Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үш күн жарықсыз отырған Алматы облысының тұрғындары жолды жауып тастады

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Ащыбұлақ ауылы мен оған жақын орналасқан елдімекен тұрғындары жолды жауып тастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 5region сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан алынған кадр

Ащыбұлақ ауылы тұрғындарының айтуынша, электр жарығы, су және газдың жоқтығынан олар жаппай наразылыққа шығуға мәжбүр болған.

"Үйімізде тоңып жатырмыз, жарық, су, газ жоқ. Қалай күн көреміз!?" – деді ауыл тұрғындарының бірі.

Жаппай наразылық орын алып жатқан жерге Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев келіп, басқа да уәкілетті органдардың өкілдері тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде  сағат 23.00-де электр қуаты қалпына келтірілді. 

“2023 жылы 14 желтоқсан күні кешке Алматы облысы Ащыбұлақ а/о, Көкқайнар ауылында электрмен жабдықтаудың апаттық ажырауы орын алды, соның салдарынан 3500-ге жуық абонент жарықсыз қалды.  Жергілікті жерде жедел апаттық бригада жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын атқарды. Қазіргі уақытта жағдай тұрақтанды, төтенше жағдай жойылды”, – делінген хабарламада. 

Енді бір айта кетерлігі, Жамбыл ауданы, Қарасай, Талғар өңірлерінде де газ, су, электр қуатын тартуға қатысты мәселелер көтерілуде. Сондай-ақ Ұзынағашта газ қысымының төмендігі мәселесі үшінші күннен бері жалғасып келеді. Ал Қарасай ауданы Шалқар ауылында су жоқ, себебі Боралдайдан су тастарымен бірге келіп, фильтрді бітеп жатқан көрінеді. Тұздыбастауға аудан әкімі келгенімен, газ бен су берудегі үзілістер жалғасуда.

Бұған дейін, Алматы облысы Іле ауданының әкімдігі жазда мемлекет ақшасын пайдаланып, президенттің портретін 70 000 теңгеге сатып алмақ болғаны туралы айтылған еді. Сондай-ақ аудан әкімі Бағдат Қарасаевтың 2023 жылдың 28 қазанында экс-президенттің немересі Айсұлтан Назарбаевтың үйлену тойы өткен "Royal Tulip Almaty" люкс мейрамханасында ұлы Айдос Қарасаевтың тойын салтанатты түрде өткізгені ақпарат таралған болатын. 

Талқылау