Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тауық құрлы көрмеді": Шымкентте құрылыс алаңында көз жұмған азаматтың туыстары әділдік іздейді

Шымкентте көпқабатты құрылыстың алтыншы қабатынан құлаған Дінмұқан Ақылбаев тілге келместен көз жұмды. Отыз сегіз жастағы марқұм кранның тіреуіштерін орнатушы болып жұмыс істепті. Мәйітті көрген марқұмның туыстары Дінмұқанның бір аяғы сынып, кранның ауыр ілгіш темірі басып қалған деп отыр. Ал марқұмның жақындары құрылыс компаниясының басшылығы тарапынан жарылқау емес, сес көрсету байқалады, сондықтан кінәлілер жауапкершіліктен құтылып кете ме деп қорқады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

марқұм

Төрт баласымен жесір қалған 23 жастағы Ақнұр қаралы хабарға әлі де сене алар емес. Күйеуінің құрылыста жүріп алтыншы қабаттан құлағанын естігенде, есеңгіреп қалдым дейді. Дінмұқан Ақылбаев кран тіреуіштерін орнатушы болып жұмыс істеген. Жақындарының айтуынша, ол еңбек еткен мына құрылыс алаңында қауіпсіздік талаптары мүлдем сақталмаған. Қабаттар арасында қорғаныш торы қойылмағандықтан баламыз жазым болды дейді анасы. Жұмысшыларының қауіпсіздігін ойламаған құрылыс компаниясы өздерін кінәлі сезінуі былай тұрсын, басшысының ұлы келіп өктемдік сөздер айтты дейді.

“Жұмысым жоқ, бар баратын жерлеріңе, менің әкеме не істейді? Сол пәтердің ақшасымен жабамыз. Әкемді соттамайды” деп бізді шығарып салды”, – дейді марқұмның анасы Бекзада Сексенбаев

“Тауық өлсе, есік алдында неге өлді, не үшін деп сұраймыз ғой. Сонда менің ағамды тауық құрлы көрмеді ме?” деп мен сол жерде жылап еңірегенде бір бастығы шығып басу айтқан да жоқ”, – дейді марқұмның қарындасы Бақыт Ақылбаева. 

Осыдан кейін құзырлы орындарға шағым дайындауға кірістік дейді туыстары. Құрылыс компаниясының иесі  ұлының артық сөзі үшін де, қайғылы жағдай үшін де кешірім сұрап, мәселені келісіп шешуді ұсынды. 

“Қылмыстық іс қозғалған. Оны ешкім жапқан жоқ. Іс қозғалғаннан кейін қазір тергеу жүріп жатыр. Енді сәл сабыр қылсаңыздар. Мен бірақ айттым: "Арба сынбайтын, ат өлмейтін" қылып шешейік”, – дейді құрылыс компаниясының басшысы Нұрпейіс Анарбеков.

Марқұмның туыстарынан кешірім сұраған құрылыс компаниясының жетекшісі қауіпсіздік шаралары мен басқа да заңсыздық жайлы сөз қозғамайық, оны құзырлы орындарға қалдырайық деді. Марқұмның жары мен жетім қалған төрт баласына бір бөлмелі пәтердің кілтін бірер күнде табыстауға уәде берді. Ал еңбек инспекциясындағылар тергеудің құжаттарын толық алған соң, тексеру жүргізуге мүмкіндік болатынын айтты. Көз жұмған Дінмұқан Ақылбаев келісімшартпен, бұйрықпен жұмыс істесе тексеру тағайындалмақ. Сөз жүзінде жұмысқа тұрса, екі жақты дау тек сот тәртібімен шешілмек.

Дидар Халық
Жұма, 29 Қазан, 2021 07:44
Талқылау