Тұрғын үй кіреберісіне балалар арбасын, велосипед және тағы басқа зат қойғандарға қандай жаза бар
Фотоны ЖИ көмегімен Stan.kz жасады
Тұрғын үйде подъезге қоқыс, балалар арбасын, велосипед немесе тағы да басқа заттарды қойғаны үшін азаматтарға Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекске сай айыппұл салынады. Егер оқиға қайталанса айыппұл сомасы да көбеймек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі заңгердің көмегімен нұсқаулық дайындады.
Тұрғын үйдің кіреберісіне балалар арбасын, велосипед және тағы басқа заттар қойса қандай жаза бар?
Тұрғын үйлерде үйдің ауласы мен кіреберіс және тағы басқа орындар ортақ болып есептеледі. Сондықтан оларды қолдануға, күтіп ұстауға және онда артық зат қоймауға қатысты ережелер бар. Ең жиі кездесетін дүние – кіреберістерге, баспалдаққа шығатын жолдарға тұрғындардың жеке заттарын шығарып қоюы. Заңгер Ержан Болатбектің сөзінше, бұл бірінші кезекте өрт қауіпсіздігіне байланысты ережелерді бұзады.
Мұндай жағдайда тұрғынға Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 410-бабымен (Өрт қауіпсіздігі саласында аудит жүргізу кезінде ҚР заңнамасын бұзу) 5 АЕК көлемінде (19660 теңге) айыппұл салынады.
"Төтенше жағдайлар министрінің 2022 жылғы 21 ақпандағы №55 бұйрығымен бекітілген Өрт қауіпсіздігі қағидаларының 24 пунктіне сай, ғимараттарда есіктерді, люктерді, жанама секцияларға өтетін жерлерді және эвакуациялау сатыларына шығу жолдарына зат қойып, бітеп немесе кедергі жасап тастауға болмайды. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өрт сөндіру құралдарын, құтқару құрылғыларын бекіту орындарын, өту жолдарын, заттармен бітеп тастауға және жабуға жол берілмейді. Мұндай әрекет өрт болған жағдайда адамдар шығатын жолды және өрт сөндіретін құралдарға апаратын жолдарды жауып, кедергі жасайды. Сондықтан тұрғындардың жеке заттарын ортақ жерлерге қоюына болмайды. Осы қағиданы бұзса Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 410-бабымен айыппұл салынады. Айыппұл көлемі – 5 АЕК (19660 теңге), бір жыл ішінде қайталанса – 10 АЕК (39 320 теңге)", – деп түсіндірді заңгер.
Ескеретін тағы бір маңызды жайт – егер осы заң бұзушылық нәтижесінде адамдардың денсаулығына өміріне зиян келсе, іс қылмыстық жауапкершілікке ұласады.
Егер балалар арбасы, велосипед және тағы басқа заттар өрт қауіпсіздігіне қатысы жоқ жерде тұрса, не болады?
Егер балалар арбасы, велосипед өрт қауіпсіздігіне қатысы жоқ жерлерде тұрса және тұрғындар осыған қатысты арыз жазса, онда адам Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 505-бабы (Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын, қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) бойынша жазаланады. Оған сай 20 АЕК (78 640 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
Кіреберіске қоқыс қойса, айыппұл салына ма?
Заңгердің сөзінше, өз үйінің қоқысын подъезге шығарып қоятын тұрғындарға да қатысты ережелер бар.
"Кіреберіске қоқыс қоятындар және ортақ пайдаланатын орындарды ластаған азаматтарға Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 434-2 бабымен (Ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау) 10 АЕК (39 320 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады", – деп ескертті заңгер Ержан Болатбек.
Осы әрекет бір жылда қайталанса, онда 20 АЕК (78 640 теңге) мөлшерінде айыппұл тағайындалады.

"Жиырмадан асқан жігіттер қырындайды": Қызының қатарласындай жас көрінетін 40 жастағы қазақстандық әйел желі жұлдызына айналды
