Ұрланған балалық: Әуе шарын сататын жеті жасар баланың тағдыры (фото, видео)
Әуе шарын сатумен айналысатын жеті жасар Эрмектің тағдырын қырғызстандықтар қызу талқылап жатыр. Кішкентай бала дәл қазіргі кезде үлкен бір отбасының асыраушысы болып отыр.
Бұл туралы Open Asia хабарлайды.
Мәскеуге табыс табамын деп аттанған анасының дауысын ол соңғы рет осы жылдың наурызында естіген. Әлі күнге туыстары да әйелдің қайда екенін нақты білмейді. Әр күн сайын кішкентай қарындасы мен бауырына азық-түлік алу үшін ол шар сатып ақша табады.
Сауда үйінің қасына әр кеш сайын келіп гүл пішінді шар сататын Эрмек, мүгедек нағашы әжесін, өзінің әжесін, бір жарым жасар қарындасы мен бес жасар інісін асырап жүр. Одан бөлек анасы алған несиені де төлейді. Бүкіл отбасы жалпы сомасы 8 мың сом болатын (117 доллар) екі зейнетақыға және немересі тапқан әр күндік 600 сомға (8 доллар) өмір сүреді
“Егер құр үйде отырсаң, ешкім ақша бермейді. Отбасыны асырау керек. Әжем шардан “гүл” жасайды, ал мен оны сатамын. Егер қуып жібермесе бір кеште 30 шардай сатуға болады. Бір тәтей келеді де мені қуа бастайды. Тек ол ғана сату керек сияқты шарды”, – дейді Эрмек.
Ол кәсібін қыста да тастаған емес. Бірақ, қысты күндері табыс жаздағыдай көп болмайды. Әрі ауа-райы да далада ұзақ уақыт тұрғызбайды.
“Екі жыл бұрын күйеу балам қайтыс болды. Қызым үш баламен жалғыз қалған соң Жалал-Абадтан Бішкекке көшіп келді. Саудамен айналысамын деп 100 мың сом алып еді, ол ойдағыдай болмады. Несиені өтеу үшін Мәскеуге қараша айында кеткен, ал ол жақта төлқұжатын жоғалтып алыпты. Енді не жұмысқа орналаса алмай, не қайта алмай отыр. Соңғы рет наурыз айында байланысқа шыққан, қазір жағдайы қалай екенін де білмейміз”, – дейді Эрмектің әжесі Айсұлу.
Енді отбасы әр сайын банкке 7,5 мың сом төлеуге мәжбүр. Бұл қарыз әлі бір жылға созылмақ.
“Несие төлеу үшін Эрмек екеуміз күні бойы тер төгеміз. Жылы шұлық, киімдер тоқып сатамын. Бірақ, киімдер сондай қатты сұранысқа ие болмады. Содан немерем екеуміз шар сатуға кірістік”, – дейді әйел.
Сондай-ақ, биыл Эрмек мектепке де баруы керек. Бірақ, бұл жағы да түйінді шаруа болып тұрған жайы бар.
“Біздің үйге жақын мектеп баланы мектепке алмайтындарын айтты. Бұған себеп – менде анасынан алынған сенімхаттың жоқтығы екен. Сонда сол бір анықтама болмағаны үшін бала білім алмауы керек пе? Ал білім алу үшін балалар үйіне беріңдер деген сөз бе бұл? Оның отбасы бар, мен оны тастамаймын”, – дейді жанарына жас үйірілген әжесі.
Эрмектің тағдырына алаңдап, қолдау білдірген жомарт жандар да табылды. Солардың бірі оған ментальды арифметика бойынша білім алуға сертификат табыстаған. Балаға қоғамдық белсенді Дайырбек Орынбеков назар аударған соң, көпшілік бала туралы біле бастады. Ол Эрмекпен көшеде танысып қалған. 1 маусым күні Дайырбек баланы құттықтау үшін, ерекше флешмоб ұйымдастырады. Идея – баланың қолындағы бүкіл шарды сатып алу керек болған. Осылайша жомарт қырғызстандықтар баланың отбасы қолдауға жиналған. 20 минуттың ішінде 500 шарды сатқан бала 100 мың сомға ие болып шыға келеді.
Қазіргі кезде Эрмектің бүкіл тауары бір сағаттың ішінде сатылып кететін болған.
“1 маусымнан кейін үш күн бойы мен көшеге шықпадым. Тапсырыс өте көп келіп түсті. Қазір мен сыртқа шығып ойнағым келеді, бірақ, уақыт жоқ. Шар сатуға бару керек”, – дейді бала.
Ал Эрмектің “ең аяулы арманы” – анасын көру.
Мәскеудегі Қырғызстан елшілігі әйелді іздеуге кіріскен. Қыркүйекте Эрмек бәрібір бірінші сыныпқа барады. Әжесі қызының құжаттары реттеліп, Бішкекке оралып, отбасының басы қосылады деп үміттенеді.
Өткен жылы Қырғызстанның ұлттық статистикалық комитеті Халықаралық миграция ұйымымымен бірлесе отырып елдегі жұмыс істейтін балалар туралы зерттеу жасаған. Зерттеу барысында республика бойынша 580 мың кәмелетке толмаған баланың жұмыс орналасқысы келетіні анықталған. Олардың 414 мыңнан астамы жұмыс істеу үшін оқуды да тастап кеткен.
Оқи отырыңыз:
Алла Пугачева немересінің тойына құны миллион доллар тұратын зәулім үй сыйлады
Өзбекстанда президентті мақтауға тыйым салынды
Полицейлер мотоциклшіге көшеге шашып алған 60 миллион теңгесінің жартысын жинап берді
Зағип жігіт ақылды көзілдіріктің арқасында өз әйелін көрді (видео)