“Үй саламын деп жүр еді”: Достары марқұм болған Бауыржан Әлиұлының отбасына баспана сыйлады
Белгілі уағызшы, ғалым Бауыржан Әлиұлы 39 жасында өмірден озды. Марқұмның жаназасына еліміздң түкпір-түкпірінен мыңдаған адам жиналды. Ал достары қара жамылған отбасына, марқұмның бала-шағасына баспана сыйлап, ғалымның орындай алмай кеткен арманын орындады.
Бұл туралы Еркінбек Шоқай парақшасында жазды.
“Құтты болсын! Бауыржан Әлиұлы бауырым биыл өзінің жеке баспанасын соғамын, алдағы күзге өз үйіме қоныс тойға шақырамын деп ниет етіп жүр еді. Жалған өмір осы екен, ажалдың сағаты соғып Дәу шейх арамыздан ойламаған жерден кетіп қалды. Алла рақымына бөлеп, бала-шағасына ғұмыр берсін! Біз – Бәукеңнің достары, жанашыр ағалары және шәкірттері бірлесіп марқұмның бастаған ісін аяқтайық деп ниет қылған едік. Ниетімізге орай, әрекетімізге берекет болып Алматы қаласы Бостандық ауданындағы Sholpan sity көп функциялы тұрғын үй кешенінен шаршы алаңы кең үш бөлмелі пәтер сатып алынды”, – деп жазды Еркінбек Шоқай.
Дін жолындағы замандастары марұмның орындалмай кеткен арманын орындап, аманат кілтін оның отбасына табыс етті.
“Қайрат Жолдыбайұлы ағамызбен бірге Бәукеңнің ата-анасының үйіне барып, оның отбасы мен бала-шағасына арналған жанашырлардың осы аманат сыйлығының кілтін табыстадық. Алдағы екі-үш айдың жүзінде пәтерге заманауи дизайнмен жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бүкіл жиһаздары мен тұрмыстық техникалары қойылады. Жаңа оқу жылында марқұм шейхтың балалары Алла жазса, жаңа пәтерден мектепке баратын болады. Алла тағала осындай ізгі іске үлес қосқан барша шынайы жанашырларға разы болсын деп дұға етеміз. Бәукеңнің жаназасында Муфтият та өз тарапынан пәтер сыйлаймыз деп жариялаған болатын. Шейхтің балаларының болашаққа несібесі ғой, олар да атағандарын бере жатар”, – деді дінтанушы.
“Алла разы болсын, ұстаз”, – деп жазды Ардақ Назаров.
“Алла разы болсын сіздерге. Ғалым ағамыздың ұрпақтарына құрмет”, “Нағыз жанашырлық пен шынайы бауырмашылдықтың үлгісін көрсеттіңіздер. Алла разы болсын”, “Құтты болсын, қайырлы, берекелі болсын”, “Ма ша Алла. Алла екі дүниеде де жүздеріңізді жарық етсін, ұстаз”, “Құтты болсын, Алла разы болсын сіздерге. Бауке ұстаздың жаны жәннәттан болсын”, “Алла Тағала разы болсын барша ат салысқан азаматтарға, Алла Тағала сіздерге жәннаттан сарай тұрғызсын. Бауыржан ұстазды түсімде құшақтап жүрмін. ИншәАлла жәннатта ізгілермен бірге болуды нәсіп етсін”, – деп жазды көпшілік.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
