Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұлт болу үшін дін керек емес": Қазақстандық тарихшы тәңіршілдіктің не екенін түсіндірді

Қазақ даласында тәңіршілдік төңірегінде көптеген сауалдар туындап келеді. Бірі оны көшпелі қазақтың дүниетанымы десе, енді бірі діни-наным сенімге жатқызады. Осы орайда тәңіршілдік “дін бе, дүниетаным ба” деген сұрақ туындайды. Stan.kz тілшісі осы сұрақтардың жауабын тарихшыдан сұрап білді. 

Фото: Instagram steppedaddy

Бізде дін халықтың салт-дәстүрі мен мәдениетіне айналып кеткен

Тарихшы Батыржан Сейдомардың айтуынша, тәңіршілдік терминология діни-наным сенімге жатпайды. Бұл сөзді ХХ ғасырда Жан-Поль Ру атты француздық шығыстанушы енгізген екен. Ол ғылыми түрде бұрынғы ата-бабалардың дүниетанымын зерттеп жазған. 

"Тәңіршілдік дін немесе наным-сенім емес. Біз қазақ деген кодпен дүниеге келгенбіз. Тәңіршілдік – түркі, сақ сынды ата-бабамыздан келе жатқан дүниетаным. Сондықтан оған дінге кіргендей келе алмаймыз. Себебі тәңіршілдік ой-пікіріңде және жүрегіңде болуы керек. Мысалы, 18 жасқа толғанда қай партияға мүше болатынымызды таңдаймыз. Сол секілді дінге де әртүрлі аңыздарды естіп кіреміз. Ал тәңіршілдік олай емес", – дейді тарихшы. 

Тарихшы Қазақстанда тәңіршілдікті дінмен теңестерітіндер бар дейді. Алайда ол өзін көпшілік ортада тәңіршіл емес, ”қазақпын” деп таныстырады екен.

"Қазақстанда "заманауи стилде кімсің" деп сұраса "тәңіршілмін" дейді. Ал мен "қазақпын" деп жауап беремін. Дінің не десе "дінім жоқ" деймін. Өйткені мен – нағыз қазақпын. Діндегі кісілерден сұрасаң, "мен мұсылман-қазақпын", "мен христиан-қазақпын", "мен буддист-қазақпын" деп жауап береді. Кейбірі "тәңіршіл қазақпын" деп дінмен теңестіреді. Себебі бұл дүниетанымды түсіне бермейді. Қазақта ұлт болу үшін мәдениет, тіл және дін болу керек дейді. Алайда ұлт болу үшін дін керек емес. Бізде керісінше дін халықтың салт-дәстүрі мен мәдениетіне айналып кеткен. Мысалы, “5 уақыт сәләт” деген бар. Оның мағынасы “күнге бес рет табыну”. Бұл – салт-дәстүр. Құбыланы айналу – бұл күннің биі. Әр халықтың өз биі бар. Бізде де “күн биі” болған. Біз де айналатынбыз. Міне осы мәдениеттің барлығы дінге айналып кеткен”, – дейді Батыржан Сейдомар. 

Рәсімдерді көне замандағы “wi-fi” деп атауға болады

Батыржан Сейдомардың сөзінше, адамның ағзасы жерден алған толқынды сыртқа бөліп, оны ағзаға қайта жіберіп отырады. Сол сәтте адамға ғарыштан қуат түседі. 

“Қуаттың бірі жер астынан алынады. Адамзат энергияны жер астынан алып жүрген заманда от жағу, ағаш құшақтау сынды рәсімдер пайда болған. Адамдар мұны табынушылықпен шатастырады. Алайда ол дұрыс емес. Бұл жерде от пен ағаш өткізгіштер секілді әрекет етеді. От жаққанда және ағашты құшақтағанда жылу жүреді. Өйткені ағаштың түбірі жердің астынан энергия алады. От та жерден көкке көтеріледі. Қазір адамның ойы өзгергендіктен бұл рәсімдерге өзгеріс енді. Мұның бәрін табыну деп түсінеді”, – деді тарихшы.

Батыржан Сейдомардың сөзінше, қазақтың салт-дәстүріндегі рәсімдер – ата-бабадан келе жатқан дүниетаным.

“Мысалы, “Наурыз мерекесі” парсыша, ал қазақта оны “жыл басы” деп атайды. Күз бен көктемде күн тоқырайды. Жаз бен қыста күн мен түн теңеледі. Осы кезеңдерде жасалатын рәсімдерді әруаққа тарту, бабаларға табыну деп атайды. Алайда бұл дұрыс емес. Себебі әруақ – ата-баба мен табиғат энергетикасы деген сөз. “Тәңір” деген – ғалам энергиясы. Бұл Құдай, Алла сияқты құрастырғыш емес. Сондықтан жерден аспан мен гидроның энергиясын аламыз. Ал олармен байланыс жоғалған кезде әруаққа, ата-бабаға тарту ырымдары пайда болды. Мысалы, от жағу. Бұл заманауи сөзбен айтқанда "wi-fi". От жаққанда ғарыш пен жер астындағы энергиямен байланысқа түсесің”, – деді тарихшы. 

Дін мен шетелдік идеология қауіпті

Тарихшы тәңір діні, тәңір ілімі деген ұйымдар көп, алайда олардан төнер қауіп жоқ дейді. Айтуынша, қауіп салафизм мен сопылықтан келеді. 

“Қай дін өкілі немесе уағызшы болсын оларды сыйлаймын. Олардан маған келіп жатқан қауіп жоқ. Мен де оларға зиянымды тигізбеймін. Дегенмен айтарым, уақыты келсе “өз ата-бабаларыңның жолына қайтасыңдар. Әлі де ой-пікірің, санаң ашылып, қазақ екеніңді түсінесің”. Қазір намаз оқисың ба, мешітке барып құлшылық жасайсың ба, шіркеуге барып шоқынасың ба өз қалауың. Әр адамның өз таңдауы. Алайда дін мен шетелдік идеология қауіпті деген пікірден танбаймын. Ал “тәңіршілдік” жақша ішінде “қауіпті”. Біріншіден, тәңіршілдік қазақ екенін көрсетеді. Екіншіден, араб мәдениетін көтермейді. Сондықтан жақша ішінде қауіпті деп айтуға болады”, – деді Батыржан Сейдомар. 

Тарихшының сөзінше, салт-дәстүр, мәдениет, ырым-тыйым тәңіршілдікке, яғни ата-бабамыздың дәстүрлі емес дүниетанымына енеді. 

“Дәстүрлі дүниетаным дәстүрлі ислам сияқты. Ал пұтқа, күнге, белгілі бір затқа табынушылық дінде. Мысалы, иудаистер “қақпаға” бас иеді. Ислам дінінде 5 уақыт намаз оқиды. Мұны пұтқа табыну деп атауға болады. Неге? Өйткені олар құбылаға бас иіп, күнге бес рет табынады. Өкінішке қарай, адамдар мұны құлшылық деп ойлайды. Бірақ бұл –арабтың дінге айналып кеткен салт-дәстүрі”, – деді тарихшы. 

Тарихшының айтуынша, “Тәңір діні”, “Тәңір ілімі” дейтін кісілер нақты өзіміздің дүниетанымымызды түсінуі керек. Әйтпесе кейін бұл да дінге айналып кетуі мүмкін. Дүниетанымның не екенін қазақ нақты түсінгенде болашағымыз жарқын болады дейді.

Талқылау