Тоқаев жұмыстан қуып жіберген шенеуніктің қайта "тағайындалуы" түсінбеушілік болып шықты
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі автожолдар комитетінің бұрынғы төрағасы Сайранбек Бармақовты "Қазавтожол" Алматы облыстық филиалының басшысы қызметіне тағайындау туралы хабарламаны түсінбеушілік деп атады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Автомобиль жолдары комитетінің бұрынғы төрағасын тағайындау туралы жаңалыққа қатысты түсініспеушілік болды. Уақытша қолайсыздық үшін кешірім өтінеміз. Сайранбек Бармақов "ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ Алматы филиалының директоры қызметіне тағайындалмаған және тағайындалмайды да. Бұл орын бос", - деді ИИДМ баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, Сайранбек Бармақов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан кейін автомобиль жолдары комитетінің төрағасы қызметінен кеткен. Бармақовты "саладағы бақылауды әлсіреткені үшін" қызметінен босату туралы жария түрде мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли 20 сәуірде хабарлады.
Бірнеше күннен кейін, 23 сәуірде БАҚ-та Сайранбек Бармақовты "Қазавтожол" ұлттық компаниясының Алматы филиалының директоры қызметіне тағайындау туралы ақпарат пайда болды. Басылымдар, соның ішінде мемлекеттік басылымдар өз жарияланымдарында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ресми хабарламасына сілтеме жасаған. Қазіргі уақытта Бармақовты "Қазавтожолда" қызметке тағайындау туралы министрліктің Telegram-каналында жарияланым жоқ.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
