Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сәбиін көріп үлгермеді": Қаңтар оқиғасы кезінде ұлынан айырылған ана марқұмдарға арнайы мәртебе беруді ұсынды

Биыл Қаңтар оқиғасына екі жыл болады. Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған 22 жастағы Бақыткелді Байқадамовтың анасы Гүлнұр Қаракасова екі жыл өтсе де, кінәлілердің әлі де жазаланбағанын айтады. Тұңғыш ұлынан айырылған көп балалы ана Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында қаңтардағы қаралы күндерді есіне алып, ұлына қатысты естеліктерді айтып берді. 

Гүлнұр Қаракасова – Алматы қаласының тұрғыны. Алматыдағы қанды қаңтар кезінде 22 жастағы ұлынан айырылған. Ата-анасының тұңғышы Бақыткелді Байқадамовтың болашағынан үлкен үміт күткен. Ол ата-анасымен бірге жұмыс істеп, есіктерге маңдайша орнатушы болған. Бақыткелді оқиға күні жұмыс барысымен қалаға шығып, орталық алаңға жетпей, жаяу жүргіншілер жолағында оққа ұшады. 

"2022 жылы 5 қаңтар күні балам өмірден еш қызық көрмей өтіп кетті. Егер тірі болса, желтоқсанның 9 жұлдызында 24 жасқа толатын еді. Жолдасым екеуміздің бес баламыз бар. Бақыт (Бақыткелді – авт.) оқуын аяқтаған соң, қасымда жарты жыл саудамен жүрді. Кейін әскер қатарына алынды. 2019 жылдың аяғында әскерден аман-сау оралып, карантинге тап келді. 2020 жылы карантин салдарынан жастарға жұмыс табылмады ғой. Жалпы халықтың митингке шығуына карантиннің де әсері болды деп ойлаймын", – дейді баласын күрсініп есіне алған ана.

Гүлнұр ханымның пікірінше, бейбіт митингке шыққандардың арасында арандатушылар болған. 

"Халық бүлік шығарамыз деп ойлаған жоқ. Елімізде баға көтерілмесін деген талап қойды. 30 жыл бойы Назарбаевтың арбауында жүрдік. Баламызды атқан адамдарды тауып, кінәсін дәлелдесе екен дейміз. Ұлымның өліміне себепкер адам әлі күнге дейін беймәлім. Өзіміз де табылмайтынын біліп, билік өкілдерін қуғындаған жоқпыз. Әкесі қатты уайымға түсті. Жуырда ғана оны еске алып, Құран бағыштадық", – дейді ол.

Кейіпкеріміз ұлының қаза болған күнін өміріндегі ең қорқынышты кез дейді. Қайғылы жағдай болған күнді былай еске түсіреді.

"5 қаңтар күні қала тыныш болды. Біз Саялы ықшам ауданында тұрамыз. Сол күндері ғаламторды бекер сөндірді. Ғаламтормен бірге AlmaTV де өшіп қалды. Ресми жаңалықтан мүлдем хабарсыз қалдық. Қалада көтеріліс болып жатқанын да білмедік. Осы күні Бақыткелдіден кейінгі Гүлмариям деген қызымыз 18 жасқа толды. Туған күніне дастархан дайындап жаттық. Балам азанғы сағат 10-дар шамасында оянып,  пісірген дәмді бауырсақтан дәм татты. Түскі тамағын ішіп, көшеге шығып кеткен болатын. Мен есік алдында жүріп, қайтадан кіреді ғой деп ойладым. Оның кеткенін де абыр-сабырдан байқамай қалыппыз. Түскі 3-тер шамасында кеткен. Інісі сағат 4-5-терге қарай бірнеше мәрте хабарласқан еді. 

Осы сәтте №12 ауруханадан Бақыттың ұялы телефонынан хабарласып, бізді шақырды (ауыр күрсінді). Далада тұман, оның үстіне таксилер де жоқ. Сағат кешкі 7-лерге қарай ауруханаға бардық. Көліктер нөмірлерін шешіп тастаған. Ауруханаға келіп-кетіп жатқан жаралы адам көп. Баламның суретін көрсетіп, аурухана қызметкерлерінен сұрай бастадым. Ешқайсысы жөнді жауап қатпайды. Халықтың басына қара бұлт үйіріліп тұрғанда, осындай кезде мардымды жауап берсе болатын еді ғой. Біреуі әкесін, біреуі баласын жоқтап, ары-бері саңдалып жүр. Бір кезде "Сіздер қайта беріңіздер, өзіміз хабарын береміз" дейді. Қайтпайтынымызды айтып едік, сағат түнгі 2 жарым шамасында Бақыткелдіні мәйітханаға алып кеткендерін жеткізді. Қалай сонда? Сағат 7-ден бері жүрміз. Бірауыз айтпағандары несі", – дейді марқұмның анасы.

Ауруханада арбаға жиналған киімдер мен қанды көрген.

"Енді Боралдай жақтағы мәйітханадан баламызды іздедік. Бұл жақтан табылмады. Алғабастағы мәйітханаға да бардық. Ол жердегі қызметкерлер сағат 8-де келеді екен. Күзетшілер ешқандай мәйіт түскен жоқ деп жатыр. Бірақ түнгі сағат 3-те келгенін естідік. Тағы да аласұрып жақын маңдағы мәйітханаларды араладық. Сағат 8 болғанда бір-ақ айтты. Түндегі 18 мәйітпен бірге менің де баламды алып келіпті. Атасы мен әкесі де осында жүрген. Өз көзімізге өзіміз сенбедік, бейбіт заманда ұлымыздан айырылып қаламыз деп ойламадық. 

Ертесі денесін алуға барсақ, "қағаз бермейміз" дейді. Осындай да билік бола ма? Ақ мата әкелсеңіздер, "өзіміз жуындырып береміз" деді. Қайта-қайта өлгені туралы қағаз берілмейді деп жатыр. "Қалай бермейсіздер" деп айқай шығардым. Біз көшеден тауып алған жоқпыз ғой. Бір парақ болса да, "қағаз беріңдер" дедім. Баланың басына оқ тисе де, олар бізге "удар тупым предметом по голове" деп жазыпты. Мәйітханадағылардың өздері де өтірік айтты. Әділетсіздікпен бет-бет келдік, осындай қорлық көрдік. Осы сәтте қандай мемлекетте тұрамыз деген көптеген сұрақтар өзегімді өртей түсті", – дейді бес баланың анасы.

Айтуынша, шындық ерте ме, кеш пе түбінде ашылады.

"Жап-жас балалар "елім", "жерім" деп алаңға шықты ғой. Тек биліктің әрекеті дұрыс болмады. Балама қатысты ешқандай да куәгер жоқ. Тергеушілер 3 рет ауысты. Ең ауыр тигені, эксгумация жасаймыз дегендері еді. Мен сол кезде YouTube-ке шығып, елден көмек сұрадым. Осындай қиындықтардан өттік. Өліміне қатысты мемлекет құпия деп қылмыс ашылмады. Әкесінің жүйкесі қатты сыр берді. Отбасымыздың қайғысын кімнен көреміз? Қазақтың жаулары ма, арандатушылар ма, түсінбедік", – дейді ол.

Бақыткелдінің жылдық асына әкімшілік қаржылай 1 миллион теңге берген.

“Көп балалы ана ретінде 3-4 жыл бұрын үй берді. Сол үйді өз атымызға аударғанға көмек болса дейміз. Жергілікті атқамінерлердің барлығы да жағдайымызды біледі. 3 бөлмелі үйде ата-енем, өзіміз, балалар және немерімізбен тұрамыз. Осы үйді жекешелендірсек, басқа биліктен сұрайтын ештеңеміз жоқ. Әкімшіліктен ешкім келіп көмектескен жоқ. Алғашқы кезде қандай мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды білмей қалдық. Кейінірек елдің өзі жоғын жоқтағанда, биліктің адамдары халыққа шықты. "Қазақстан халқына" қоры бізге де ақшалай қаражат берген", – дейді сұхбат беруші. 

Ұлының кішкентай кезінде өте ақылды болғанын айтып, бала кездегі естеліктерімен бөлісті.

"Бастауыш сыныпты Таразда бітірді. Одан кейін Алматыға көшіп келдік. 9-сыныптан соң элекртик мамандығы бойынша колледжге оқуға түсті. Колледжден үнемі мақтау қағазы мен грамоталар алатын. Қазір баламнан естелік ретінде өзінің суреттері мен тек солар қалды. Әскерден де мақтау қағазын алды. Ешқандай да жаман әрекеті болған жоқ. Тура карантин кезінде қиналды. Өзі үйге көмектесіп, түнде достарының көлігін жөндейтін. Қолынан келмейтіні жоқ алтын бала еді ғой. Қай жағынан қателік жібергенімізді білмеймін. Қалай бір сәтте айырылып қалдық?! Өзегімді өкініш өртеп барады. Өзімді де, бәрін де кінәлаймын", – деп көзіне жас алады анасы. 

Айтуынша, Бақыткелдімен өткен әрбір сәттері бақытқа толы болған.

"Бақытпен өткен өмірдің бәрі бақыт еді. Ұлымыз өмірден кеткен соң білінді ғой. Артынан үш інісі мен бір қарындасы қалды. Енді солар аман болсын дейміз. Сонда да жүрегімнің жартысы жоқ сияқты. Не үшін олай, білмеймін? Үйдің үлкені болған соң, оған артылған сенім көп болған шығар. Бірақ ұлымның кішкентай қызы бар екен. Біз оны өзі кетпей тұрып білдік. Немереміз ол кезде 1 жас 1 айлық еді. Оны бізге айтпаған. Өзі барып көремін деп жүріп, үлгермей қалды. Немеремізді 4 айдан кейін таптық. Жарық дүниеміз бізге біраз уақыт алданыш болды. Бәріміз әр жерде жылап, бәрін қарғап жүргенде, кішкентай періштеміз үйге келді. Бір қуаныш, бір қайғы. Алайда бәрібір, баламыздың орны толмайды", – дейді әйел.

Ауыр қайғыны бастарынан өткерген отбасының бар тілегі ел-жұрттың амандығы екен.

"Жер басып жүрген соң, тіршілігімізді жасаймыз. Кейде жалғыз қалғанда, қалың ойға шомып кетемін. Бақыткелді тірі қалғанда, бәрі де басқаша болатын сияқты. Енді ананы баладан ешкім айырмаса екен. Басшымыз "Әділетті Қазақстан" деп жатыр. Бірақ оның орнағанына әлі көзіміз жетпейді. Балаларымыздың болашағы қатты алаңдатады. Тіл мәселесі де өте қиын. Қазақстан билігі бізге бейжай қарамай, қаңтар қырғынында қаза болған боздақтарға атақ беруі керек. Алматыдағы былтыр ашылған мемориалға "Қаңтар құрбандары" деп жазғандары дұрыс", – дейді ол.

Кейіпкеріміз қаңтар марқұмдарына арнайы мәртебе берілгенін қалайды. Биліктің өзі секілді аналардың жағдайын біліп, ата-анасыз қалған балаларға жәрдемақы төленсе дейді. Бұл тек өзінің ғана емес, қайғыдан қан жұтқан отбасылардың да қалауы екендігін жеткізді.

Қадырбек ӘУЛИЕАТА

Талқылау