Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тірі кезінде алдына барып, алғысымды айтып үлгермедім": Жұлдыз Әбдікәрімова марқұм Төлеубек Аралбайұлын еске алды

Жұлдыз Әбдікәрімова марқұм ұстазы Төлеубек Аралбайды еске алып, жылы естелігін жазды. Актриса марқұм ағасын өзінің өнердегі ұстазы деп біледі. 

“Жақынымды жоғалтқандай күйдемін. Төлеубек Аралбай ағайым келместің кемесіне мініпті. Әлі есімде, студент кезімізде өзгелерден қарағанда менен көп талап ететін. Рөлдерді жақсы сомдап шығуға тырысқан сайын сын айтатын. Мені ағай жек көреді, не істесем де жақпаймын деген ой пайда болып, сағым сына бастағанда шақырып алып: “Менің талап еткенім – сені жек көргендіктен емес, потенциалыңның мол екенін көріп, соны шығарғым келгендіктен. Жарайсың, сынып кеткен жоқсың” деп жұбатып, жігерлендіріп жіберетін”,  – деп жазды актриса. 

Әбдікәрімова ұстазының шәкіртке қатал, өнерге адал жан екенін айтты. Өзінің актерлік қабілетінің қалыптасуына көп еңбек сіңірген тұлға деп бағалады. Көзі тірісінде амандығын сұрап, алғысын айта алмағанына өкініш білдірді. 

“Керек кезде қатал да бола білетін, керек кезінде орнымен ойнап күлдіріп те алатын. Актерлік шеберліктің фундаментін қалап кеткен ағайларымның бірі Байтен Омаров болса, екіншісі – Төлеубек Аралбай ағай.



Бүгін жаңалықтардан қайтыс болғанын естіп, есеңгіреп қалдым. Студент кезде айтқан сөздері күні кеше болғандай, дауысы құлағыма орала берді. Тірі кезінде алдына барып алғысымды айтып та үлгермеген екем. Алла алдыңыздан жарылқасын, ағай”, –деп жазды Жұлдыз ханым. 

Желі қолданушысының бірі актрисаны “жұлдыз” ауруына шалдықты деп айыптады. 

“Жұлдыз” ауруына шалдығып, алғыс айта алмай кеткенсіз ғой. Нағыз қарапайым кісілер – осы ағаларымыз”, – деп жазды оқырманның бірі. 

Жұлдыз ханым сын жазған оқырманына жауап беріп үлгерді.

“Мен “жұлдыз” ауруына шалдыққан жоқпын. Бала-шаға, отбасы деп өнерден алыстап қалдым. Қайта оралғаным жақында ғана”, – деді ол. 

Желі қолданушылары жұбату сөзін айтып, қайырлы болсын десіп жатыр. 

“Мен жақсы көретін актер еді. Әкеме ұқсайтын еді”, “Алла алдынан жарылқасын, иманды болсын”, “Жақсы адам Аллаға да керек дейді ғой. Иманды болсын”, “Алла алдынан жарылқасын”, “Жаным ағайым, керемет жан едің ғой”, – деп жазды желідегілер. 

Айта кетейік, танымал театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Аралбай Төлеубек 70-тен асқан шағында қайтыс болды.

Талқылау