Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстан Түркиядан даму жағынан 20-30 жылға қалыс қалған": Түркияда өз кәсібін бастаған отандасымыз екі елге тән проблемаларды атады

Қарағанды қаласының тумасы 29 жастағы Айгерімнің Түркияда тұрып жатқанына үш жыл болған. Бүгінде қазақстандық ару шетелде жеке кәсібін дөңгелетіп отыр. Көрші ел жайлы ел тұрғындары бақыттырақ, климаты жайлы, қоғамдағы негізгі проблемалары тұрмыстық зорлық пен педофилия дейді отандасымыз. Айгерім Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында Түркияда тұрудың артықшылықтары мен көңілі толмайтын тұстары жайлы айтып, қазақстандық және түрік қоғамындағы әйелдің рөлі жайлы ой қозғады.

Айгерім фармацевт-провизор мамандығы бойынша Қарағанды мемлекеттік медициналық университетін тамамдаған. Бастапқыда дәріханада, кейін үлкен компанияда фармецевт болып жұмыс істеген. Қазақстаннан Түркияға көшкен соң, Ескішехир қаласына тұрақтайды. 

“Түркияға көшуге дайындалуға бір жылдай уақытым кетті. Түрік тілін меңгердім, құжаттарды реттедім. Келген соң ешқандай агенттіктің көмегіне жүгінбей өз бетіммен тұруға рұқсат алу, пәтер жалдау мәселелерін шештім. Осының бәрі менің жіті дайындығым мен тіл білуімнің арқасы. Түркияның азаматтығын алмай, фармацевт болып жұмыс істеуге болмайтынын білген кезде, осында пластикалық хирургия бойынша өз кәсібімді аштым. Осы уақытта Ыстамбұлға көшіп кәсібімді өсірдім, сұраныс та көбейді. Қазір пластикадан бөлек, стоматологиялық қызмет ұсынумен, медициналық туризммен айналысамын”, – дейді Айгерім.

Түркияға көшпей тұрып, жерлесіміз біраз уақыт АҚШ-та жұмыс істеп келген. Айтуынша, бұл тәжірибе өміріне айтарлықтай әсер еткен. АҚШ-та тұрақтап қалуға ойы болса да, Айгерім Отанын сағынып, Қазақстанға қайта оралады.

“Америкаға он жыл бұрын Work and Travel бағдарламасы бойынша барғанмын. Үш ай бойы АҚШ-та болу үлкен тәжірибе болды. Себебі кішкентай қаладан ірі мегаполиске барудың айырмасы бар, керемет әсер етеді. Нью-Йоркта Манхэттен ауданында балмұздақ саттым. Ағылшын тілімнің деңгейі жаман емес еді, алайда бұл тәжірибе одан ары жақсартуына әсер етті. 

Қазақстанда көбіне сатушы мен сатып алушы арасында коммуникация бола бермейді, ал Америкада әрбір сатып алушы менімен сөйлесуге тырысатын. “Қай жерденсің, өзің туралы айтып бер” деген сияқты сұрақтар қояды. Комплекстерден арылған еркін, ашық адамдарды көргенде көзің ашылады. Әйелдер боянбайды, маникюр жасап әуре болмайды, биік өшке кимейді. Сонда да өздерін еркін әрі сенімді ұстайды”, – дейді ол. 

Айтуынша, америкалық ерлермен салыстырғанда қазақстандық жігіттер өте ұялшақ.

“Қазақстанда тұрған жылдары маған бірде бір ер азамат қасыма келіп таныспапты. Ал Америкада бірнеше рет осындай танысу оқиғалары болды. Соның өзінде жігіттер мезі қылып жібермейді. Осыдан қазақстандық ерлердің әлдеқайда ұялшақ, ұяң екенін білуге болады. 

Америкада толықтай тұрақтап қалғым келді, алайда анам қарсы болды. Одан бөлек, үш айдан соң Отанды сағына бастағандықтан қайтып оралдым. Міне, содан соң тек жеті жылдан соң Түркияға көштім”, – дейді Айгерім.



Түркияның артықшылықтары: экологиясы жақсы, азық-түлік пен пәтер жалдау арзанырақ

Түркияның өзіне ұнаған тұстарын жерлесіміз былай сипаттап берді:

  • Мұнда адамдар бақыттырақ, күліп жүреді, әрқашан позитивті көңіл-күйде;
  • Жеміс пен көкөністері өте дәмді. Бастапқы кезде жей бергім келетін. 
  • Азық-түлік пен пәтер бағасы салыстырмалы түрде төмен. Қарағандымен салыстырғанда Ыстамбұлда өмір сүру құны төмен деуге болады. Әрине, Ыстамбұл арзан қала емес. 
  • Саяси жағынан елдің жағдайы тұрақты. Қазақстан Түркиядан даму жағынан 20-30 жылға қалыс қалған;
  • Климаты жайлы. Қарағандыда желмен қоса есептегенде -35 градус. Түркияның қысы жылы, Қарағандыдағыдай суық жоқ. Аптап ыстық та болмайды, жазда +32, +33;
  • Экология әлдеқайда таза. Көліктен шығатын қара түтін жоқ.  

Түркияның кемшін тұстары: адамдары айлакер, тұрмыстық зорлық пен педофилия көп

Тұрғындары сені алдауға тырысады. Бірінші тұрған қалам Ескішехирде орта әлдеқайда жайлы, ешқандай қиындық болған жоқ, өзімді үйде жүргендей сезіндім. Бірақ Ыстамбұлда сырттан келгендер, шетелдіктер көп болғандықтан агрессивті адамдар қаптап жүреді. Алданып қалмау жолындағы сақтық әлсіздік танытпауға үйретеді.

Такси жүргізушілері, базардағы адамдар алдауға тырысқанда күйзеліске түсетінмін. Түріктерден олардың мінез-құлқын үйреніп, өзіңді алдап соқпайтындай деңгейге жетуге біраз уақыт кетеді. 

Қазақстанмен салыстырғанда Түркияда ер адамдар әдемі қыздарға көбірек назар аударатыны бар. Бұдан қатты қысылатынмын. Мәселен, кейбір аудандарға шорты, белдемше сияқты киімдерді киер алдында ойланасың, себебі ер адамдар тарапынан ыңғайсыз көзқарастарға тап боласың. Ал кей аудандарда ашық киіне беруге қысылмайсың. Ал Қазақстанда мұндай жағдаймен бетпе-бет келмеппін. 

Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі Қазақстанға қарағанда жиі орын алатын сияқты. Бізде Қазақстанда көп жағдайда бұл проблема жабулы күйде қалады. Ал Түркияда бұл ашық айтылады. Бәлкім, содан болар, мұндай проблема жиі әрі көп болатындай көрінеді. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық тақырыбы бұл елде актуалды, өткір. Түркия педофилия бойынша бірінші орында тұрған ел деген тұжырымды түріктерден естідім.

Елде техниканың құны жоғары. Телефон, смартфон, құрылғылар, телевизор, көлік – барлығы бізге қарағанда екі-үш есе қымбатырақ. Себебі мұнда импорттық заттарға салықтың сомасы жоғары. Заттың құнының 50%-ы мемлекеттің салығына кетеді. Жалға алынатын пәтер арзанға түседі. Мәселен, мен қазір тұрып жатқан пәтердің ақшасына Қазақстанда жақсы пәтер келмейді.

Түркия қоғамындағы әйелдердің рөлі 

Түркияда ұзақ уақыт тұрып, бұл елдің саясатын түсіне бастайсың. Ел президенті диктаторлық билік жүргізу кезінде дінге басымдық жасағысы келеді. Алайда қоғам ішінара екі түрлі көзқарас ұстанады: интеллегенция, білімді адамдар мұндай бағытты қолдамайды. Шетелдіктерге тұрғындардың қарым-қатынас өте жақсы. Қай елден келген шетелдік екеніне де байланысты. Сирия, Сауд Арабиясынан келген болса, кішкене күмәнмен қарайды. Егер Америка, Еуропадан келген болса, бәрі тамаша қарсы алады. Қазақтарға да бауыр ретінде қарайды. 

Қоғамдағы әйелдің рөліне келетін болсақ, елдегі аудандар мен өңірлерге тікелей байланысты дер едім. Қазақстанның Оңтүстік және Солтүстіктігімен салыстыруға болады. Батыс бөлігін қоныстанған түрік азаматтары әлдеқайда заманауи, шетел көрген, тілдер меңгерген, олар әйел адамды сыйлап тұрады, оған қол көтермейді, тіл тигізбейді. Әйелдерге қамқорлық көрсетеді, барлығын төлеп, керегін алып береді, жомарт деп айтуға болады. 

Шығыста тұратын азаматтар көбіне жоғары білімі жоқ, діни ұстанымдары берік адамдар. Қыздарға өз деңгейінде қарым-қатынас жасамайды. Қызмет көрсететін қызметкерлер сияқты қарастырады. Ұрып, ұрсып, шектеу қояды. Мұндай отбасылардағы әйелдер бала туып, үйде отырады. Ерлер ғана жұмыс істейді. 

Мұнда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық оқиғалары көп. Соның ішінде көбіне жақын адамдар осындай әрекеттерге барады: күйеуі, бұрынғы күйеуі, жігіті және т.б.  Белгісіз азамат тарапынан жасалған қылмыстар жайлы жиі естімейміз. Тұрмыстық зорлық өте көп. Бір жақсы жері мұнда әйелдерді қолдау орталықтары жұмыс істейді. Бұл мәселемен қарқынды түрде жұмыс істелінеді. Алайда мұндай қылмыс жасаған адамдарды ауыр жазаға тартпайды. 

Әйелдерге қатысты зорлыққа қарсы нарызылық акциялары жиі өтеді. Сыған орай, Ыстамбұл келісімшартын енгізу жоспарланып отыр. Қазір адамдар осы құжаттың қабылдануы үшін барын салып жатыр, алайда ол әлі қабылданған жоқ. 

Түркиядағы медицина: білімі өте қиын, жекеменшік емханалар көп

Түркияда медицина қарқынды дамып кеткен. Менің кәсібім тікелей байланысты болғандықтан емес, расында солай. Бұл елде медицина университетінде оқу өте қиын. Себебі америкалық стандарттарға сай. Мұнда дәрігерлікке ақылы түрде оқи алмайсыз. Бәрі тегін, бірақ оқуға түсу үшін жоғары балл жинау қажет. Дәл қалаған мамандыққа түсу екіталай. Жастар емтиханды бірнеше рет тапсырып, оқуға түсіп жатады. Ал емтиханды парамен жабу деген түсінік мүлдем жоқ. 

Дәрігерлері өте білімді, емханаларының техникамен жабдықталу жағы жоғары деңгейде, операция роботтармен жүргізіледі. Құрал-жабдықтары соңғы буынның техникасы. 

Мұнда жекеменшік емханалар өте көп, олар шетелдіктерге басымдық береді. Бұл соңғы 5-6 жылда Түркияның туризммен қатар медициналық туризмді дамытуына бет алғанын көрсетеді. Сапалы емханалардың көптеп салынуы тұрғындарға да, шетелдіктерге де бағытталуда. 

Пластикалық хирургия: адамдар көбіне мұрнын жөндетуге құмар

Өз кәсібімді әлеуметтік желілер: Youtube, Instagram арқылы дамыттым. Барлық жағынан көңілі толған пациенттерім басқа адамдарға кеңес беріп жатты. Бастапқыда кәсібімді интернетте дамытуға жіті назар аудардым. Youtube, Instagram-ға жүйелі түрде ақпаратпен бөлісіп отырдым. Содан соң адамдар бір-бірі арқылы естіп, келетін болды. Қазір қасымда қазақстандық әйел көмекші болып жүр. Пандемия кезінде көп адам келе алмай, біраз қиналдық. Алайда қазір жағдай біршама тұрақталды.

Байқап қарасам, адамдардың ең жиі жасататын отасы – ринопластика (мұрын формасын ретке келтіру – ред.). Бұрын мұны білмейтінмін, ал шындығына келгенде адамдардың бірсыпырасы осыған қатысты көңілі толмайды екен. Қыздар бет-әлпетін өзгерту үшін келеді. Сондай-ақ адамдар тыныс алу жолдарына байланысты кедергілерді реттеу мақсатында ота жасатады. 

Екінші кезекте, адамдар арасында сұранысқа ие қызмет – денедегі кемшіліктерді жөндеу. Липосакция, іштегі майды кетіру, төсті үлкейту және оны қалыпқа келтіру, бетті қалыпқа келтіру сияқты оталарға сұраныс жетерлік.

Қазақстандық қоғамның кемшіл тұстары: ажырасу, ұят мәселесі

Әйел тұрмыста болмаса, ол бақытсыз деген стереотип бар. Оның шығу тегі Совет Одағынан, патриархалды қоғамнан бастау алады. Оның бәрі, меніңше, бұрын әйелдердің көбі үйде отырып, бар уақытын бала бағуға жұмсайтын болғандықтан туындаған. Ал ер адамдар көбіне ақша табумен айналысқан. Осылайша отбасында қызға міндеттерін айтып өсіреді. “Тұрмысқа шық, күйеуің сені асырайды” деп тәрбиелейтін сияқты. 

Түркияға көшкенде сана-сезімім, көзқарасым өзгерді. Америка, Канадамен салыстыруға келмесе де, мұнда да заманауи адамдар өмір сүреді. Әйелдер қоғам тарапынан қысымға ұшырамайды. 23 жаста тұрмысқа шығу олар үшін ерте. Қыздар 28-29 жаста тұрмысқа шығып жатқанын байқаймын. Ерлер 35, 37-де үйленеді. Жыл сайын бұл цифрлар жоғарылап жатыр. Адамдар өзі үшін өмір сүруді үйреніп келеді.

Ажырасу мен ұят мәселесіне келетін болсақ, одан алшақтайтын, өзі үшін өмір сүретін уақыт келді. Ата-ана, көрші-қолаң, бала, қоғам үшін өмір сүруді қою керек. Ата-ана мәңгі емес, көршілер көшеді, балалар өз жолдарын тауып, сенен алыстайды. Ең соңында түк те өмір сүрмегендей болып сопиып жалғыз қаласың. Көп жағдайда балалар отбасында тәрбиені көріп содан үлгі алып өседі. Анасы үйдегі тұрмыстық зомбылықты көре тұра, үндемесе, қызы да өзін-өзі ұстаудың осындай түріне үйренеді. Ең сорақысы, ұят әйелдерге ғана қатысты сияқты. Ешқашан ер адамның ұяты жайлы естімеппін. Әйелдерге “қысқа киген ұят”, “бір жерге барып қыдыру ұят”, “күйеуімен ажырасу ұят” және т.б.  пікірлер айтылады. 

Ажырасуға келетін болсақ, онымен өмір бітіп қалмайды. Адам қазір көп болса жүз жасқа дейін өмір сүреді. Соның 80 жылын ой-санасы қалыпты кезең. Кез келген жаста ажырассаң да, өмір қайта қалпына келеді, ештеңеден қорықпау керек. Жеке өмірің өзгермесе де, жалпы көзқарастарыңды, қарым-қатынасыңды өзгертуіңе болады. Адаммен бірнеше жыл өмір сүргеннен кейін онымен айырылысу қиын болуы мүмкін, себебі онымен өткізген уақытыңды қимайсың. Алайда сол уақытты емес, қалған өміріңді аяуың керек.

Жеке басым бұрынғы күйеуіммен арада тұрмыстық зорлық, алкогольге салыну деген сынды жағдайлар болған жоқ. Ал кейбір әйелдер осындай қарым-қатынасқа шыдап жүре береді. Менде мұндай жағдай орын алмаса да, ажырасуға шешім қабылдадым, жақындарымның барлығы мені қолдады. Бұл жағынан ата-анама ризашылығымды білдіремін. Бастапқыда бірінші рет осындай жағдай болған кезде үлкен ауыртпалық сияқты көрінеді. Алайда, шынымды айтсам, бұл шешіміме еш өкінбеймін, қазір өз өмірімді өзіме арнап, қалаған ісіммен айналысып жатырмын. Екеуміз де жаңа қарым-қатынас құрдық. Ол да үйленіп, балалы болды. 

Отаныма алғысым көп, алайда талай нәрсе өзгеруі керек

Қазақстанға қайтып келуді жоспарламасам да, Отаныма барлығы үшін алғысымды айтамын. 

Қазақстан ең нашар мемлекет емес. Ресей, Украинамен жұмыс істей келе еліміздің  жаман емес екенін түсінемін. Алайда өзгертетін тұстары әлі көп. Үкімет, жемқорлық сияқты мәселелермен емес, ең бірінші адам өзімен жұмыс істеуі керек. Жол жүру кезінде ереже бұздың ба, пара берме, айыппұлыңды төле және т.б. қарапайым мысалдар. 

Қазақстандықтар көп жағдайда өздеріне ұнамаған нәрсені айтуға ерінеді. Түріктер өте патриот, олардың 85% сайлауға қатысады. Бізге де шетелге жиі шығып, білім алып, басқа адамдардың өмір сүру қалпын бақылау қажет. Бүкіл қазақстандық шетелге көшіп кетсе, әрине, қиын болатыны анық. Экология, пара, бауырлық, аға-көкелеу сияқты проблемалар бар.

Мәселен, пандемия кезінде Түркияда бәрі бір ауыздан онлайн форматта жұмыс істеуге көшті, бетперде тақпауға мүмкіндік берілсе де, тағып жүрді. Себебі Италияның тәжірибесіне назар аударды. Адамдар өз денсаулықтары үшін уайымдайды, оларға бәрібір емес. Ал бізде бірінші, екінші толқын кезінде адамдар бетпердесіз, жайбарақат жүрді. Демек, бұл жерде президент, үкіметті кінәлай алмаймыз, мұнда бәрі адамдардың сана-сезіміне байланысты. Әркім өз бетінше жүреді, адамдардан эгоизмді байқауға болады. Біз өзімізге өзіміз жаумыз. Қазақстандықтар қоғамның алдында өзінің парызын сезінбейді. Барлығы әркімнің өз саналы түрдегі әрекеттерінен басталады.

Талқылау