Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ұзақ уақыт жұмыс таба алмаған: Түркиядағы АЭС-те еңбек етіп жүрген қазақстандықтар әсерімен бөлісті

Түркияда салынып жатқан алғашқы Атом электр станциясында бірнеше қазақстандық еңбек етіп жүр. Әлемдік деңгейдегі жобадан жұмыс тапқан отандастырымызбен Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі сөйлесті.

Қазір Түркияның Мерсин қаласындағы алғашқы атом электр станциясының құрылысында бірнеше қазақстандық еңбек етіп жүр. Олардың бірі – 29 жастағы Медет Даутов. Ол Теңіз мұнай кен орнындағы бірнеше мердігер компанияларда қызмет етіп, жұмыс көлемі қысқарғандықтан жұмыстан босатылған. Бір айдан кейін арнайы курс іріктеуінен өтіп, кейін Түркияға жұмысқа орналасқан. 

“Атом электр станциясының құрылысында жұмыс істеймін деп мүлдем ойлаған жоқпын. Өйткені мен үшін шетелде жұмыс істеу – орындалмайтын армандардың бірі болған еді. Алайда Теңіздегі жұмыс тәжірибем пайдаға асып, жұмыссыздарға арналған арнайы тегін курсты тәмәмдап, бауырлас Түркия еліне жұмысқа келдім, - дейді Медет Даутов.

Медет Даутов, жеке архивтен

Медеттің айтуынша, кейде түрік тілін білмегендіктен қиындықтар болған. Ол Қазақстанға күзде қайтуды жоспарлап отыр. Әлемдік деңгейдегі жобада жинаған тәжірибесі еліміздің энергетика саласында қажет болатындығына сенімді. 

Ал осы жобада еңбек етіп жүрген дәнекерлеуші Мақсат Джалимбаев болса, Қазақстанға оралмайтынын айтады. 

“Мен осында отбасыммен көшіп келдім. Қазір қалыңдығы 1 жарым метр болатын бетон реактордың ішінде жұмыс істеп жатырмын. Тапқан табысым пәтер жалдап, отбасымды асырауға жетіп жатыр. Нақты қанша табатынымды айта алмаймын. Бірақ Қазақстанмен салыстырғанда көбірек.

Мен Қазақстанда көптеген компанияда жұмыс істеп, жиырма жылдан астам дәнекерлеуші лауазымында еңбек еттім. Жұмысты табуға таныстарым көмектесті. Оларға алғысым шексіз, - дейді Мақсат.

Мақсаттың айтуынша, Қазақстанда ұзақ уақыт жұмыс таба алмаған. Түркиядағы жобада жұмысы аяқталғасын, осы елде басқа жұмыс іздейді.

“Отбасымызбен осында қаламыз деп шештік. Түркия бізге қатты ұнайды. Елге кейде барып тұрамыз ғой”, - дейді Мақсат.

Олардың әріптесі Қазбек Құрманғали жоба аяқталғаннан кейін, елге оралып, үйленуді жоспарлап отыр. 

Қазбек Құрманғали, жеке архивтен

“Отаннан ыстық ешнәрсе жоқ қой. Түркияда тәжірибе жинап, елге қызмет етемін. Өйткені осында жинаған тәжірибем елге керек. Отандастарымызбен жиі жиналып, әңгіме айтамыз. Бір-бірімізге қолдау білдіреміз. Жұмыс іздеген адамға табылады, тек іздеу керек. Әйтпесе мемлекеттен жұмыс күтіп отыра берсең, күте бересін”, - дейді 24 жастағы Қазбек.

Түркияның алғашқы атом электр станциясы әрқайсысының қуаты 1200 МВт реакторлары бар төрт энергоблоктан тұрады. Атом электр станциясы толық қуатқа шыққан кезде жылына шамамен 35 миллиард киловатт сағат өндіретін болады. АЭС бірінші энергоблогының құрылысы жоспарға сәйкес осы жылы аяқталды. Қазір екінші және үшінші энергоблоктың құрылысы жалғасып жатыр. Жобаның құны шамамен 20 миллиард долларды құрайды.

Еске салсақ, Түркия атом энергиясын бейбіт мақсатта қолданатын елдердің қатарына қосылған еді. Сондай-ақ ядролық қарудан бас тартқан Қазақстан да атом энергиясына бет бұрып, АЭС салуды жоспарлап отыр. Stan.kz тілшісі түрік жеріндегі алғашқы АЭС құрылысымен танысып, станциясының құрылысы қалай жүріп жатқанын көріп қайтқан еді.

Талқылау