"Бас тартамыз": Министрлік бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петицияның алдын ала шешімін жариялады
2 тамызда Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуін алып тастау туралы петицияны қоғамдық талқылау басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Отырыстың төрағасы Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаев петиция талабына байланысты шешім жобасын жариялады.
Дегенмен ол бұл айтылған шешім тек жоспар ғана екенін, нақты шешім емес екенін ескертті.
"Мен алдын ала шешімді айтайын деп отырмын. Уақыт белдеуін бұрынғы қалпына қайтару туралы петиция өкілдерінің уәждерін талқылай келіп, ол талапты орындаудан бас тарту жөнінде шешім қабылдауға бекініп отырмыз. Мен бүгінгі жиынның төрағасы ретінде осы 1,5 айда сіздер атқарған бүкіл жұмыстың қорытындысы бойынша өтінім берушілер келтірген уәждердің ешбірін дәлелдейтін фактілер табылмағанын мәлімдеймін. Уақыт белдеуінің өзгеруі азаматтардың денсаулығына да, электр қуатын тұтыну шығындарына да әсер еткен жоқ", — деді вице-министр.
Петицияда уақыт белдеуін өзгерткеннен кейін коммуналдық төлем көбірек шығатыны айтылған.
"Тез қараңғы болып кеткендіктен, тұрғындар жарықты ертерек және көбірек қосуға мәжбүр, бұл, әрине, электр энергиясын тұтынудың артуына, тиісінше, қосымша шығындарға әкеледі", – делінген петицияда.
Қоғамдық талқылау барысында табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Болатбаев сөз сөйледі. Оның айтуынша, талдау уақыт белдеуінің өзгеруі электр энергиясының тарифтеріне әсер етпегенін көрсетті.
Нұрлан Болатбаевтың айтуынша, 2023 жылдың наурызында және 2024 жылдың наурызында тұтынылған электр энергиясында айырмашылық көп емес.
"Бұл үрдіс өткен жылдары да болды... Жыл сайын электр энергиясын тұтыну 2-3% артып келеді", – деді комитет өкілі.
Ол жарықтың тұтыну мөлшерінің артуын елдегі электр энергиясын тұтынушылар санының өсуімен, жаңа тұрғын үй-жайлар мен нысандардың іске қосылуымен байланыстырды.
"Уақыт белдеуінің өзгеруі тарифтердің өсуіне әсер етпейді деп есептейміз. Сондықтан өтінішті қанағаттандырудан бас тарту керек", – деді ол.
Еске салайық, 1 наурызда Қазақстанның барлық аймағы бір уақыт белдеуіне ауысты. Алайда бірыңғай уақыт белдеуіне көшкеннен кейін қазақстандықтар жарыққа көп шығындалатын болды. Наурызда ел тұрғындары ақпан айымен салыстырғанда электр энергиясын 364 млн кВт/сағат артық пайдаланған.
Бұған дейін бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петиция 50 мың қол жинағаны туралы жазған едік.