"Қатыгездікті сезінген бүлдіршіндер осындай әрекетке барады": Желіде мысықты ұрған қыздың видеосы тарады
Әлеуметтік желіде марғауды ұрған кішкентай қыздың видеосы қызу талқыға түсті. Психолог мұны баланың ішкі жалғыздық күйі мен ата-ана тәрбиесінің аздығынан болатынын алға тартты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Психолог Ермек Нұрымовтың сөзінше, мұндай жастағы балалардың санасында қатыгездік, қастандық секілді ойлар болмайды.
“Мына видеодағы бүлдіршінде агрессия бар деп айта алмаймын. Бұл жерде балаға тәрбие беру мәселесі ақсап тұрғанын аңғаруға болады. Себебі мұндағы қыз ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін әлі де ажырата алмайды”, – деді маман.
Психолог ата-аналарды балаға кішкентай кезінен бастап жақсы мен жаманның ара жігін ажыратуды үйретуге шақырды.
“Бұл – ата-ана тарапынан жіберілген қателік. Олар қорғансыз жануарды ұруға болмайтынын айтып жол нұсқауы керек. Егер баланың бұл ісіне еш амал жасалмаса, ол ары қарай ұрудан бөлек, қорлау әрекеттеріне өтуі мүмкін”, – деді Ермек Нұрымов.
Маман мұндай кезде ата-ана арасында жанжал мен ұрыс-керістің балаға әсер етуі мүмкін екенін де алға тартты.
Бұл пікірге психолог Сәлима Сатылғанқызы бірнеше мысал келтіре кетті. Сөзінше, бүлдіршіннің бұл әрекеті оның іштей жалғыздығы мен қорқынышынан туындайды.
“Демек, бала ата-анасы арасындағы жанжалды көруі мүмкін. Немесе үлкендердің бойындағы қатыгездікті сезінген бүлдіршіндер де осындай әрекеттерге барып жатады. Тағы бір мысал ата-анасының назары аумай, отбасы мүшелері жұмыстан босамаған сәтте, ол өзін іштей жалғыз сезініп, басқаларды өзіне қарату үшін мысықты ұрған болуы мүмкін. Әрине бұл маман ретіндегі болжамдар ғана. Ал нақты себепті анықтау үшін баланың өзімен, ата-анасымен сөйлесу қажет”, – деді Сәлима Сатылғанқызы.
Желі қолданушылары да қатігездік танытқан балаға ескерту жасамаған ата-анасын сынға алды.
"Бізде барлығын біржақты көрсетеді. Балалар жақсы, ал жануарлар шабуыл жасайды дейді. Тек Қазақстанда ғана анасы кішкентай мысықты ұрған баласын видеоға түсіріп, күліп отырады", – деп жазды Alya Alya есімді Facebook-қолданушысы.