"Қанды Қаңтар" алдында газ бағасын көтеруді қолдаған мұнай сарапшысы тағы сынға қалды: Енді жолақыны қымбаттатуды ұсынды
Фото: 1.Kazenergy / 2. Stan.kz
Сарапшы Олжас Байділдиновтің айтуынша, қазіргі субсидиялау жүйесі тиімсіз әрі сыбайлас жемқорлыққа бейім. Ол нарықтағы шынайы баға мен ашық бәсекелестік орнамайынша, қоғамдық көлік сапасы артпайтынын айтады.
"Бүгінде Петропавлда мемлекеттік субсидияларға байланысты тағы да түсініксіз жағдай туындап отыр. Жолаушылар тасымалдаушылардың сөзінше, жол жүрудің өзіндік құны шамамен 345 теңге, бірақ үшінші жыл қатарынан оларға субсидия төленбей келеді. Бұл салада ашықтық жоқ", – дейді Олжас Байділдинов.
Олжас Байділдинов еліміздегі субсидиялар жүйесі өзінің тиімділігін әлдеқашан жоғалтқан деп отыр.
"Бұл саладағы мемлекеттік субсидиялар ашық емес, сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары және ең бастысы, жолаушылар үшін сапа әкелмейді. Егер біз шынымен әділ әрі тиімді жүйе құрғымыз келсе, онда тарифтерді нарыққа жіберуіміз керек. Астана мен Алматыда қоғамдық көлік бағасы кемінде 500 теңге болуы қажет", – деп атап өтті Байділдинов.
Оның айтуынша, қазір бір бағытта үш аялдама жүретін жолаушы мен соңғы аялдамаға дейін 1,5 сағат жүретін адам бірдей ақы төлейді. Бұл экономикалық жағынан қисынсыз дейді сарапшы.
"Сондықтан біз нарықтық емес және жабық субсидиялардан бас тартып, бағаны еркін нарыққа жіберуіміз керек. Ерте ме, кеш пе, бәрібір осыған келеміз. Мысал ретінде Үндістанның Дели қаласын келтірейік. Онда метро мен жеңіл рельсті көліктегі жол ақысы 20-70 рупий (шамамен 140-470 теңге) аралығында", – деді Олжас Байділдинов.
Желі қолданушылары экономист Олжас Байділдиновтың Алматыдағы қоғамдық көліктегі жолақыны 120 теңгеден 500 теңгеге дейін көтеру туралы айтқан пікірінен кейін жаппай наразылық білдірді. Пікір қалдырушылар оның бұл мәлімдемесін шындықпен байланысы жоқ, халықтың жағдайын ескермеген көзқарас дейді.
"Содан соң автобусқа 500 теңгемен мінуге болады дейді ғой. Мына ақымақ тіпті сатып алған заттарының бағасын да жариялап, бәріне мақтанғысы келген сияқты", "Ер адам, сен не, есіңнен айырылдың ба, қандай 500 теңге? Адам күн сайын жұмысы үшін қоғамдық көлікпен жүруі мүмкін ғой, сонда күн сайын сонша ақшаны қайдан алсын? Осындай "ақылды" пікір айтпас бұрын, ойлануды үйрену керек!" деген пікірлер жиі жазылды.
welding7399 есімді оқырманның айтуынша, Олжас Байділдинов халықтың ашу-ызасы мен қарғысын арқалап, елдің лағынетін өзіне тартқан.
"Мынау халықтың жауы, басқаша айта алмайсың. Адамдар азық-түлікті қарызға алып жүр. Бізде орта тап жоқ, не кедейміз, не тым баймыз. Бұрын 80-100 теңге еді, сосын тез арада 120 теңгеге көтерді. Енді тағы бір айла жасап, қарапайым халықты тонауды жалғастырмақ. Беті құрсын, оңбағанның!" – деп ашуын жасырмады leela_ala есімді тағы бір қолданушы.
Көптеген қолданушы Байділдиновтың аты "Қанды Қаңтар" оқиғасымен де жиі аталып жүргенін еске салды. 2022 жылдың 3 қаңтарында ол сұйытылған газдың бағасын көтеруді қолдап, нарықтық баға орнату қажет екенін айтқан еді. Сол кезде газ бағасының көтерілуі ел ішінде жаппай наразылыққа ұласып, ауыр оқиғаларға себеп болған еді. Қолданушылардың айтуынша, дәл сол кезде де Байділдинов халықтың шынайы әлеуметтік жағдайын түсінбей, экономикалық тұрғыдан ғана баға берген.
Көпшіліктің пікірінше, Байділдинов мұндай әлеуметтік маңызы бар тақырыптарға араласпай, халықтың наразылығын тудыратын мәлімдемелерден аулақ болуға тиіс.
"Ол 2022 жылғы Қаңтар оқиғасының алғашқы бастамашыларының бірі болған. Сол қайғылы оқиғаға да оның себеп болғаны айтылып жүр. Кейін ол газға еш қатысым жоқ, тек штаттан тыс кеңесшімін деген сияқты сылтаулар айтқан. Қазір ол тағы да жолақы мәселесін қозғап, халықты арандатып отыр. Елде бәрі күн сайын қымбаттап жатыр, көпшілік тек амалдап күн көріп отыр. Бұл адам халықтан не қалайды өзі?" – деп жазды nurlx007 есімді оқырман.
nur.kanatuly.kazakhstan атты тағы бір оқырман Олжас Байділдиновтың бұл жолғы пікірін қоғамдық тыныштыққа қауіп төндіретінін айтып шағымданды.
"2022 жылдың 3 қаңтарында ол сұйытылған табиғи газдың бағасын көтеруді талап еткен. Содан кейін "Қанды Қаңтар" оқиғасы болды! Енді ол Алматыда қоғамдық көлік жолақысын 120 теңгеден 500 теңгеге дейін көтеруді ұсынып отыр. "Қанды Қазан" болсын дей ме өзі? Бұл барып тұрған арандатушылық!" – деді nur.kanatuly.kazakhstan.
Айта кетейік, Олжас Байділдинов – мұнай және энергетика саласының белгілі сарапшысы, кәсіпкер және тележүргізуші. Ол Atameken Business арнасындағы авторлық "Байділдинов. Нефть" бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі. Ол – энергетика, қаржы және мұнайсервис бағыттарында мол тәжірибесі бар маман. Олжас Байділдинов Қазақстан энергетика министрінің бұрынғы кеңесшісі, Энергетика министрлігінің қоғамдық кеңесінің мүшесі және "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры жанындағы Қоғамдық кеңес мүшесі.
Байділдинов еңбек жолын банк секторынан бастап, "Халық банкінде", кейін "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясында, Энергетика министрлігінде және "Алмэкс" холдингтік тобында түрлі жетекші қызметтер атқарды. Кейіннен жеке бизнесті дамытуға бет бұрып, мұнайсервис саласындағы компаниялардың бірі "Almex Polymer" мен "Алмэкс Проект" ұйымдарының бас директоры әрі негізін қалаушысы атанды. Сондай-ақ ол бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі кеңесінің, cенат жанындағы жас сарапшылар клубының мүшесі.
Олжас Байділдинов Оралда туған. Қазір Астанада тұрады. Үйленген, жұбайы Шолпан Бауыржанқызы кәсіби модель, 2025 жылы Үндістанда өткен Mrs Supermodel WorldWide байқауында бас жүлдені иеленген.
"Бағасы Еуропадан 10 есе төмен": Қазақстанға БАӘ, Ұлыбритания, Германиядан шетелдіктер медициналық көмек алуға келеді