Тоқаев Қазақстанға бір палаталы парламент құру қандай мүмкіндік беретінін айтты
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев парламенттік реформа Қазақстан мемлекеті мен халқының тағдырына тікелей әсер ететін мәселе екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президент Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысында баяндама жасады.
"Өздеріңіз білесіздер, өткен аптада арнайы Жұмыс тобын құру туралы Өкімге қол қойдым. Парламенттік реформа – еліміздің алдында тұрған аса маңызды, жауапты жұмыс. Жолдауымда бұл мәселе азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет деп нақты айттым. Бүгін, міне, бірінші отырысымызда Парламенттің, Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің және саяси партиялардың өкілдері, заңгерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері бар. Бәрі де елге танымал азаматтар, түрлі саланың мамандары. Тағы да қайталап айтқым келеді: Парламенттік реформа – еліміздің, халқымыздың тағдырына тікелей қатысы бар мәселе. Жұмыс тобының әр мүшесі осы тарихи міндетті дұрыс түсініп, белсенді жұмыс істейді деп сенемін", - деді Тоқаев.
Прездент елімізде түрлі бағытта жұүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістерге тоқталды.
“Бір ел болып саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асырып жатырмыз. Осы өзгерістер жалғасын табуы керек. Бір орында тұрып қалуға болмайды. Мемлекетімізді түбегейлі жаңғырту стратегиясын "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" тұжырымдамасына сай жүргізе беру маңызды. Бұл – елімізде Президенттік билік жүйесінің тиімділігі сақталады деген сөз. Жалпы, бір палаталы Парламентке көшу халықаралық үрдіске толық сай келеді. Әлем елдерінің үштен екісінде осындай парламенттік жүйе қалыптасқан. Дәл қазір бізге керегі – ортақ ұстаным және парасатты, салмақты ұсыныс. Сондықтан барлық ой-пікірді, ұсынысты мұқият зерттейміз, егжей-тегжейлі қараймыз”, - деді ол.
Сондай-ақ Мемлекет мұндай маңызды қадам кең талқылау арқылы ғана қабылдануы тиіс екенін айтты.
"Бір палаталы Парламент құру туралы бастама инновациялық саяси шешім болды. Қазір ел ішінде, әлеуметтік желіде түрлі ой-пікірлер айтылуда. Басым көпшілігі мұны "әбден пісіп-жетілген мәселе" деп санайды. Тіпті, "Халықтың көбі қолдаған бастаманы талқылап, референдум өткізудің қажеті жоқ" деген ойлар да айтылып жатыр. "Реформаны созудың қажеті жоқ, таяу арада қысқа мерзім ішінде жасай салуға болады" деген пікірлер де бар. Шын мәнінде, қай жағынан алып қарасақ та, мәселе өте өзекті. Азаматтарымыздың әртүрлі пікір айтып, белсенді болғаны – жақсы үдеріс.
Дегенмен парламенттік реформа – аса күрделі жұмыс. Асығыстыққа жол беруге болмайды. Себебі, бұл – еліміздің тағдырын шешетін жағдай. Бұл – мемлекеттің болашағына тікелей ықпал ететін қадам. Мұндай маңызды шешім кең ауқымды талқылау арқылы қабылдануға тиіс. Қазақстан – халық үніне құлақ асатын Әділетті мемлекет. Бұл – мызғымас ұстаным.
Мемлекет басшысы ретінде мен үшін Парламент – еліміздегі саяси жүйенің негізгі тірегі. Сондықтан алдымен Конституцияға бірқатар өзгеріс енгізу қажет болады. Негізгі заңның 40-қа жуық бабы өзгереді. Содан соң кем дегенде 10 конституциялық заңға және 50-ден астам кодекс пен заңға түзету енгізу керек болады. Мұны жаңа Конституция қабылдаумен тең келетін іс деуге болады. Әрине, бұл жұмыстың бәрін табан астында, бір сәтте жүзеге асыру мүмкін емес. Тыңғылықты дайындық керек”, - деді Президент.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдау кезінде бір палаталы парламент құру туралы бастама көтерді.

"Қанды Қаңтар" алдында газ бағасын көтеруді қолдаған мұнай сарапшысы тағы сынға қалды: Енді жолақыны қымбаттатуды ұсынды
