Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Неге сонша нақұрыс болдыңдар": Желіде қазақтарды "құлдар" деп қорлаған әйелге шағым түсті

Эльмира КулаковаФото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде Талғар қаласының тұрғыны Эльмира Кулакованың қазақ ұлтына қатысты қорлық сөздер айтқаны көрінетін видеолар тарады. Оның қазақтарды "құлдар" деп атағаны және Қазақстанда руссофобия бар дейтін пікірлері желі қолданушыларының ашуын туғызды. Пайдаланушылар әйелге қатысты құқықтық баға беруді сұрап отыр. Stan.kz аталған мәселе бойынша Алматы облысы Полиция департаментіне сауал жолдады.

Әйел әлеуметтік желіде қазақ ұлтының кейбір өкілдерінің орыс тілінде сұрақтарға қалай жауап беретініне қатысты өз наразылығын білдірді.

"Осы қазақтарға не болған? Неге сонша жаман болдыңдар? Байқайтыным, кей қазақтарға орысша сұрақ қоясың, олар әдейі жауап бермей қояды. Олар "түсінбеймін" деп ойнайды немесе ақымақ секілді кейіп танытады. Неге осындай болдыңдар, неге өздеріңді бұлай ұстайсыңдар? Неге сонша нақұрыс болдыңдар?" – деді әйел видеода.

Желіде таралған келесі бір видеода оның тағы бір ер адаммен диалог құрғаны көрінеді. Онда ер адам Қазақстанда "орыстарға қысым жасайды, тілді шектейді деген өтірік қой" деп жауап берген. Алайда әйел бұл пікірмен мүлде келіспейді.

"Шынымен бе? Балаларым мектеп автобустарында тыныш жүре алмайды. Сеніңше, бұл нағыз руссофобия емес немене?" – деп әйел ер адамға өз өкпесін жеткізеді. 

Алайда балаларына нақты кімнің тіл тигізгенін нақты білмейтінін жеткізді.

"Қазір видеоны қарап, осы жағдайды ұйымдастырған адамды табуға тырысып жатырмын. Осыны ойлап тапқан, бәрін ұйымдастырған ақымақты іздеп жатырмын", – деді Эльмира Кулакова.

Орыс тіліне екінші “мемлекеттік тіл” мәртебесін қайтарудың уақыты келмеді ме?

Сонымен қатар Эльмира Кулакова тағы бір видеосында орыс тілі қазіргі кезде елде іс жүзінде мемлекеттік тіл сияқты қолданылады, ал қазақ тілінің дамуы мен қолданылуы әлі жетілмегенін айтады.

"Табиғи ресурстар ерте ме, кеш пе, бәрібір таусылады. Сол кезде кез келген мемлекеттің өміршеңдігі тек оның индустрияландыру деңгейіне, технологиялық дамуына, әскерінің қуатына, халқының денсаулығы мен санына байланысты болады. Өкінішке қарай, қазақ тілі әлі де толық жетілмеген және едәуір жетілдіруді қажет етеді. Бұл, ең алдымен, сөздік қорды байыту, оқыту әдістемесін жетілдіру, техникалық және медициналық тіл мен терминологияны қалыптастыру, арнайы сөздіктерді жасау мәселелеріне қатысты. Ең бастысы, мектептерге арналған сапалы оқулықтар жазу және осындай еңбектерді әзірлей алатын қазақ тілді ғалымдарды тәрбиелеу қажет. Ағылшын тілі дамыған тіл болғанымен, оны қазақтар орыс тілін меңгерген деңгейге дейін жетік үйрену үшін ондаған жыл қажет. Ал қазақстандықтардың 90%-дан астамы орыс тілін еркін меңгерген", – деді Эльмира Кулакова.

Эльмира Кулакованың айтуынша, қазіргі жағдайда білім беруді көбіне орыс тілінде жүргізу өмірлік қажеттілікке айналып отыр. Себебі орыс тілі ағылшын тілінен кем түспейді, БҰҰ-ның алты халықаралық тілінің бірі және Қазақстан халқының басым бөлігі бұл тілде еркін сөйлейді.

"Орыс тілі – біздің әлемге ашылған тереземіз. Бірақ сонымен қатар балаларды қазақ мектептерінен орыс мектептеріне мәжбүрлеп ауыстыруға болмайды. Бұл әр ата-ананың өз қалауы бойынша шешілуге тиіс мәселе", – деп түйіндеді әйел.

Әйелдің пікірінше, қазір Қазақстанда толыққанды орта, ал тіпті, жоғары білімді қазақ тілінде алу мүмкіндігі шектеулі.

"Шын мәнінде, қазақ тілінде білім беретін көптеген жоғары оқу орындары әзірге тәуелсіз және әділ аккредитациядан өтуге дайын емес. Бұл – ащы шындық. Сондықтан ойланайық, достар. Орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мәртебесін қайтару керек пе? Әлде бәрін үнсіз бақылап, білім беру жүйесімен бірге экономика, медицина, мәдениет салаларының құлдырауын күтеміз бе?" – дейді Эльмира Кулакова.

Эльмира Кулакова бүгінде Қазақстанда кейбір үкіметтік емес ұйымдар мен шетелдік қаржыландыру көздері арқылы орыс тілінен бас тарту идеясы әдейі насихатталып жүргенін айтады.

"Кейбір блогерлер мен қоғам қайраткерлері қазақ тілінің қазіргі деңгейі елдің толыққанды дамуына жеткілікті деп сендіруге тырысады. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды. Өмірдің барлық саласындағы құлдырау соның дәлелі", – дейді ол.

Қазақстанға дамыған орыс тілі қажет, өйткені басқару жүйесінде, экономикада және білімде сапалы орыс тілді мамандардың болуы елдің тұрақтылығы мен дамуы үшін маңызды дейді Кулакова.

"Ресеймен байланыс пен ресми қостілділікті сақтау ғана Қазақстанның деградациясын тоқтатуға көмектеседі", – деп қорытындылады Эльмира Кулакова.

“Іс қозғалуы мүмкін”

Әлеуметтік желіде Эльмира Кулаковаға қатысты пікір білдірген пайдаланушылар оның әрекеттерін айыптады. Кейбірі оны елге, туған жерге опасыз деп бағалап, қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды.

“Әйел өтірік айтып отыр! Адамдар өздері қақтығыс тудырмаса, не автобуста, не кафеде, не басқа жерде мұндай нәрсені ешкім жасамайды. Оның жүзіне қарап-ақ, өзі өте қиын адам екенін көруге болады. Қазақстанда біреуді қысымға алатынына мүлдем сенбеймін. Бұл өтірік!" – деп шағымданды altussssha05.

Психологтар мен кейбір қолданушылар әйелдің жеке наразылығы мен эмоциясына негізделген ақпаратты бұрмалап жеткізгенін және нақты жүйелі дискриминация жоқ екенін айтты.

Сонымен қатар қоғам өкілдері құқық қорғау органдарының бұл жағдайға көңіл бөлмей отырғанына алаңдаушылық білдірді. Бұған қатысты Алматы облысы полиция департаменті жауап берді.

“Осы мәселе бойынша Бас прокуратурадан ресми жауап күтіп отырмыз. Жауап келген жағдайда іс қозғап, қажет рәсімдерді жүргіземіз”, – деп пікір білдірді полиция департаменті.

Бұдан бөлек полиция департаменті тағы қосымша ақпарат беретінін мәлімдеді.

STAN.KZ
Жұма, 10 Қазан, 2025 10:30
Талқылау