"Президенттің ұзақ мерзімге отыруы қате": 14 жыл бойы ЕҰУ-ды басқарып келе жатқан Ерлан Сыдықов әлеуметтік желіде сынға қалды
Фото: Stan.kz
Кезінде Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізу идеясын көтерген Ерлан Сыдықов бүгінде ұзақ уақыт билікте отыру қателік деп мәлімдеп отыр. Алайда оның өзі Еуразия ұлттық университетін көп жылдан бері басқарып келеді.
Таяуда әлеуметтік желіде қазір Ерлан Сыдықовтың мемлекетті ұзақ уақыт басқару қате деп есептейтін пікірі таралып, қызу талқыға түсті.
Басылым жариялаған видеода журналистің ректордың соңынан қалмай, сұрақ қоюға тырысқанын, ал Сыдықовтың одан қашып бара жатқанын байқауға болады.
"Сіз кезінде Назарбаевқа қатысты референдум өткіземіз деп айттыңыз. Қазіргі статусын алып тастағанына қатысты не дейсіз? Дұрыс емес болды деп ойламайсыз ба? Кезінде жағымпазданған жоқсыз ба? Қазір Назарбаевтың биліктен кетуі дұрыс деп есептейсіз бе?" – деп журналист сұрақ қояды.
Бұған Ерлан Сыдықов бұрынғы президенттің "Биліктен өз уақытында, кетуі дұрыс" деп жауап берді. Журналистің "билікте 20 жылдап отыру" деген сұрағына "қате, 5 жылдан 7 жылға дейін ғана отыру керек" деді. Сонымен қатар ол 2010 жылы айтқан ұсынысының қазір қате болғанын, алайда сол тұсқа қарай дұрыс болғанын атап өтті. Бұдан бөлек ол университет басшылығына келуі, сол уақыттағы үндеуіне қатысы жоқ екенін айтты.
"Ерлан Сыдыков университетті 14 жылдан бері басқарып келеді. Қауіпті адам", – деп жазылған басылымда.
Кейбір сарапшылар Сыдықовтың бұл өзгерген ұстанымын елдегі саяси ахуал мен жеке өмірінде болған оқиғалармен байланыстырады.
Атап айтқанда, оның туған інісі Нұрлан Сыдықов 2018 жылы сыбайлас жемқорлық ісі бойынша қамауға алынған еді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті кәсіпкерден жер телімін ұзақ мерзімді жалға беру құқығын қайта рәсімдеу мәселесін оң шешіп беру үшін пара алды деген күдікпен шенеуніктің ұсталғанын хабарлады. Сот кіші Сыдықовты кінәлі деп танып, оны бас бостандығынан айырмағанымен, бірнеше миллион теңге көлемінде айыппұл салған.
Осы орайда "видеодағы мәлімдемені Ерлан Сыдықовтың айтқанын растай аласыздар ма?" деген сауалға университеттің баспасөз қызметінен мардымды жауап ала алмадық.
"Ғылым және жоғары білім министрлігі мен ЖОО ректоры арасындағы шарт, басшының қызмет өкілеттілігін ұзарту мәселесі аталған ведомствоның құзыретінде екенін хабарлаймыз. Ал қалған сұрақтар ғылым мен білімге қатысы жоқ екенін мәлімдейміз", – деп жауап берді Еуразия ұлттық университеті.
Осы ретте 2010 жылдың соңына таман кезекті президент сайлауын 2012 жылы өткізудің орнына, Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі бастама көтерілгенін атап өткіміз келеді. Сол кезде Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры қызметін атқарған Ерлан Сыдыков референдум өткізу жөніндегі бастамашыл топты басқарды. Ашық дереккөздерде бұл бастама аясында 314 мыңнан астам адамның қолы жиналды. Сол жылдың 26 шілдесінде Ерлан Сыдықов Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры болып тағайындалды. Бұл қызметті ол осы күнге дейін, 14 жылдан бері атқарып келеді.
2010 жылғы 27 желтоқсанда Орталық сайлау комиссиясы бұл топты ресми түрде тіркеп, кейінірек 5 миллионнан астам азаматтың қолы жиналғанын хабарлады. Бастамаға сол кездегі "Нұр Отан" партиясы мен парламент өкілдері де қолдау білдірді. Алайда бұл ұсыныс ел ішінде де, халықаралық деңгейде де елеулі сынға ұшырады. Оған Қазақстан Конституциялық Кеңесі, Еуропалық Одақ секілді ұйымдар қарсылық білдіріп, бұл қадамды демократиялық қағидаттардан ауытқу деп бағалады.
Осылайша, 2011 жылғы 31 қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаев референдумнан бас тартты және оның орнына 2011 жылғы 3 сәуірге мерзімінен бұрынғы президенттік сайлау тағайындалды. Бұл сайлауда ол – 95% дауыс жинап, жеңіске жетті. 2025 жылдың мамырында GosRating порталында да жарық көрген материалда Ерлан Сыдықов өткендегі бұл саяси бастаманы қателік деп танығаны айтылды. Бұл пікір қоғамда екі түрлі реакция тудырды, бірі батыл мойындау десе, екіншісі тым кеш айтылған сөз деп қабылдады.
Дегенмен Ерлан Сыдықов білікті тарихшы, профессор, академик екенін атап өткен жөн. Ол ректор ретінде білім жүйесін жаңғыртуға, халықаралық әріптестік орнатуға, сондай-ақ "Рухани жаңғыру", "Абай академиясы" сынды мәдени-ағартушылық бастамаларды жүзеге асыруға белсенді атсалысты.
Ерлан Сыдықов 1978 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тарих мамандығы бойынша тәмамдап, кейін 2004 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетінен заңгер дипломын алған. Еңбек жолын Жамбыл технологиялық ет және сүт өнімдері институтының Семей филиалында зерттеуші-тәжірибе жинақтаушы ретінде бастаған.
Кейінгі жылдары Ерлан Бәтташұлы Сыдықов Семей технологиялық институтында ассистент, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, декан орынбасары және проректор қызметтерін атқарды. 1996 жылы мемлекеттік қызметке ауысып, үкімет жанындағы мемлекеттік қызмет және кадрлық жұмыс бөлімінің кеңесшісі болып еңбек етті.
1997 жылдан бастап білім беру саласына қайта оралып, бірнеше жоғары оқу орындарын басқарды. Атап айтқанда, "Семей" мемлекеттік университетінің, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің, Семей мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры болды. 2011 жылдан бері Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін басқарып келеді. Сондай-ақ ол Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының V, VI және VII шақырылымдарының депутаты болып сайланған.

"Қазақ жігіттері эмоциясын көрсете алмайды": Бразилиялықпен көңіл жарастырған қазақстандық аруды сүйіктісінің ұлты да, жасы да алаңдатпаған
