым мен тәулік уақытына қарай өзгеріп тұрады. Дегенмен қыста негізгі ластану көздері – көмірмен жұмыс істейтін ТЭЦ-2 және ТЭЦ-3.

"Алматы ойпатта орналасқан, сондықтан ауа айналымы нашар жүреді. Температуралық инверсия кезінде жылы ауаның жоғарғы қабаты қақпақ секілді әсер етіп, салқын әрі ластанған ауаны жерге жақын ұстап қалады. Соның салдарынан шығарындылар төменде жиналып, ластану концентрациясы күрт артады. Қыста негізгі ластану көздері – көмірмен жұмыс істейтін ТЭЦ-2 және ТЭЦ-3. Олар күл мөлшері 42% көмірмен, заманауи сүзгі жүйелерінсіз жұмыс істейді. Халықаралық бағалаулар бойынша, бұл нысандардың нақты шығарындысы ресми көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Айта кетсек, Climate Trace деректеріне сәйкес, ТЭЦ-2 әлемдегі ең ірі ластаушылардың 10%-ына кіреді", – дейді қордың директоры Жұлдыз Сәулебекова.

Лас ауадағы көліктен шығатын түтіннің үлесі қандай?

Ал мегаполистегі ауа сапасына көліктің қатысы маусымға, көлік ағынына және ауа райына байланысты екен. Сонымен қатар тұмша түзілуіне жеке сектор және облыстан келетін ауа да әсер етеді.

"Біздің бақылауымызша, көлік үлесін тек жалпы шығарынды арқылы бағалау жөн емес. Ол маусымға, көлік ағынының тығыздығына және ауа райына қатты тәуелді. Инверсия мен кептеліс кезінде көлік шығарындысының үлесі PM₂.₅ және NO₂-мен (азот диоксиді) есептегенде 60–70%-ға дейін жетеді. Ал жақсы желдетіліп тұрған кезде 15–20%-ға дейін төмендейді. Сонымен қатар суық маусымда ауа жеке сектордан айтарлықтай ластанады. Онда әлі күнге дейін жылыту үшін көмір, отын және қалдықтар пайдаланылады. Қолайсыз метеожағдай кезінде Алматы облысынан келген ластанған ауа қалаға қарай тартылады, бұл тұман мен ластану деңгейін одан сайын күшейтеді", – дейді маман.

Ауасы ең лас аудан қайсысы?

Сарапшылар қаладағы ауасы ең лас аудан мен салыстырмалы түрде таза аудандарды атады.

"Ең нашар жағдай қаланың солтүстік (төменгі) бөлігінде және магистральдар бойында байқалады. "Табақша эффекті" (инверсия және тау етегіндегі ауа алмасу әлсіздігі) ластануды ұстап қалады, ал көлік құралдары, әсіресе жолдардың маңында NO₂ деңгейін жоғарылатады. Қазір картадан тығыз құрылысы бар аймақтарда, көмір жағатын жеке секторда, моншалар, кәуапханалар және ЖЭО сияқты ірі көздер маңындағы датчиктердің "қызыл" көрсеткіштері анық көрінеді. Оңтүстік аудандар (Медеу және Бостандық аудандары) салыстырмалы түрде таза. Мұнда орташа жылдық концентрация қаланың солтүстік-шығыс бөліктерімен салыстырғанда екі есе төмен", – дейді Жұлдыз Сәулебекова.

Скриншот

Алматыдағы лас ауа проблемасын қалай шешуге болады?

Мамандардың сөзінше, ауа сапасын жақсарту үшін технологиялық және басқарушылық шешімдерден тұратын кешенді көзқарас керек:

  1. ЖЭО-ларды (ТЭЦ) газдандыру және жаңғырту, тиімді сүзгі жүйелерін орнатып, шығарындыларды қатаң бақылауға алу.
  2. Жеке сектордың көмірден бас тарту бағдарламасын және үйлерді біртіндеп газға немесе орталық жылыту жүйесіне қосу. Ал мұндай мүмкіндік әзірге жоқ жерлерде кем дегенде брикеттелген немесе төмен күкіртті отынға көшу, бұл шығарынды деңгейін едәуір төмендетеді.
  3. Экологиялық таза және қолайлы қоғамдық көлікті дамыту, ескі көліктердің әсерін шектеу үшін Low Emission Zones (шығарындысы төмен аймақтар) енгізу, электр көлігіне көшуді ынталандыру.
  4. Деректерді ашық ету – шығарындыны автоматты түрде бақылап, нәтижесін ашық жариялау, ластаушылардың жауапкершіліктен жалтаруына мүмкіндік беретін заңнамалық олқылықтарды түзеу.

Қыстағы лас ауа деңгейі айына 70 темекі түтінін жұтқанмен тең, бұл миф емес

Қор өкілі кейінгі жылдардағы зерттеу нәтижесін бөлісті. Деректерге сенсек, 2024 жылы ауаның ластану деңгейі жоғары деп бағаланған. Зиян заттың мөлшері ауада күніне 30 ретке дейін шамадан тыс болған.

"2024 жылғы деректерімізге сай, PM2.5 және азот диоксиді (NO₂) концентрациясы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысынан 4-6 есе жоғары. Қараша–ақпан аралығында ластану деңгейі айына 70 темекі түтінін жұтқанмен бірдей. Қыста PM2.5 концентрациясы жаз мезгілімен салыстырғанда шамамен 5 есе, ал NO₂ 2 есе жоғары болады. Бұл артық мөлшер жыл бойы сақталады. "Қазгидромет" мәліметінше, 2024 жылы ауаның ластану деңгейі жоғары деп бағаланған: NO₂ бойынша 11 024 рет шектен асу тіркелген, яғни бұл зиян заттың мөлшері ауада күніне 30 ретке дейін шамадан тыс болған. Оған қоса озон бес еселік артық мөлшермен 1000 реттен астам тіркелген, озон мен азот оксидтерінің тәуліктік орташа деңгейлері жиі нормадан асқан. 2020 жылмен салыстырғанда жағдай айтарлықтай жақсармаған, ол кезде де "Қазгидромет" ауаның ластануын жоғары деңгейде деп бағалаған", – дейді ол.

Басты өзгеріс – деректердің ашық болуы. Тұмша деңгейін кез келген адам бақылай алады

Бүгінде Алматыда ластану деңгейін нақты уақыт режимінде өлшейтін жүздеген датчик орнатылған. Бұрын мегаполис ауасы туралы сөз абстрактілі болып көрінсе, қазір оны көзбен көріп қана қоймай, мөлшерін нақты түсінуге болады дейді Жұлдыз Сәулебекова.

"Кейінгі жылдарда болған басты өзгеріс – деректердің ашықтығы. Almaty Air Initiative және демеушілердің күш-жігерінің арқасында қалада ластану деңгейін нақты уақыт режимінде өлшейтін жүздеген датчик орнатылды. Барлық дерек бәріне ашық. Деректерді MyCar қолданбасынан және биыл іске қосылған dashboard.air.org.kz дашбордынан көруге болады. Бұл жерде әр тұрғын өз ауасындағы көрсеткіштерді көріп, оларды жыл, ай, сағаттар мен аудандар бойынша салыстыра алады. Егер бұрын бұл мәселе абстрактілі болып көрінсе, енді ол көзге көрінетін және өлшенетін сипатқа ие болды. Қаланың жүйелі шешімдерге көшуіне қажет құралдар, деректер және сұраныс пайда болды. Қазір мониторингті одан да ыңғайлы әрі қолжетімді ету үшін мобильді қолданба да әзірленіп жатыр", – дейді лас ауамен күрес қорының директоры.

Дәл қазір Алматы елдер арасындағы ауа сапасы жөнінен рейтингте 4-орында тұр. Алғашқы үштікте Пәкістан, Үндістан, Қытай бар.

Ауа сапасы туралы рейтинг

Алматы ауасының сапасы жақсаруы үшін не істеуіміз керек?

Қор мамандары мен экобелсенділер әр адам істей алатын және бастауға болатын қарапайым, бірақ жүйелі қадамдарды атады:

  1. Жеке көлікті мүмкіндігінше аз пайдалану, қоғамдық көлікке міну, жаяу жүру немесе каршеринг пен велосипедті қолдану.
  2. Автокөліктің жағдайын бақылау, дұрыс жұмыс істейтін қозғалтқыш пен орнатылған катализатор улы шығарындыны айтарлықтай азайтады. Катализаторды алып тастамау, техникалық тексеруден уақытылы өту және сапасы күмәнді отынды пайдаланбау.
  3. Қоқыс, жапырақ, дөңгелектер мен қалдықтарды жағудан бас тарту. Бұлар – ауадағы диоксиндер мен ұсақ бөлшектердің басты көздерінің бірі.
  4. Отшашу ату мен ашық от жағудан бас тарту. Бұлар ауаны ауыр металдар мен ұсақ бөлшектермен ластайды.
  5. Үйде энергияны үнемдеп пайдалану – жылу оқшаулау, заманауи жылыту құрылғылары және электр энергиясын жауапкершілікпен тұтыну жылу электр станцияларына түсетін жүктемені және жалпы шығарынды көлемін азайтады.
  6. Ауаның сапасын dashboard.air.org.kz сайтынан бақылап, оны жоспарыңызда ескеру.
  7. Ең бастысы – проблема туралы айту және экологиялық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру. Халық өзінің әрекеті мен ауаның сапасы арасындағы байланысты көбірек түсінгенде, мінез-құлық қана емес, қаланың өзі де өзгереді.

 Шетелдерде қандай тәжірибе қолданылған?

Бейжің он жыл бұрын әлемдегі ең ластанған қалалардың бірі болған, бірақ кейінгі жылдары зиян заттардың концентрациясын айтарлықтай төмендете алды. Ол үшін ескі көмір электр станциялары жабылды, жаңартылды, газға көшірді, ескі көліктердің қозғалысын шектеді, қоғамдық көлікті дамытып, өнеркәсіптен шығатын қалдықты қатаң бақылады. Бейжіңде мыңдаған жерүсті станциялардан, спутниктер мен метеоқызметтерден алынған деректерді біріктіретін бірыңғай цифрлық мониторинг жүйесі бар.

Лондон мен Берлин сияқты еуропалық қалаларда Шығарындысы төмен аймақ (LEZ) және Шығарындысы өте төмен аймақ (ULEZ) жүйелерін енгізу NO₂ деңгейін 20–60%-ға төмендетуге және көліктерді экологиялық таза түрлерге ауыстыру жақсы нәтиже берді.

Барселона мен Шэньчжэньде жасанды интеллектің талдауы арқылы қозғалысты нақты уақытта басқаратын ақылды бағдаршамдар жұмыс істейді. Бұл кептелісті, яғни лас ауа түзілуін азайтады.

Амстердамда энергияны басқару жасанды интеллект жүйесі "ақылды" есептегіштер мен ауа райы болжамынан алынған деректерді талдап, энергия тұтынуын теңестіріп, шығынды азайтады.

Еңлік Сақтан
Сейсенбі, 28 Қазан, 2025 15:21
Талқылау