Темір Хан: АҚШ-та жүріп бір сәтке де қазақ екенімді ұмытқан емеспін
Қазақстандық БАҚ бірнеше күннен бері АҚШ-та өмір сүріп жатқан отандасымыз Темір Ханның жазбасы туралы жарыса жазуда. Көпшіліктің сынап, қызығушылық арттыруларына Темір Ханның “Мемлекеттік мекемелер мен ҚазҰУ-ге құртқан ақшам үшін өкінемін” деген сөздері себеп болған-ды. Мәңгүрттеніп кеткенін айтып, арасында жанашырлық танытқандар да болды. Дәл қазір аталған жазба 10 мыңнан астам лүпіл жинап, 3,5 мыңнан астам пікір жазылды. Әлі де жазылып жатыр. Мұнымен қатар, БАҚ пен әлеуметтік желілерде аталған жазбаға жауап ретінде жазылған жазбалар пайда болған. Осыған орай, Темір Хан тағы бір мәрте өзіндік мақсатын түсіндіруге тырысты.
Фото: facebook.com/Timurid1?fref=ts
Бұл туралы Exclusive басылымы хабарлайды.
“Мен бұрын-соңды мұндай жазба жазып көрген емеспін және мұншалықты таралып кетеді деп те күтпедім. Менің оқиғам – кез келген қатардағы азаматтың басынан өтіп жатқан оқиға. Кей адам мен туралы “байдың баласы” деп жаза бастапты.
Бұл АҚШ-та шалқып өмір сүріп жатса, әке-шешесінің ақшасының арқасында жүр деген стереотиптің негізінде қалыптасқан пікірлер. Алайда менің әке-шешемнің асып-тасып бара жатқан байлығы жоқ. Бар болғаны олар өз уақытында менің білім алып, жан-жақты болуыма барын салды.
Мен Қазақстандағы кей адамның маған не себепті ашуланғанын түсіндім. Әлеуметтік желіде Майамидегі өмірдің тек жағымды тұстарын “жарнамаладым”: UFC жекпе-жектерінің фотосы мен видеосы; кабриолеттегі серуен, сұлу сылқымдармен құшақтасу, серфинг, Атлант мұхитындағы шомылу, кальян шегу. Бірақ мұның барлығына қалай қол жеткізгенім туралы бірде-бір рет жазбадым.
Жасөспірімдік шағымда компьютерлік және түнгі клубтарға барудың орнына кітапханадан шықпай ағылшын және француз тілдерін үйрендім. Мектепте жақсы оқыдым, көптеген шараға атсалыстым, әскери жиындарға да қатыстым. ҚазҰУ-ді тәмамдаған соң АҚШ-тан Work and Travel бағдарламасы бойынша жұмыс істеп келдім. Артынша елімізде болмашы тиынға бола мемлекеттік мекемеде жұмыс істедім.
АҚШ-та мен бастапқыда даяшы, такси жүргізушісі, шөп орушы болып жұмыс істедім. Небәрі 120-150 доллар алудан жалығып, экономика саласында білім алуды жөн көрдім. Айтпақшы, мен Қазақстанда диплом алғанымды дәлелдей алдым. Себебі, мен ағылшын тілін бір кісідей-ақ білемін.
Мен жалғыз өзім тұрамын және барлығына өзім үшін өзім төлеймін. Қаржы компаниясында жұмыс істеймін, қолымда грин карта бар. Қалаған уақытымда әлемнің кез келген жерін шарлай аламын. Паспортымды әлі өзгертпедім. Америка барлығына “жылы қабақ” танытатындықтан, мен оны шексіз жақсы көремін. Алайда менің бұл мемлекетті шексіз сүйетіндігім, Отанымды жек көремін деген сөз емес.
Мен өзімнің соңғы жазбама қатысты айтылып жатқан түрлі пікір мен жаңалыққа еш ренжімеймін. Бірақ оны тым асыра сілтеп жібергендеріне өкпем қара қазандай. Бар болғаны Отаныңда жағдайыңды жасай алмасаң, мақсаттарыңа жақындататын жерге баруға кеңес бердім. АҚШ-қа көшіп келуді меңзеген жоқпын. Егер Отанда жүріп жағдайларыңызды жасаған болсаңыздар, мен сіздер үшін шексіз қуаныштымын. Тіпті қызғана қараймын, себебі өзге жігіттер секілді мен туған жерімде жетістікке жете алмадым.
Мен Отанымды жақсы көремін және ол туралы ешуақытта жаман сөз жазған емеспін. Отанды бюрократиямен шатастырмайықшы. Алла көріп тұр, Америкада жүріп қазақтығымнан айырылған емеспін”, – дейді Темір Хан.
Жіберіп алмаңыз:
АҚШ-та әкесі ыстықта көлігінде ұмытып кеткен қызын мұздатқышқа салып құтқармақ болды
АҚШ-та ұшақ әуе кемесіндегі жыныстық әрекеттен соң шұғыл түрде қонды
АҚШ-та 38 жастағы мұғалім 15 жастағы оқушымен жыныстық қатынас жасап келген
Анджелина Джоли мен АҚШ мемлекеттік хатшысы ауызашарға қатысты