Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үш рет өлімнен алып қалдық": Вайнер Жека Fatbelly әкесі мен бір күнде сырқаттанып қалған ағасы туралы айтты

Жастар арасында Жека Fatbelly лақап атымен танымал қазақстандық вайнер, блогер Жеңіс Омаров отбасы туралы ашық сұқбат беріп, ауыр тағдыры туралы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Замандас” подкастына сілтеме жасап хабарлайды. 

Вайнер марқұм әкесі мен ағасын еске алды. 

“Әкем мен үшін еркек деген атқа лайық болды. 25 жыл абақтыда отырды. Мен 6 жасқа толғанда өміріміз күрт өзгерді. Осы кезде әкемді түрмеге алып кетті. 14 жасқа толғанда босап шықты. Өте мықты кісі болды. Әлі күнге дейін әкемнің фанатымен. Әкемнің өмірі “Рэкетир” фильміне ұқсайды. Бірақ фильм емес, шынайы өмір сүру дағдысы сол кинодағыдай болатын. Қылмыс әлемінің серкесі болды. Әділетсіздік үшін күресті. Жұртты тонап, ұрып-соғып, алдап-арбаумен айналыспады. Бәрін сөзбен шешетін. Әкемді ешқашан қылмыскер санамаймын. Жалғыз менің әкем ғана қылмыспен айналысқан жоқ. Ең қызығы, әкем түрмеде отырғанда біз қалаған уақытта барып, онымен кездесе алатынбыз. Түрмеде концерт ұйымдастырылса, соны көруге баратынмын. Әкемнің достарымен бірге түрмені аралап, экскурсия жасайтынбыз. Темір есікті бөлмеге кіруге болмайды, мына жаққа баруға болмайды деп таныстыратыны есімде қалыпты. Түрмеде отырғандардың бәрі жаман адам емес. Әкем де өте жақсы, сыйлы, беделді адам болды. Ағам екеумізді қатты еркелетті. “Жаным, күнім” деп еркелеткені әлі күнге дейін құлағымда тұр. Кейбір адамдар “Жекаға әкенің махаббаты жетпеді, ол әкесіз өскен” дегенді айтып жатады. Мен әкемнен өзіме қажет махаббат пен жылулықты алып үлгердім. Сол менің бүкіл ғұмырыма жетеді. 17 жасқа толғанда әкемнен айырылып қалдым”, – деп күрсінді вайнер. 

Өзінің айтуынша, әкесінің қазасынан бұрын блогердің жанына батқаны ағасының диагнозы түсініксіз сырқаты еді. 

“Ағамның есімі – Жарас. Екеуміздің арамыз – 13 жас. Ол кісі аяқ астынан қатты ауырып қалды. Ешқандай ем-дом әсер етпеді. Ғылыми тілмен түсіндірсем, шизофрения деп аталады. Бес уақыт намазын қаза қылмайтын еді. Ішіне жын кірген деді. Сол сырқатына дейін ол мүлдем ауырмаған. Спортпен айналысатын. Ірі денелі, боксшы болды. Ойлау деңгейі де көзі ашық, көкірегі ояу саналы болатын. Бір түнде ешқандай соққы алмастан, ешкіммен төбелеспестен, ауырмаған күйі сандырақтап кетті. Қазақта сиқыр деген сөз бар ғой, сол да болуы мүмкін деді. Жаңа жыл мерекесінің алды болатын, үйде анам, ағам үшеуіміз ғана едік. Бір кезде ағам қатты айқайлап, бөлмені айналып жүгірді. Анам қатты қорқып кетті, мен қорыққан жоқпын. Көп уақыт өтпей өзінен-өзі басылып, төсегіне барып отырды. Тізесін құшақтап алған. Бізге қарап, “сендер жанымда болсаңдар қорықпаймын” деді. Ағамның жүгіріп айқайлағанына емес, дәл сол сөзді айтқанда мен қатты қорықтым. Өйткені оның түрі мүлдем өзінікі емес, даусы да басқаша өзгеріп кетті. Ата-анам кеңес заманының адамы болғандықтан, молда мен имамдарға оқыту дегенді білмеді. Дәрігерлерге апара берді. Олар емдеп жаза алмады. Ағам сырқаттанып қалғанда әкем түрмеде еді. Сол ауру ағамды алып тынды. Мен 13 жасқа толғанда ағам 28 жастағы жігіт еді. Ағамның жансыз денесін бірінші болып көрдім. Анам мен әкеме де өлімді мен естірттім. Әкем түрмеде тұрып, телефонның ар жағынан қатты жылады. Сол кезде өліммен бірінші рет бетпе-бет кездестім. Ағам сырқатынан шаршап кеткендіктен, мына өмірді сүрмеуге шешім қабылдады. Үш рет суицид жасайын деп тұрған жерінен құтқарып қалдық. Бәрібір өзіне-өзі қол жұмсады, сол кезде құтқара алмадық”, – деп  еске алды. 

Айта кетейік, биыл вайнер отбасын құрып, шаңырақ көтерген болатын. 

Талқылау