Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жүргізуші жазалануы керек еді": Алматыда автобус апатынан қайтыс болғандардың отбасы сот үкімімен келіспейді

Алматының Наурызбай аудандық сотында адам өліміне әкеп соққан жол-көлік апатына қатысты сот отырысы аяқталды. Судья жолаушы Ахметжановқа 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сот үкімімен автобус астына түсіп, қайтыс болған адамдардың жұбайы мен балалары келіспейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Stan.kzФото: Stan.kz

Алматыда автобус апатынан үш адам қайтыс болған еді. Оның екеуі ерлі-зайыпты – Талап Қасымов пен Гүлжаһан Ырсымбаева. Бұл жұптың артынан төрт бала жетім қалды. Олардың үлкен ұлы Ерасыл Байдалиев сот үкіміне қатысты пікір білдірді. Үйдің тұңғышы апелляцияға берем деп отыр.

“Үкіммен келіспеймін. Аппеляциялық өтініш беремін. Ақылдасайық, сосын бір шешімге келеміз. Ешқандай үкіммен келіспеймін”, – деді Ерасыл Байдалиев.

Жол-көлік апатынан қайтыс болған үшінші тұрғын – Айдос Альменбаев. Оның жұбайы Айнұр Кусаинова жолаушы Дархан Ахметжанов жазықсыз қатаң жазаға тартылып отыр дейді. Ермек Шөкебаева да осындай жаза алуы керек еді деп күйінді. Қазір ана үш қызымен жалғыз қалды

“Не айтайын? Қалай болғаны бәрі айдай анық көрініп тұр ғой. Дәлелдеп әкеп бердік. Солардың жұмысын істеп бердік. Одан басқа не қажет болды? Түсінбедім. Куәгер сұрады, оны да алып келдік. Бәрін көрсеттік. Соңында кінәлі емес болып шықты. Соңында бір адамды ғана жазалады да, біржақты шешім шығарды. Осы дұрыс па енді? Адам жай барып біреуді ұрмайды ғой. Алла жазасын берсін! Мен Ахметжановты қорғамаймын. Еркек адам болып, әйелге қол көтергені дұрыс емес. Бірақ ұрғаны үшін 8 жыл беру – өте қатаң жаза. Еркек болғасын намысына тиіп кеткен шығар деп ойлаймыз. Ал жүргізушіге тіпті бұзақылық үшін деп жаза бермеді ғой. Бәрін алдына әкеп тұрсақ та, бәрі көрініп тұрса да, жүргізушіге еш жаза бермеді”, – деді Айнұр Кусаинова.

Еске салайық, Алматының Наурызбай аудандық сотында жүргізушіні соққыға жыққан сотталушы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. 

"Ахметжановқа ең ауыр жаза тағайындалды, себебі оның кінәсінен үш адам қаза тауып, зардап шеккендер бар. Сот жәбірленушілер Құсайынова мен Байдуалиевтің сотталушы Ахметжановқа қойған талаптарын қанағаттандыру туралы шешім шығарды. Осылайша, сот Құсайыноваға материалдық шығын ретінде 6 миллион 397 мың теңге, сонымен қатар Байдалиевке 10 миллион теңге төлеуге шешім қабылдады. Жүргізуші Ермек Шөкебаеваға қатысты моральдық шығын мен материалдық шығынды тек Ахметжанов өтейтін болды. Оған жәбірленуші тарапқа өз еркімен ақша төлеуге екі ай уақыт берілді. "Егер бұл орындалмаса, өндіріп алу мәжбүрлі түрде жүзеге асырылады", – деп түсіндірді судья.

Жалпы Дархан Ахметжанов жәбірленуші Айнұр Құсайыноваға екі айда материалдық шығын үшін 6 миллион 397 мың, моральдық шығын үшін 5 миллион теңге төлеуге тиіс. Сонымен бірге сотталған азамат жәбірленуші Ерасыл Байдуалиевке моральдық шығын үшін 10 миллион теңге төлейді.

Сот жүргізуші Ермек Шөкебаеваны жәбірленуші деп таныды. Сот Шөкебаева мен "Думан Транс" ЖШС-не қатысты моральдық өтемақы төлеу туралы талапты қанағаттандырудан бас тартты.

Үкім занды күшіне енген жоқ. 

Талқылау