Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Табыссыз қалған қазақстандықтар МӘМС жүйесінде медициналық көмекті толық көлемде алатын болды

Пандемия кезінде табысынан айырылған қазақстандықтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіндегі қызметтерді толық пайдаланады. Бұл туралы брифингте "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ-ның Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

медицина

Әбілдаев 2020 жылдың 1 қаңтарынан 1 шілдесіне дейін Қазақстанның барлық азаматтары жарнаның аздығына қарамастан сақтандырылған болып саналатын жеңілдік кезеңі болғанын еске салды. Жеңілдік кезеңі төтенше жағдай кезінде халықты қолдау мақсатында, сондай-ақ халықтың жаңа жүйенің барлық артықшылықтарын сезінуі үшін берілді.

Алайда, 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап кейбір пациенттер медициналық мекемелерге жүгінген кезде олардың МӘМС жүйесіндегі қызметтерге қол жетімділігі жоқ екенін анықтады.

"Қазақстандықтардың көпшілігі жеңілдікті кезеңді төлем төлеуден босату ретінде қабылдап, төлем төлеуді тоқтатты. Ал жеңілдікті кезең халықтың осы кезеңде МӘМС жүйесіндегі мәртебесін оңай анықтай алуы үшін арнайы жасалған болатын. Мұндай азаматтар өтіп кеткен айлар үшін қарызын өтеуі керек", - деп түсіндірді Әбілдаев.

Сондай-ақ, ол халық төтенше жағдай кезінде ақысыз еңбек демалысына кетуге мәжбүр болған жалдамалы қызметкерлердің сақтандыру мәртебесінің жоқтығы туралы мәселені бірнеше рет көтергенін атап өтті.

"Кеше Үкімет осындай азаматтарға жеңілдік беру туралы шешім қабылдады. Қор оларға автоматты түрде сақтандыру статусын берді", - деді Тілеухан Әбілдаев.

Азаматтардың қандай санаттары МӘМС жүйесіне қайтарылады:

  • соңғы 3 айда жоқ дегенде бір рет жарна төлеген, берешегі екі айдан аспайтын жалдамалы жұмысшылар,
  • соңғы 3 ай бойы қатарынан төлем жасаған, жарна қарызы екі айдан аспайтын жеке кәсіпкерлер, жеке меншік нотариустар, жеке меншік сот орындаушылары, адвокаттар
  • мемлекет тарапынан сақтандырылған, бірақ 42500 теңге алу үшін бірыңғай жиынтық төлем төлеп, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік статусы бар тұрғындар тізімінен шығып қалғандар.

Тілеухан Әбілдаев жоғарыда аталған тұлғалардың барлық санаттарына 27 тамыздан бастап автоматты түрде сақтандыру мәртебесі берілгенін түсіндірді. Осылайша, пандемия кезінде табысын жоғалтқан адамдар МӘМС жүйесінде медициналық көмекті толық көлемде алады.

Еске сала кетеейік, тұрғындар сақтандыру жүйесіндегі мәртебесін Телеграмм желісіндегі бот (Saqtandyrubot) арқылы, сондай-ақ, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы мен Egov электронды үкімет порталындағы жеке кабинет арқылы анықтай алады.

STAN.KZ
Жұма, 28 Тамыз, 2020 14:19
Талқылау