Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында жер тұрғындардың рұқсатынсыз кепілге қойылған

Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы бес ауыл екі жарым мың гектарға жуық жерінен айырылып қалуы мүмкін. Себебі осыншама ауқымды алқап кезінде несие беруші компанияға кепілге қойылып кеткен. Хаттамаға тұрғындардың сыртынан қол қойылған екен. Халық сот пен әкімдіктің табалдырығын тоздырып мезі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Видеодан скриншот

Қазығұрт ауданындағы Махамбет ауылының халқы 3 жылдан бері жер мәселесін шеше алмай жүр. 2005 жылы кооператив төрағасы ауылдың алқабын кепілге қойып, 21 миллион теңге несие алыпты. 3 миллион теңгені бергенімен, қалған қарызынан құтылу үшін қордағы қосымша жер компенсацияға кеткен. Алайда сол төрағаның өзі көз жұмған.

“Терісбұлақта 710 гектар жайылымымыз бар еді. Соны берген. Төбебұлақта 1180 гектар жеріміз бар еді, соны беріп, несиені жауып, содан кепілден жер босағаннан кейін мына халыққа жерді бөліп берген”, – деді Махамбет ауылының тұрғыны Сансызбай Әшіров. 

Кепілден босатылған жерді 2011 жылы жұрт жаппай жалға ала бастаған. Ұзақ мерзімді пайдалануға әкімнің шешімі шығып, мемлекеттік актіні де қолдарына алған. Алайда 2440 гектар жер несие беруші компанияның кепілдігінен босатылмаған екен. Содан бері жұрт соттасып жүр.

“Бір адам біздің мұңымызға қарайын деп жатқан жоқ. Ол жерде тек Қазығұрт несиеден жалғыз адвокат келеді де, бізге жер керек деп тұрады”, – деді махамбеттік Жұмабай Жарылқасынов.

Халық ауылдың алқабын кепілге қоюға рұқсат берген хаттамада жер иелерінің қойған қолы жалған дейді. Жеке куәлігіндегі қойылған қолмен салыстырып та берген.

“Жерімізден айырылсақ, аштан қатамыз. 32-жылғы қырғын бізге келейін деп тұр. Не деген сұмдық, сыртымыздан қол қойған. Қараңғы халықты осыншама әбіржітуге бола ма?”, – деді Махамбет ауылының тұрғыны Әсия Әшірова. 

Таласқа түскен жер Махамбет ауылының төбесінен басталады. Шығысқа қарай 6 шақырым, оңтүстікке қарай 15 шақырымнан асып жығылады. Ал ауылдың арғы тұсындағы жердің көлемі бұдан да ауқымдырақ. Ал несиелендіруші компания кезінде қаржыны аграрлық несие корпорациясынан алып, кооперативке несиеге бергенін және оны толықтай қайтару керек екенін айтып отыр.

“18 миллион теңге Шарапхана өндірістің кооперативі тарапынан серіктестің есеп шотына берілсе, бұл дау бойынша біз кепілдіктен шығарып, тыйымнан босату жөніндегі анықтама қағазын беруге дайынбыз”, – деді “Қазығұрт несие” ЖШС басқарма төрағасы Ербол Жүзбаев.

Кооперативке кеткен сонша соманың тиынын да көрмедік деген көпшілік ұжымның берешегін неге қара халық өтеуі керек екенін түсінер емес.

Талқылау