Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 700-ден аса адам тәңіршілдікті дін етуді талап етуде. Қазақтардың ежелгі сенімі дін бола ала ма?

25 мамырда желіде тәңіршілдікті дін ретінде тануды талап ететін петиция жарияланды. Бүгінде бұл петицияға 700-ден аса адам қол қойған. Stan.kz тілшісі ақпарат және мәдениет министрлігінің дін істері комитетінен тәңіршілдікті қалай дін ретінде тіркеуге болатынын сұрап, мамандардан тәңіршілдіктің қазіргі заманғы орны туралы пікірін білді.

Фото: Wikipedia.orgФото: Wikipedia.org

Айта кетейік, "Тәңір елі" республикалық тәңірлік діни бірлестігінің бастамасымен ePetition.kz сайтында тәңіршілдікті дін ретінде тіркеу туралы петиция жарияланды. Оған қол қойғандар 700-ден асты. Бірлестіктің айтуынша, тәңіршілмін деп ашық айтатын азаматтардың саны бірнеше жылда 1 миллионнан асады деген болжам бар.

"Қазақстанның тәңіршілері атынан "Діни қызмет және діни қызмет туралы" заңына сәйкес "Тәңір елі" республикалық тәңірлік діни бірлестігін ресми тіркеуге қатысты біздің бастамамызды қолдауыңызды сұраймыз. Кейінгі жылдары Қазақстанда ерте орта ғасырларда бірқатар көне түрік қағанаттары мен империяларының күшеюі кезінде қалыптасқан тәңірлік наным-сенімдерді ұстанушылар саны артып келеді. Тәңіршілмін деп ашық айтатын азаматтардың саны бірнеше жылда 1 миллионнан асады деген болжам бар", – делінген петицияда.

Қазақстанда тәңіршілдікке қандай да бір статус берілген бе?

Ақпарат және мәдениет министрлігі тәңірлік діни бірлестігін құруға қатысты петициядан хабардар. Министрліктің мәліметінше, діни бірлестік 18 жасқа толған, құрылтай жиналысын (съезін, конференциясын) шақыратын Қазақстан азаматтарының бастамасы бойынша құрылады. Онда діни бірлестікті құру, оның атауы, жарғысы туралы шешімдер қабылданады және оның басшылық органдары ұйымдастырылады.

“Кез келген діни бірлестік мемлекеттiк тіркеу үшін құжат тапсыра алады. Сонымен қатар "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заңның 13-бабының 2-тармағына сәйкес, діни бірлестіктің мынадай белгілері: ортақ діни ілімі; діни жораларды, рәсімдер мен уағыздарды орындау; өз қатысушыларын (мүшелерін) және дін ұстанушыларын дінге тәрбиелеу; қызметінің діни бағыты болуға тиіс. Жалпы аталған заңның 4-тарауында діни бiрлестiктерді құру, мемлекеттік тіркеу, қайта ұйымдастыру, тарату талаптары баяндалған”, – деп жауап берді Ақпарат және мәдениет министрлігі Stan.kz тілшісіне.

Сонымен қатар министрлік “Қазақстанда тәңіршілдікке қандай да бір статус берілген бе?” деген сұрағымызға жауап берді. 

“Қазақстанда жергілікті, өңірлік және республикалық мәртебесі бар діни бірлестіктер құрылуы және әрекет етуі мүмкін. Бүгінде жоғарыда аталған мәртебелері бар тәңірлік діни бірлестігі тіркелмеген. Жалпы кез келген ұйым мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін ғана діни бірлестік мәртебесін ала алатынын атап өтеміз”, – деді ақпарат және мәдениет министрлігі.

Тәңіршілдікті дін ретінде тіркеуге қатысты тарихшы не дейді?

Тарихшы Талғат Омар егер тәңіршілдік елімізге пайдалы болса, неге оны тіркемеске деген пікірде.

"Идеология біздің мемлекетке, қазақылыққа қарсы болса, тіркемеу керек. Егер қазақ мемлекетіне, халқына пайдалы болса, онда тіркеу керек, болды. Егер ол бізге қолайлы болса, неге тіркемейміз? Қазір салафиті бар, басқасы бар, қаптап жүр, олар тіркелді. Олар – біздің санамызды, ұлттық мәдениетімізді жоюшылар, ұлтымыз үшін жау. Тіркеліп алып, тайраңдап жүр. Олардың бәрі қазақтың рухани танымын, ұлттық ерекшеліктерін бұзғаннан кейін халықтың ішінде өзінше бір қорғаныс пайда болды да, халық тәңіршілдікті есіне түсіріп, қолдана бастады. Аталған нәрселерден қорғану үшін ашты. Мұның арғы жағында осындай дүние жатыр. Біздікілер дұрыс істейді. Біздің салтымызды құртатын агрессивті дүниелерді тәңіршілдікпен қорғауға тура келді", – дейді тарихшы.

Талғат Омар тәңіршілдікті отты сөндіру үшін от жаққандай қолдануымыз керек дейді. Сонымен қатар оның жастардың адаспауы үшін қорған болатынын айтты.

"Қазақстанда тәңіршілдіктің рөлі өте маңызды. Бұл – біздің жастарды агрессивті өзгерістерден қорғаудың бір құралы. Жастар ертең теріс діни ағымдардың артынан еріп кетсе, Ауғанстандағы секілді мемлекетке қарсы шығу болса, басқа діни ағымдарды жоя алмаймыз. Кейде өртке қарсы өрт қолданады, ондайды сумен тоқтата алмайсың. Тура сол секілді біз теріс ағымды тоқтату үшін жаза, полиция емес, осы тәңіршілдікті қолдануымызға тура келеді. Ол біздің ішкі қорғанымыз болады. Тәңіршілдік қазақтың ішіндегі дүние, бұл арабтардікі де, орыстардікі де, қытайдікі емес", – деп қосты ол.

Осы ретте тарихшы ислам мен тәңіршілдіктің айырмасы туралы айта кетті. Оның сөзінше, екеуінде түк ұқсастық жоқ.

"Екеуін ұқсастырып жіберген – Ахмет Иасауи. Ахмет Иасауи тәңіршілдің дүниетанымын исламға апарып, селекция жасады. Содан біздің көп ырым-жырымдарымыз тәңіршілдікке негізделген. Оның исламға түк қатысы жоқ. Сондықтан тәңіршілдер "біз исламның ішінен ана арабтың дүниетанымынан таңып алған дүниені ажыратып, өзіміздің сана сезімімізді, өзіміздің тәңіршілдікті тануға апарамыз" деп отыр. Олардікі дұрыс. Тәңіршілдік – агрессивті таным емес, бұл біздің құтқарушы ұғымымыз. Бұдан ойбай тәңіршілдердің кітабы жоқ, анауы жоқ деп, проблема жасаудың қажеті жоқ. Оның бәрі-ақ жазылады, кітап керек десе, оны да жазады. Бұл – өте қажет дүние. Біз мұны қазір қолданбасақ, Ауғанстан, Иран, Ирактың жолына түсеміз, сол бізге керек пе? Мәселе тәңіршілдікте емес, мәселе қазақта", – дейді тарихшы Талғат Омар.

“Олар діни бірлестік ретінде тіркеуді емес, мойындауды қалайды”

Ал дінтанушы Ғайнижамал Наурыз тәңіршілдік петициясын жариялағандардың түпкі ойына тоқталды. Cөзінше, олар дін ретінде тіркеуді емес, мойындауды қалап отыр.

“Жалпы дінге анықтама бергенде біз оны көзқарастар мен ритуалдардың жиынтығы деп ең қарапайым түрде сипаттай аламыз. Сол себепті ең қарапайым анықтамаға тәңіршілдік сыйып тұр. Әлеуметтану тұрғысынан да мұны дін деп қарастыруға болады. Бірақ бұл жерде петицияға қатысты бір мәселе бар. Петицияның түпнұсқасында олар өздерін дін ретінде мойындатқысы келетінін көруге болады. Ол жерде діни бірлестік ретінде тіркеуге, конфессия ретінде қарастыруға сұраныс жатқан жоқ. Олар дін ретінде мойындалуын қалап тұр. Бұл қазіргі тәңіршілдіктің жай-күйін көрсететін бір индикатор деп білемін”, – дейді дінтанушы.

Маманның айтуынша, тәңіршілдікті дін ретінде мойындау немесе мойындамау мемлекет пен қоғамның құзіретіндегі нәрсе емес. Бір ұғымның дін ретінде мойындалуы уақыттың еншісінде.

“Бұл – сол топтардың идеологиялық, прагматикалық базасының көлемінде ғана жатқан мәселе. Ал діни бірлестік ретінде тіркелу мүмкіндігін өзім аз деп бағалайтын едім. Себебі тәңіршілдік Қазақстанда тұтас, біріккен ұғым емес. Біздің тәңіршілер өте көп топтарға бөлінген. Біз оларды ортақ петиция жариялады деcек, тағы қателесуіміз мүмкін. Сондықтан о баста, олар петиция жариялаған кезде осындай кішігірім нюанстарды ескермеген сияқты”, – деп ойын білдірді маман.

Сонымен қатар ол аталған петициядан ешқандай саяси астар байқамайтынын, керісінше асығыс шешімге ұқсататынын айтты.

“Біріншіден, бұл – қоғамда үлкен резонанс тудырып жатқан мәселе емес, өз бетінше өмір сүріп жатқан процесс. Оның астарында белгілі бір саяси күштер тұр деп айтпас едім. Мысалы, cкандинавиялық неопаганизммен салыстырсақ, тәңіршілдік те бір идеология аясында функционалды түрде құрылса, бәлкім ұлттық бірегейлік сияқты мәселелерде біз оның плюстерін көбірек көретін бе едік. Қазіргі тәңіршілдік басқа бір мәселелерден туған, реніші бар адамдардың жиыны, қоғамдағы жайттарға көңілі толмағандардан құралған жамағат сияқты. Мысалы, тура сондай идеясы, миссиясы бар неопаганизм қазір ұлттық игілік деген ұғымға ие. Жаңа атап өткен діннің біріктіру функциясы бөлек топтарда бар. Бірақ жалпы алғанда тәңіршіл топтардың бір-бірінің арасында байланыс, бірігіп әрекет ету процесін көрмейміз. Сондықтан да біз олардың біріккен саяси, діни күшін, әл-ауқатын байқамаймыз”, – деді дінтанушы Ғайнижамал Наурыз.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстандық тарихшы тәңіршілдіктің не екенін түсіндірген еді. Батыржан Сейдомардың айтуынша, тәңіршілдік терминология діни-наным сенімге жатпайды. Бұл сөзді ХХ ғасырда Жан-Поль Ру атты француздық шығыстанушы енгізген екен. Ол ғылыми түрде бұрынғы ата-бабалардың дүниетанымын зерттеп жазған. 

Талқылау